Жол жиегі, зуылдап жатқан автокөліктер. Бәрі де асығыс, зымырап, жарысып жүр. Тек жылдамдықты өз шегінен асырмай келе жатқан бір көлік көрінді. Зымырамайтын көлік емес. Анау-мынау машиналарды шаң қаптыратын кәдуілгі «Джип». Қазіргі кезде мұндай көліктің көп кездесетіндігінен бе, әйтеуір ерекше назар сала бермейміз. Тізгінде ер немесе кәсіпкер әйелдер, қыздар отырса да таң¬қалмайтын болдық. Алайда, рульде әжей отырғанда таңғала қарадық. Шынымен, көлік тізгінін зейнеткер әйел басқарып келеді. Ол Сәкен Сейфуллин елді мекені тұрғындарына таныс Ермеккүл әжей.
Аталған ауылға келін болып түскен Ермек¬күл Сағындықова көршілес Қалжан ахун ауылы¬ның тумасы. Ол өткен ғасырдың нақ ортасында дүние есігін ашқан. Әкесі Сағындық Көлдеев қой бақса, анасы Сәуле сауыншы болған. Отбасында жеті ағайынды еді. Мектеп бітірісімен сәкендік Қобыланды Есмағамбетовке тұрмысқа шықты. Жастайынан жұмысқа ширақ Е.Сағындықова сол кезден совхоз жұмысына да етене араласқан. Үйде қарап отырмай, ер адамдармен қатарласа жүріп күріш егеді. Таң атысымен совхозда «Газ-53» көлігін жүргізетін жолдасы екеуі бірге жұмысқа шығып, жас отбасы еңбекпен есейеді. Әжей он жыл Сыр дақылын егіп, мол өнім алудың қыр-сырын меңгереді. Әр жылдары 60-70 центнерден өнім алып, қамбаны астыққа толтырады. Бұл Ермеккүл апайдың Сәкенге келін боп түскен он жыл ішіндегі еңбек өтілі. Бұдан кейін оның жұмысы сауда-саттық, жүргізушілікпен тығыз байланысты.
– Ол кезеңдерде малшы ауылдары көп бола¬тын. Аралары 2-3 шақырымнан басталып, 15-20 шақырымды қамтиды. Осы жерден Қаракөл асып Қарақұм, Мойынқұмға дейін 25 шопан үйі бар. Солардың барлығын аралап, азық-түлік, керек-жарақтарын жеткізіп беру үшін автодүкен жүргізу жолдасыма жүктелді. Ер адам болған соң сауда-саттық, есеп-қисапқа шорқақ келеді. Сол үшін арасында бірге барып-келіп жүрдім. Саудасын жасаймын, көлікті те жүргіземін, – деді жетпіс алтыны бағындырған әже. Жолдасымен бірге еріп жүріп, техниканың тілін меңгерген ол 1980 жылдан бастап малшылар ауылына қажетті заттарды өзі таситын болған. Автодүкен жүргізуге жүргізуші куәлігін алыпты. Арнайы бөлінген азық-түліктерді жалғыз өзі үлестіріп, тиісті соманы өткізіп отырған.
Кеңшардың төрт бригадасында да авто¬дү¬кендер. Бірінші бригадаға керекті заттарды Сәдуақас жеткізіп тұрса, екінші бригаданың автодүкен шопыры Керуенбай. Ал жүргізуші әйел Ермеккүл үшінші бригаданың шопан¬дары¬на зат тасыды. Қойшы ауылдар көбіне Е.Сағындықованың келгенін қалайтын көрінеді. Тіптен, таласады екен.
– Бәрі менің зат тасығанымды қалайды. Өйткені, әйел адам болған соң азық-түлік, киім-кешекпен қоса шұлық, ине-жіп, түйреуіш секілді көптеген майда-шүйде заттарды апарамын. Үйге қажет дегеннің бәрін жеткіземін. Ал ер адамдар ондайға бас қатырмайды ғой. Сондықтан қойшы ауылдың тұрғындары «Біз жақты да бір аралап өтші» деп жиі өтініш айтатын. Автодүкенді қан¬ша толтырып алғаныммен, өз бригадамды бір аралап өткенде бәрін түсіріп алып қалады, — дейді өткен күннің қызығын жеткізген Ермеккүл әже.
Автодүкен жүргізушісі 1980 жылдан 1996 жылға дейін малшы ауылдарды аралап, осы істің маманы болған. Көлікті зуылдатып жүргізеді. Осы он алты жылдың ішінде ол үш автодүкен көлігін тізгіндеген. Су жаңа көлік келсе, «әйел адам ғой» деп Ермеккүлді мінгізеді екен. Соның арқасында еңбегімен еленген жан «Автодүкенші Ермеккүл» атанып кеткен.
1996 жылы ол С.Сейфуллин ауылындағы орталық дүкенде саудамен айналысады. Киім-кешек, көрпе-төсек сатып, зейнетке шыққанша еңбектің нанын жейді. Апамыз отағасы екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан 10 немере, 4 шөбере сүйіп отыр.
Зейнетке шыққаннан кейін еңбекке бейім¬деліп қалған жан қарап отырсын ба?! Түйе, жылқы бағып, пайдасын көруде. Әрі «елге болсын» – деген ниетімен қымыз-саумалын, шұбат-қымыраның «Джипке» тиеп, қалаға тасып, күнделікті тіршілігін тындырып жүр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.