
БҰҰ Бас Ассамблеясы 1990 жылы бекіткен Халықаралық Қарттар күнін Сыр бойының ардагерлері А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым аман-саумысың» атты салтанатты кешпен атап өтті. Оның негізгі мақсаты аз қамтамасыз етілген, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты қарт кісілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, басқа да қажеттіліктеріне назар аудару болып табылады. Салтанатты кеш барысында тақырыптық бейнефильмдер көрсетіліп, театрландырылған көрініс қойылды.
– Салтанатты шараға қош келдіңіздер! – деді құттықтау сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. – Сіздер кезінде қоғамның дамуы мен еліміздің өсіп-өркендеуіне, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруға белсене атсалыстыңыздар. Сыр бойында ардагерлерге жасалған қамқорлық уақыт өткен сайын ауқымданып, кеңейіп келеді. Мәселен, облыстық ардагерлер кеңесі өткен жылы ғана кең де жарық, материалдық-техникалық жағдайы толық жасалған ғимаратқа көшірілді. Ардагерлердің демалуы мен емделуіне, материалдық жағдайларын көтеруге жыл сайын бюджеттен арнайы қаржы бөлініп келеді. Облыс ардагерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында еліміздің шипажайлары мен демалыс орындарына жолдамалар берілуде. Биылғы жылдың өзінде жолдама саны 1200-ге жеткізілді. Үлкендердің денсаулығын жақсарту мақсатында облыста оңалту орталығының жұмыс істейтіні белгілі. Сонымен қатар, облыстық медицина орталығынан 100, қалалық ауруханадан 50 орындық оңалту бөлімі ашылды.
Республикада алғашқы болып Сыр өңірінде 2010 жылдан бастап соғыс жылдарында тылда кемінде алты ай еңбек еткен тыл ардагерлері коммуналдық төлемақы төлеуден толығымен босатылды. Жеңістің 68 жылдығы қарсаңында осы санаттағы 7565 сырбойылық 357,2 млн. теңге көлемінде әлеуметтік қолдау алды. Аймақта өткен жылдан бері жүріп-тұруы қиын жандарға «әлеуметтік такси» қызметі көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы қайырымдылық акциясы жүргізіліп келеді. Бұл мақсатта бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, көмекке мұқтаж 250 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларына түскі ас мәзірі ұйымдастырылды. Аймақ басшысы кезінде ел байлығын еселеген қарт кісілерге қамқорлықтың толастамайтынын, жақсылықтардың жалғаса беретіндігін атап өтті.
Залға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді.
Мұнан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Қарттар күні қарсаңында Сыр өңірінде екі бірдей ерекше оқиға болғандығын атап өтті. Оның бірі – Сыр бойына Елбасының арнайы келіп, аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға, бағасын бергендігі болса, екіншісі – ардагерлердің республикалық семинар-кеңесінің өтуі. Еліміздің барлық аймағынан келген делегаттар Алаштың анасы атанған Сыр өлкесінің қазіргі заманға сай өсіп-өркендеуіне, ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлық пен көмекке, өздеріне көрсетілген қонақжайлылыққа ризалық білдірді. Кеңес төрағасы аймақ басшысынан алдағы уақытта өңірден ірі сауықтыру орнын ашуға, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тағы бір 8 мың жанның коммуналдық төлемдерден толық босатылуына мүмкіндік жасауын өтінді. Демек, ардагерлерге жасалатын жағдай жалғасын таппақ.
Салтанатты шараның бір ерекшелігі онда облыстық мәдениет саласының қызметкерлерімен қатар, ардагерлердің де өнер көрсетуі болды. Мәселен, кеште ардагерлер Тынымкүл Оразбаева, Ханзада Құнанқараев, Әбутәліп Салманов, Ли Ен Су, Күлшара Ембергенова тамылжыта ән салып, тыңдаушыларының қошеметіне бөленді.
Кешке шақырылған 300 ардагерге облыс басшысының арнайы сыйлығы табыс етілді.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.