
Өңірдегі орта және шағын бизнес саласын дамытуда биыл бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер форумының өткізілуі, оларға қызмет көрсету орталығының ашылуы, облыстық кәсіпкерлік басқармасының құрылуы және облыс әкімі жанында жұмыс жасайтын кеңестің өзі сөзімізге дәлел бола алады. Осының нәтижесінде орта және шағын бизнестің «Жол картасы» қабылданды. Облыстағы осындай игі істерден хабардар еткен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кәсіпкерлермен кездесуінде алдағы уақытта да бұл салаға деген қолдаудың арта түсетінін тілге тиек етті.
Кездесу барысында өңір басшысы облыс кәсіпкерлерін келе жатқан Жаңа жылдарымен құттықтады. Келер жылы салада атқарылуға тиіс істерге де тоқталды.
– Жуырда облыстық мәслихат отырысында біз облыстың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Бұл құжат сіздер үшін де маңызды. Болашақта кәсіпкерліктің қай саласын дамытуға күш салатынымыз туралы бағдарламада кеңінен айтылған. Жұмыс жсопарларыңызда келешекте осыны ескерулеріңіз керек. Өйткені өңір әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша республикада соңғы орында екені рас.
Біз ең кемінде алдыңғы бес аймақтың қатарына кіру үшін жыл сайын ішкі жалпы өнімді 8 пайызға өсіріп отыруымыз керек. Республика бойынша бұл 6 пайызды құрайды. Сонымен қатар өздеріңіздің әріптестеріңіз Абзал Ералиев «Еңбек ері» атағын алды. Бұл да кәсіпкерлікті қолдаудағы көріністі көрсетеді. Биылғы шағын және орта бизнес субъектілері 6,4 пайызға, жұмыс орындары 4,7 пайызға өсті дегенге мен облыс әкімі ретінде бұған көңілім толмайды.
Себебі бізде ішкі жалпы өнімде орта және кіші бизнестің үлесі 25 пайыздан аспайды. Мысалы, өндірісі дамыған Қарағандыда 45 пайыз. Бізде ең кемінде экономикамыздағы жапы өнімнің жартысы орта және шағын бизнестің еншісінде болуы керек. Орын алып жатқан кемшіліктер де барын мойындауымыз керек. Оны сіз бен біз бірлесе отырып түзетпесек, сырттан келіп ешкім жасап бермейді. Елбасы барлық жағдайды жасап отыр. Кәсіпкерліктің дамуына келтіретін кедергілер мен салықтағы жасалып жатқан жеңілдіктер соның айғағы. Орта және шағын бизнестің даму тенденциясы бойынша төмен болғанымен, оның даму үдерісі бойынша елімізде алдыңғы бес облыстың қатарында болсақ, инвестиция тарту, құрылыс салу, салықтық базаны дамыту бойынша республикада алдыңғы орындамыз. Бұл үлкен жетістік. Әсіресе, инфрақұрылым жақсы дамуда. Оны дамытпайынша кәсіпкерліктің алға өрлеуі мүмкін емес, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге Қырымбек Елеуұлы «Қорқыт ата» әуежайын халықаралық статусқа жеткізу бойынша, елді мекендерді алдағы жылы көгілдір отынмен қамтамасыз етудегі атқарылып жатқан жұмыстардан да хабардар етті. Бұл істердің барлығы өңірдің кәсіпкерлік саласының дамуына жасалып жатқан шаралар екенін де алға тартты. Ал кәсіпті енді бастаушылар үшін биыл Үкіметтен 3 млрд. алдағы жылы 4 млрд. теңге қаралып, қаражаты алынғанын да айтты.
Жылды осындай жетістіктермен қорытындылаған кәсіпкерлердің бірқатарын өңір басшысы Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады. Кездесуге арнайы келген ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм комитетінің төрағасы Марат Иғалиев саланың үздіктерін марапаттап, олардың кәсіптеріне береке тіледі.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.