«Ақша – қолдың кірі» дейміз. Әйтсе де, сол «бағалы қағаз» болмаса, тіршілігіміз бітпейді. Бүгінде үй салсаң да, ұлды үйлендіріп, қызды ұзатып, той жасасаң да, тұсау кесіп, сүндет той өткізсең де, несие алатын заман болып тұр. Себебі ақша жүрген жерде, қарыз да қатар айтылатын болды.
Бір ғана мысал. Қарапайым ғана отбасы ұлын үйлендірді делік. Қалың малы бар, кит кигізу, жастар тойын өткізу, құда шақыру секілді салт-дәстүрі жетерлік. Тойға барғанды, той жасап шалқығанды жақсы көретін халықпыз ғой. Сондықтан ешкімнен қалмай, ел қатарлы өткізуге тырысамыз.
Бүгінде қалың мал 200-500 мыңның арасында. Әркім шама-шарқына қарай апарады. Құдалар арасында жүретін алыс-беріс киіттерге байланысты айтатын болсақ, бәсекеге айналып бара жатқан үрдіс бойынша киіт кигізу үшін де шашылып жатады. Тек қана алтын тағу, «құндыз тон» кигізу, одан қалса, үй әперу, көлік мінгізу деген сияқты бір-бірінен асып түсетін жоралғылары да жетерлік. Жастар тойын өткізетін мейрамханалардың бағасы да шарықтап тұр. Сондықтан үйленетін жігіт те, ұзатылатын қыз да тұрмыс деңгейіне қарап, тойды көрпесіне қарай көсіліп жасағаны дұрыс. Себебі соны көрген кейбір жағдайы төмен отбасылар несие алып, қарызға батып, абыржып жатады. Ал, ақша жоқ үйде ұрыс-керіс көбейеді, береке болмайды.
Қазір қарасаңыз, алған ақшасын қайтара алмай күйзеліп жүргендер көп. «Қарыз күліп кіріп, жылап шығады». Біз бұл сөзге көп мән бермейміз. Ең сорақысы сол, қиындықтан құтылудың жолы қарыз немесе несие алу деп білеміз. Несие алудан қорқып жатқан ешкім жоқ. «Бас аман болса, несие төленеді» деп, қарызға белшесінен батып, бір емес, бірнеше несие төлеп отырғандар жетіп артылады. Айтпақшы, несие дегеннен шығады, қазір сауда үйлерінен, тіпті үйге қажетті тұрмыстық техниканы да несиеге алуға болады. Бір адамға бірнеше несие оңай рәсімделе береді. Сондықтан біз өмір сүріп жатқан қоғамда қарызсыз өмір сүру мүмкін емес деп айтуға толық негіз бар.
Көпшілігі қаржыдан қиналғандағы ең дұрыс шешім – несие алу деп ойлайды. Несиемен сол күнгі мәселенің шешілуін ойлағанымен, жылдар бойы қарызды қалай өтейтініне бас қатырмайды. Алғашында несие төлеуге қиналмауы мүмкін. Уақыт өте келе өмір болғасын түрлі жағдайлар орын алады. Сонан кейін төлем төлеуге қиналып, банк тарапынан қысым көрсетілген соң отбасында кикілжіңдер пайда болады.
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері бірін-бірі сүйіп қосылған жастардың дәм-тұзы жарас¬пай айырылысуы жиі кездесуде. Әрине, се¬бептері өте көп. Соның бір себебі десек болады, ұрыс-керіс несиеден, ақшадан пайда болатыны айтпаса да белгілі. Мәселен, бір айлық табысы күнделікті тамағынан, коммуналдық қарыздан артылмағаннан кейін басқа жоспарлар ысырыла береді. Жұбайлардың арасындағы түсініспеушіліктер осыдан кеп үдей түседі.
Заманның талабы болар, қаракөз қыздар бү¬¬гін¬де танысқан жігіттердің зәулім үйіне, ас¬тын¬дағы қымбат көлігіне, тапқан қомақты табысына қарай табысатын болды. Бір қызығы, он жыл бұрын келін түсіретін кезде жігіттер ақылы негізде оқитын қыздардан сақтанатын. Бүгінде мойнында несиесі бар қыздарды алуға алаңдайтын жігіттердің қатары көбейе бастаған. Бұл – бүгінгінің ащы шындығы. Себебі, жастардан бастап зейнеткерлерге дейін несие алуға мәжбүр.
Несиені алғанда қалай қуансаң, қайтарғанда соншалықты қиналатының рас. Бір ай бойы маңдай термен тапқан жалақыңды сол күйімен несие төлеп, қарызыңды өтеу кімге оңай? Ал¬ғашында уақытылы төлеп тұруың мүмкін. Бірақ алда не күтетініне ешкім кепілдік бере алмайды. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, қарыз қайтарылуы керек.
Бүгінде қарыз алып, қайтара алмай жүргендер қаншама?! Статистикалық мәліметтерге сүйен¬сек, Ұлттық Банктің Қызылорда филиалы¬ның мәлім¬деуінше, 2016 жылдың 1 желтоқсанында Қы¬зылорда облысында несиелер бойынша жалпы қарыз 141,5 млрд теңгені, ал мерзімі өткен ¬несие¬лер, яғни 90 күннен бері төленбеген қарыз 8,8 млрд теңгені құрап отыр. Әр отбасында кемі екі-үш несиеден бар десек, өңірдегі банк¬терге қарыз сомаға қарап, бір сәттік қуаныш үшін алынған қаржының қайтарылмай жүргенін көруге болады. Себебі олар несиені той жасап, үй немесе көлік, иә болмаса үйіне жиһаз, не жөндеу жұмыстары үшін алды.
«Қарыз – қайырсыз іс» деген. О баста адамдар қарыз алғанда банктен қашуды ойлаған жоқ. Өз мүмкіндігі мен төлем қабілетін есептей алмады. Тәуекелге бел буып, бір сәттік мәселесін шешу үшін көлемді несие алуға асықты. Бірақ ол проблемадан құтыла алған жоқ. Қайта мойнына қыл арқан түсіп, барған сайын банкке кіріптар бола түсті. Сондықтан лажы болса, несие алу үшін шама-шарқымызды шамалап алғанымыз жөн сияқты. Несие алғанда тегін көрінеді, ал төлеуге келгенде қиын.
Шынар БЕКБАН.