Жаңа құрылыстарға, ғимарат қабырғасына капсулаға салынған аманат хат қалау дәстүрі бұрыннан бар. Мұны «уақыт капсуласы» деп те атайды. Бұл дәстүрдің тамыры тым тереңде – шумерлер дәуірінде жатқанға ұқсайды.
Негізінен болашақ ұрпаққа аманат хат салтанатты жағдайда жолданады. Капсуланы қашан ашылу керектігі, хаттың мазмұны таныстырылады. Кей жағдайларда хаттағы жазбаның мәтіні құпия сақталады.
Адамзат тарихындағы ең атақты уақыт капсуласы 1939 жылы Нью-Йоркте жасалды. Оның салмағы 363 келі тартады, қорғасын, күміс және хромның қосындысынан жасалған. Капсулаға сол дәуірдің жетістіктері – жіп катушкасы, қуыршақ, бухгалтерлік есеп кітабы, тұқымдар, микроскоп сияқты түрлі-түрлі тұрқы шағын заттар, 75 материалдың үлгілері, 15 минуттық кинохроника және микрофильм салынған. Сонымен бірге Альберт Эйнштейн мен Томас Манның аманаттары бар. 1965 жылы оған екінші капсула қосылды. Екеуі де «Flushing Meadows» паркіне 15 метр тереңдікке көмілген. Ең қызығы, капсулалар 5000 жылдан кейін, яғни 6939 жылы ашылуы керек.
Ал 1940 жылы АҚШ-тың Оглторпа универси¬тетінде 4 жылдық дайындықтан соң бүтіндей бір бөлме тот баспайтын болат есікпен бекітіліп, ауасы тартылды. Бұл ой профессор Джейкобске Египетке барып, перғауындар мазарын көрген соң келген. Оны «Өркениет криптасы» деп атайды. Бөлмеде сол дәуірдегі адамзат өркениетіне қызмет еткен мыңдаған зат қойылды. Заттардың арасында ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника мен құрылғылар, киім үлгілері, жазу машинкасы, радиоқабылдағыш, пластик және ағаштан жасалған ойыншықтар, тіс пастасы бар. Капсула-бөлмеде 800-ден астам кітап басылған аудиожазбалар мен фильмдер, Құран, Библия, 640 мың парақтан астам ғылыми зерттеулер сақталған. Сонымен бірге мұнда Сталин, Гитлер, Муссолини және Рузвельттің дауыстары жазылған аудиожазба бар. Естеріңізге сала кетейік, бұл уақытта соғыс басталмаған еді.
Бұл бөлмені 6177 жылдан кейін, яғни 8113 жылы 28 мамырда ашу жоспарланған. Алты мыңжылдықтан кейін бұл туралы ұрпақтардың не ойлайтынын білмейміз. Тіпті табыла ма, табылмай ма ол жағы да бұлыңғыр. Бірақ оны жасақтағандардың еңбегі еш кетпес деген үміт бар.
Осыдан 8 жыл бұрын Испанияның Мадрид қала¬сында Мигель Сервантес ескерткішінің астынан 1834 жылы салынған капсула табылды. Онда жолсілтеуші кітапша мен «Дон Кихоттың» 1819 жылы басылған 4 томы бар екен.
Болашаққа аманат хат қалдыру әлемнің бар¬лық елдерінде кең тараған үрдіс екенін айттық. Әйткенмен бұрынғы Кеңес Одағында 60 жылдары келешекке хат қалдыру жаппай сәнге айналған сыңайлы. Егер сол жылдары ұрпаққа жолданған хаттарды түгендейтін қазымыр тарихшы болса, олардың санынан жаңылысар еді. Ол кезде әрбір екінші мектептің оқушылары болашаққа хат жазып, оны жаңа отырғызылған көшет шұңқырына, жаңа салынған мектептің қабырғасына қалаған. Капсулалардың көбісі әлі күнге дейін ашылмаған, кейбіреулерінің қойылған орны мүлде ұмытылған. «Коммунизм құрылысшыларының» хаттары бір сарынды, көбіне ұрандар мен шақырулардан тұрады.
Кеңес заманындағы пионерлердің басты ла¬гері – «Артек» естеріңізде шығар. «Артектің» 75 жылдығында, яғни 2000 жылы 1960 жылдардағы пионерлердің 2000 жылғы лагерьге келушілерге арналған хаты ашылды. Жолдауға Кеңес елдерінен келген 1200 пионер қол қойған. Ракета пішіндес металл капсула 40 жыл бойы «Артектің» от жағу алаңында сақталып келген. Капсуланы ашуға арналған салтанатты жиында хат оқылды. Хатты 60-жылдар пионерлері «Біз сіздерге қызығамыз, өйткені сіз¬дер коммунизмде өмір сүру¬де¬сіздер» деп бастаған. Сондай-ақ «2000 жылы жер жүзі бейбітшілікте өмір сүреді, адамдар Айға сапар шегеді, «Артектің» өз космодромы болады» деген болжамдары жазылған.
«Құрметті Смоленск қаласының тұрғындары! Бүгін, біздің қаламыздың 1100 жылдық мерейтойында, біз қала тұрғындары коммунистік қоғамда өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр адамдары, сіздерге, яғни жерлестерімізге шын жүректен сәлемімізді жолдап, бауырластық тілегімізді білдіреміз». Бұл – жарты ғасырдан кейін ашылған, 1963 жылы Смоленск қамалына қаланған жолдаудың мәтіні. Әрине, «коммунисттік қоғамда өмір сүріп жатқан жерлес¬терге» бұл хат пәлендей әсер етпеді. Негізінен ұрпаққа аманат хаттардың мазмұны осындай болып келеді және тыңдаушылардың күлкісін келтіреді. Дегенмен, бұл – тарих.
Жалпы осы тектес хаттарды екі түрге жіктеуге болады. Бірінде ешқандай маңызды ақпарат жоқ, жоғарыда айтылғандай, құр ұрандар. Екіншісінде бір тарихи оқиға немесе хат сақталған ғимарат, сол уақыттағы тіршілік ағымы туралы деректер сақталады. Мұн¬дай кап¬су¬лалар ең алдымен дәуірдің тұтас бейнесін жасайтын тарихшыларға пайдалы.
Бүгінде әлемде 5 мыңдай ашылмаған уақыт кап¬суласы бар екен. Әр 10 жылда шамамен 5 капсуланың ашылатын кезі келеді де, олардың орнын жаңасы басады. 1990 жылы құрылған халықаралық қоғам оларды тіркеп, жоғалғандарын іздеумен айналысып келеді.
Кеңес дәуірінде болашаққа жолданған аманат хаттардың көбісінің ашылу мерзімі Қазан төңкерісінің 100 жылдығына, яғни биылға белгіленген. Сондықтан ескі тігінділерді ақтарып, Қызылорда облысы мен қаласындағы аманат хаттар қаланған ғимараттар туралы ақпараттар іздедік. «Ленин жолының», қазіргі «Сыр бойының» 1967 жылғы 31 қазандағы нөмірінде «Әкелер даңқы өшпейді» деген хабар жарияланыпты. Онда: «...Келесі күні, 29 октябрьде қалалық алаңда «Әкелер даңқы» слеті басталды. Слетті облыстық комсомол комитетінің секретары Б.Қарғабаев жолдас ашты. Облыстық партия комитетінің секретары Қ.Жарқынбеков слетке қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі. Бұдан соң, Қызылорда қалалық комсомол комитетінің секретары Ж.Бәкіров, №2 орта мектептің мұғалімі Э.И.Рубцова, Шиелі ауданындағы «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозының күріш звеносының жетекшісі К.Абайділлаева, Бірінші Перовск отрядының бұрынғы партизаны Т.Кенжебаев, Совет Одағының Батыры А.Әлімбетов жолдастар құттықтау сөз сөйледі. Слетке келгендер ұрпақтарға жолдаған салтанатты хатты облыстық Советтің жаңа үйіңнің қабырғасына орналастыруға қатысты. Бұл хат Ұлы Октябрьдің 100 жылдығында – 2017 жылғы 7 ноябрьде ашылатын болады» – делінген. Осыдан жарты ғасыр бұрынғы облыстық советтің жаңа үйі – қазіргі Желтоқсан көшесіндегі ғимарат.
Қызылордадағы облыстық кеңес беру диагнос¬тикалық орталығына қаланған капсула туралы Тұрғанбай Махановтың «Денсаулықтың ақ ордасы» кітабында «...орталық 1992 жылы 4 желтоқсан күні ресми түрде ашылды. Кіреберісте сол жақ қабырғасына «Болашаққа аманат» жазылды» делін¬ген. Соңғы 15-20 жылдың бедерінде жүздеген ғимарат салынып, халық игілігіне берілгені белгілі. Бірақ олардың қабырғаларына болашаққа арналған хат қаланған-қаланбағаны белгісіз.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында еліміз¬дің 16 өңірінің және 9 республикалық әртүрлі жас¬тар ұйымының 25 хаты капсулаға орналастырылып, оны Тәуелсіздіктің 50 жылдық мерейтойында ашуды аманаттады. Капсула Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде сақталады.
Болашақ ұрпақ өзінен алдыңғы буыннан артып тумаса, даму болмайды. Ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқан ғылым мен технологияның жетістігі келесі жүзжылдықтың қажетіне жарамауы кәдік. Бірақ «кім болдық, қайда барамыз?» деген сауал қай кезде де өзектілігін жоғалтпайтын сияқты. Сол кезде капсулалардағы мәліметтер мен хаттардың бір пайдасы тиетін шығар.
М.МЕРЕЙ.