«Жедел жәрдем» жолға шықты

«Жедел жәрдем» жолға шықтыӨмір болған соң басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда ең алдымен «жедел жәрдем» қызметіне жүгінетініміз белгілі. Осыдан болар, тұрғындар тарапынан медицинаның осы бір қызметіне сын айтушылар көп-ақ. «Шақыртуымызға сағат¬тап кешікті не дұрыс қызмет көрсетпеді» деушілер қара-сының басым түсуі бұл сөзімізге дәлел. Былайша күндерде толастамайтын шақыртулар мереке күндері, сонымен бірге түрлі аурулардың эпидмаусымында тіпті үдей түсетіні анық. Тұрғындар тарапынан айтылатын сынның, көңіл толмаушылықтардың қан¬ша¬лықты орынды екенін әрі медициналық қызметтің осы түрінің ахуалын білу мақсатында облыстық медициналық жедел жәрдем станциясына барып, жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге кезекшілікте болдық. Алдын ала ескерткенімізбен, мекеме басшысы не орынбасарымен кездесіп, сөйлесудің сәті түспеді. Бізді қарсы алған оперативті бөлім меңгерушісінің міндетін атқа¬рушы Вера Жеңсікбаева басшылықтың белгілі себептермен бізбен кездесе алмайтынын айтты.
Айта кетейік, жақында ғана жедел жәрдем қызметі облыстық мәртебеге ие болғаны белгілі. Ондағы мақсат – облыс тұрғындары мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жолау¬шыларға дер кезінде шұғыл көмек көрсетуді жақсарту. Облыстық статусқа ие болған қызмет жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Бүгінде рет-ретімен көшірілуде. Жаңа ғимаратта операторлар «Көмек – 103» бағдарламасына қосылған. Яғни, тұрғындар қоңыраулары сол арқылы қабылданатын болады. Ал әзірге «Қазақтелеком» арқылы операторлар ескі ғимаратта жұмыс істеуде.
Операторлар бөлмесі абыр-сабыр, телефондарға дамыл жоқ, бір-бірімен жарыса безілдеуде. Операторлар осы қоңырауларды қабылдаған соң, диспетчер арқылы бригадаларға тапсырыс беріледі.
Оперативті бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Вера Жеңсікбаева жедел жәрдем жұмысының тәулік бойы тынымсыз жүретінін, кез келген қоңырау шалушы тұрғын бірінші кезекте өзін қарауды қалайтынын айтады.
– Бізде шақыртулар алты санатқа бөлінеді. Алғашқы кезекте үш санат бойынша шұғыл көмек көрсетеміз. Оның біріншісі, бақытсыз жағдайларда, жарақаттарда және улануларда, екін¬шісі, созылмалы аурулардың асқыну жағдайларында науқас өміріне қауіпті ауру-сырқаушылықта, ал үшіншісі, әйелдердің босануларында және жүктілік ағымындағы асқынуларда. Алайда, тұрғындар көп жағдайда мұны түсіне бермейді. Соңғы кезде ауа райы қолайсыздығынан болу керек, жедел респераторлы вирусты инфекциясы кең тарауда және қан қысымының көтерілуі көп. Осыған байланысты шақыртулар да көбейіп отыр. Негізі суық тиюде, ыстығы көтерілгенде күндізгі уақытта әр адам өз емханаларына қаралуы тиіс. Бірақ, тұрғындар үшін емханаға барып кезек күтіп, қағаз толтырып уақыт жоғалтқаннан үйінде жатып жедел жәрдемді шақыртқан оңай. Осының салдарынан қызметкерлеріміздің жұмыс жүктемесі айтарлықтай артып отыр,– дейді Вера Мырқықызы.
Мәселен, 2015 жылдың желтоқсанында 11000 шақырту түссе, 2016 жылдың есепті мерзімінде шақыртулар саны 4000-ға көбейген. Мысалы, үстіміздегі жылдың 8 қаңтарында бір тәулікте 710 шақырту түскен, оның 272-сі ЖРВИ, яғни, жедел респераторлы вирусты инфекциясы. Мамандардың айтуынша, бұрын қарбалас сәт кешкі 20.00-ден 24.00-ге дейін болса, қазіргі кезде кешкі 17.00-ден таңғы 3-4-ке дейін созылады екен.
Әсіресе, жас аналар баласының дене қызуы көтерілгенін айтып шақыртса, қан қысымы көтерілгендер, сонымен бірге мас¬күнемдікпен де жиі қоңыраулар түседі екен.
– Кейде жұмыс барысында жағдай тіпті қиындап кетеді,– дейді Вера Мырқықызы. – Бір адам 5 реттен 11  ретке дейін қоңырау шалады. Неше түрлі бейәдеп сөздер айтып, ұрысады. Қанша түсіндірсек те түсінбейтіндер бар. Жұрт ойлайды жедел жәрдем машиналарының бәрі станцияда тұрады, тек шақырту түскенде ғана қозғалады деп. Жоқ, олай емес, көріп тұрғандарыңыздай, станцияда ешқандай көлік тұрмайды, біздің машиналардың барлығы көшеде жүреді. Себебі, шақырту көп, бірінен шығып біріне барады. Тіпті бір кесе шай ішіп шығуға мүмкіндіктері жоқ.  Тек ауысым өзгеретін уақытта ғана келеді. Кейбір кісілер қоңырауға жауап бермейсіңдер деп ренжиді. Жаңағыдай жағдайда, яғни, бір кісі бес-алты рет қоңырау шалып, ұрысып жатқанда түсіндіреміз деп уақытты жоғалтып жатамыз әрі телефонның бәрі бос болмағанда қоңырау басқа нүктеге түсіп кетеді, сонан келіп бізге телефон тұтқасын көтермейсіңдер деп ренжиді. Біздің қызметкерлер тәуліктің 15 сағатында үздіксіз жұмыс істейді.
Сондай-ақ, сала мамандары соңғы кезде тұрғындардың болмашы нәрсеге бола, мысалы, шиқан шықса да, саусағын кесіп алса, тіпті «ит, мысығым ауырып қалды» деп те жедел жәрдем шақыратындардың бар екенін айтады.
Шақыртуларға уақытылы жете алмауына жолдардың нашар¬лығы да себепші болуда. Атап айтқанда, «Әл-Фараби» аумағына, қаланың шет аймағындағы «Наурыз» және «Махамбетов» ауылдарына жауын-шашынды кезде бару тіпті қиынға соғады екен.
– Жедел жәрдем машиналарының барлығына GPS орнатылған. Сол арқылы қай көліктің қай жерде жүргенін, қанша уақыт аялдағанын, жалпы, бригадалардың жүрген-тұрғанын бақылап отырамыз. Сондықтан аса бір кешігулерге жол берілмейді,– дейді Вера Жеңсікбаева.
Кешкі 17.00. Жедел жәрдем көліктері бір-бірлеп станцияға келе бастады. Түнгі аусымға шығатындар екен. Бір-біріне аусымдарын өткізеді. Түстен кейін 15.00-де барған біздің Вера Жеңсікбаевамен сұхбатымыз бітер емес. Шақыртуларға бару үшін аусымның өзгеруін күтіп отырмыз. Себебі, жоғарыда айтылғандай, станцияда бірде-бір бригада жоқ. Сұхбатымызды кезекті теле¬фон қоңырауы үзді. Қолының ауыруына шағымданған әйел кісіден шақырту түсті. Диспетчер №16 бригаданың шақыртуға шығатынын хабарлады. Біз де ере кеттік. Бригаданың тәжірибелі дәрігері Гүлзада Қошқарбаева мен фельдшері Зәуре Нұршабаева бар, айтылған мекенжайға бет алдық. Жүргізуші – Ерлан Әмзе. Дәрігер мен жүргізушінің жанына жайғасқан мен оларды сөзге тарта бастадым.
Гүлзада Пірзадақызының жедел жәрдем қызметіндегі жұмыс өтілі 29 жыл екен. Жоғары санатты дәрігер осы жылдар ішінде талай оқиғалардың куәсі болғанын айтты.
– Біздің жұмысымыздың қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді. Міне, жаңа  17.00-де  түнгі кезекшілікке түстім, осыдан таңғы 8.00-ге дейін жұмыс істейміз. Адамдармен жұмыс істеген соң талай қызықты жайттарға да, қиындықтарға да тап болып жатамыз. Қанша адам болса, сонша мінез бар. Шақыртуға барғанда бірі сұрақтарымызға ыждағатпен жауап беріп жатса, енді бірі қитығып, «сендер дәрігер емессіңдер ме, менен неге сұрайсыңдар, өздерің білулерің керек» деп қалай ауырып жатқанын да айтпай қояды. Ондай да барынша жұмсақтық танытып, сөзге тартуға тырысамыз. Түрлі жарақаттармен шақырулар болады, толғатып жатқан әйелдер бар. Қазір қала үлкейген, үйлер көп.  Көбіне үйлердің нөмірлері, мекен жайы дұрыс емес.  Бұл да бізге біршама қиындық туғызады. Сонымен бірге шақыртуларға барған кезде ит қуып, итке таланатын кездер де болады. Кейде әйелдерді үйінде босандырып алатын жағдайлар да кездеседі. Менің өз тәжірибемде бар. Өткен жылы бір шақыртуға бардым. Махамбетов ауылында. Ол кезде Тасбөгеттегі станцияда болатынмын.  Әйел толғатып жатыр екен. Қарасам бала келіп тұр. Екінші баласы екен, толғақты пісіріп барам деп жүре берсе керек. Сонан тасымалдай алмайтынымызды білдім. Амал жоқ, босандыруға тура келді. Аман-есен босанған соң ауруханаға алып келдік, – дейді Гүлзада Қошқарбаева.
Қаланың түкпір-түкпірін жүргізуші Ерлан Әмзеден артық білетін адам жоқ шығар.  Жедел жәрдемде еңбек еткен сегіз жыл ішінде облыс орталығында бармаған қуысы қалмағанын, көше¬лердің ой-шұңқырын жатқа біліп алғанын айтты. Бұл жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің барлығына тән «қасиет». Күн демей, түн демей қаланы бірнеше мәрте айналатын мамандар көшелердің қыр-сырына әбден қанық.
Сонан көрсетілген мекенжайға да келіп жеттік. 61 жастағы әйел қолының ауырғанын айтты. Қызының айтуынша, анасы Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында тұрады. Сол жақта 5 қаңтар күні тайып құлап, қолын ауыртып алған. Бірақ  дәрігерге қарал¬маған. Қолы қатты ауырып, шыдатпаған соң балалары қалаға әкелген, сонан жедел жәрдем шақыртқан.
Дәрігерлер науқастың қан қысымын өлшеп, ауырғанды басатын дәрі екті, қолына құрсау салып, қалалық травматологиялық бөлімге алып келді.
Облыстық статусқа ие болған жедел жәрдем қызметінің ауқымы да кеңеймекші. Санитарлық авиация қызметі қосылды, трасса бойындағы апаттарға да жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Мұндағы қызметкерлер саны 1000-нан асады. Жедел қызмет көрсететін бригадалар саны артуда. Алайда, қала бойынша 28 бригада жұмыс істеуде. Облыс орталығында 370-мыңға жуық тұрғын тұратын болса, бригадалардың бұл саны аздық ететіні айдан анық. Бұдан мамандардың еселенген жүктемемен жұмыс жасай беретіні, шақыртуларға үлгермеу, есесіне, тұрғындардың «шақыртуымызға кешікті» деген арыз-шағымдарының кемімейтіні белгілі. Алайда, басшылар тарапынан қосымша бригадалардың жасақталуы сұралып жатқанын, жақын уақытта бұл мәселе шешімін табуы мүмкін екенін білдік.

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қаңтар 2017 г. 2 795 0