Мемлекет басшысының сарабдал саясаты нәтижесінде еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасырлық мерзім аралығында бұрын дүре тимеген көптеген салалар жанданып, бәрі де халықтың игілігі үшін жұмыс жасауда. Әрине, бұл орайда өндіріс пен ауыл шаруашылығы, орта және шағын кәсіпкерлік пен жеке қожалықтардың өз ыңғайына қарай, сұранысқа ие қызметтерін алғашқы кезекте тілге тиек еткенімізбен, жамағаттың жете мән беретіні – әлеуметтік саланың жағдайы. Осыған баса көңіл аударылғандығын айтуға тиіспіз. Міне, осы бағытта облыстық ішкі саясат басқармасы шеткі аймақтарға пресс-тур ұйымдастырып, жарқын істердің орындалу барысын көпшілікке жеткізуді мақсат етіп қойды.
Аптаның жұма күнгі осы сапарында журналистер қауымы Шиелі ауданын аралап, біршама кәсіпкерлердің іс-қимылына қанықты. Әуелі аудан орталығының түстік беткейінде орын тепкен «Бек-Арыс» кешенді қызмет көрсету орталығының қызметіне ат басы бұрылды. Кент тұрғыны Әріпжан Ботбаевтың иелігіндегі аталған орын соңғы 5-6 жыл бедерінде қатарға қосылған еді. Мұнда, алғашында көліктерге техникалық күтім жасайтын қызмет орнымен қатар автокөлік жуу орны іргетасын қаласа, бертінде оған жолаушылардың жол бойында демалып, сапарын әрі қарай жалғастыруына ыңғайлы қонақ үйі салынды. Міне, ел тәуелсіздігінің қарсаңында кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныға бастаған жас жігіт жаңа типті супермаркетті іске қосты. Өз бизнесін кеңейту мақсатында ол «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына сай жеңілдетілген 13 млн теңге несие алып, кәдесіне жаратты. Осының нәтижесінде 5 жаңа жұмыс орны іске қосылды.
– Намысқа тырысып жатырмыз, бас¬тысы, қызметіміз халық көңілінен шықса дейміз. Жұрт алғыс айтып жатады, сол арқылы күш алып, жұмысымыздың көлемін көбейтіп келеміз, – дейді сөзден гөрі іске бейім жігіт ағасы.
Жоғарыда айтылған «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағ¬дарламасының қадірін жете түсініп, игілігін көріп жүрген талапкер жанның бірі – аудан орталығының тұрғыны Тұрдықал Баймағанбетова. Кеңестік кезден қызметке араласып, есеп-қисаптың жайына қанық тәжірибелі жан нарықтық қатынастың да талаптарын терең меңгеріп, жылдан жылға өз кәсібін дөңгелентіп алып барады. Оның қатарға қосып, қызметін шиеліліктер пайдаланып отырған соңғы әлеуметтік нысаны – «Нұрай» салтанат сарайы. Сөз арасында айта кетелік, күннен күнге көріктеніп келе жатқан Шиеліде 14 жаңа типті мейрамхана халыққа қызмет жасайды. Соның ішінде «Нұрай» мейрамханасының жөні бөлек. Өйткені, мұндағы ғимарат та әсем, қызметі де сапалы, үйленген жастар автокөлікпен залдың ортасына кіріп келе беретіні де бар. Осындай қызықтары тарта ма, қайдам, әйтеуір, апта бойы бұл жерден қонақ бір үзілмейді. «Даму» қорының қолдауымен 10 млн теңге алған кәсіпкер 450 орындық мейрамханаға көздің жауын алатын түрлі жабдықтарды толтырып тастаған. Отағасы Қуаныш та осы жерден анда-санда бой көрсетсе, ұлдары Қайрат пен Марат, келіні Айтолқын салтанатты шаралардың өз дәрежесінде өтуіне барынша адал қызмет жасап келеді. Мұнда олардан өзге 15 адам жұмыспен қамтылып, бейнеттерімен нәпақа тауып жүр.
Ал, «Береке» бизнес орталығы жаңадан бой көтерген осы аттас шағын ауданда өз жұмысын бастады. Айдәулет Бекшебаев есімді жас жігіт салауатты өмір салтын жүзеге асыру ниетінде жаттығу залын іске қосты. Денесін шынықтырып, спортпен шұғылданғысы келетін талапкерлер осы жерге келіп, машықтана бастағалы да біразболды. Жоғарыдағы игілікті бағдарламаға сай мұнда 2,1 млн теңге тартылып, түрлі жабдық алынды. Кіру бағасы да көпшіліктің қалтасы көтеретіндей шамада белгіленген көрінеді.
Пресс-турға қаты¬сушы журналистер осы сапар соңында Иіркөл ауылдық округіндегі «Гүлсезім» атты балалар бақшасының жаңа ғимаратын тамашалап, жұмысымен танысты. Мұны облысқа белгілі музыкант-ұстаз Дана Нұрмышева қарындасымыз ашқан еді. Алыстан көз тартатын сәулетті ғимаратта нақты кезеңде 50 бала тәрбиленсе, жиырмаға таяу адам қызмет жасайды. Ауыл ата-аналары бүлдіршіндерін алысқа ұзамай-ақ, осындағы сенімді қолға тапсырып, еркін өз жұмыстарымен шұғылдана беретін болды. Міне, бұл да, ««Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты. Осы қаржының көмегімен актзалы мен балалар ойнайтын бөлмелер қосылып, жатын бөлмелері ұлғайтылса, мекеме шағын автобусқа да ие болды.
Міне, кәсіп жасаймын деген кісіге Үкімет өз тарапынан жеңілдіктер жасап, қамқорлық танытып келеді. Оны жүзеге асыру үшін, әрине, талаптанған жанға тәуекелге барумен қатар, ерінбейтін жанкештілік қажет.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі кенті.
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай