Бір кездері қазақ зиялыларының ордасы, еліміздің астанасы болған Қызылорда қаласы соңғы жылдары қарқынды дамуда. Жаңарған, жасарған шаһардың көрікті жерлерін аралалап, Сырдың бойын жағалап, шаһар сырымен бөліссең, Сырдың бас қаласы сенің сырыңды ұғар сырласың, жаныңа медеу жолдасың да бола алатындай...
Кешегі Жаңа жыл мерекесінде алыс-жақыннан келген қонақтармен бірге шаһардың көрікті жерлерін аралап, әсемдігі көз тартар демалыс орындардың сән-салтанатын тамашаладық. Әсіресе, дәл қазіргі қыс мезгілінде түнгі қалада түрлі-түсті жарық шамдары аппақ қармен үйлесіп, көше бойына орнатылған шыршалар әсем қаланың ажарын одан әрі әрлей түскендей. Облыс орталығына келген әрбір қонақ Ақмешіттің жаңарған келбетін сөзбен суреттеп жататындығы белгілі. «Сырт көз – сыншы» дегендей, күн санап көріктенген шаһардың келбеті кімді болса да тамсандырары анық.
Шырайлы шаһарда сәулеті келіскен биік ғимараттар мен Абай, Жібек жолы, Астана даңғылдарының бойындағы ұлттық нақышта безендірілген мүсіндер мен демалыс орындары сонау жерден көзге түседі. Ол жерден қыз қуу, бәйге, аударыспақ ойындарын бейнелеген ұлттық құндылықтар мен жол етегінен көкпар ойыны кейіпінде безендірілген шағын формадағы мүсіндер де кездестіресіз. Ал, "Жайна” базары мен «Болашақ» университеті маңындағы жаңа үлгіде салынған аспалы көпірлер де қаланың ажарын одан әрі әрлендіре түскені анық.
Соңғы уақытта қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғырды. Демалыс алаңдары, сансыз ғажап гүлдер аллеясы, «Сарқырама» арнасы, тынығу жағажайлары, сәулетті үйлер, түрлі-түсті жарық шамдары мен көше бойында тізілген тал ағаштары қаланың көркін асқақтатып-ақ тұр. Көрікті жерлердің тағы бірі – "Жібек жолы” даңғылының бойы. Онда ою-өрнектермен безендірілген қазақтың қара домбырасы, қошқар мүйіз мүсіндерін кездестіресіз. Қасиетті қара шаңырақтың бейнесі де жол жиегінде орналасқан. Мұның бәрі – қазақы құндылықтарымыздың айқын көрінісі. Гүлге толы шәйнек, кесе де қазақы дастарқанлы айшықтағандап тұрғандай. Бір сөзбен айтқанда, көз алдыңда көркейген, сәні мен салтанаты жарасқан шырайлы шаһардың келбеті тынысыңды аша түсетіндей сезіледі.
Гүлнар Тәжібаева,
қала қонағы:
– Қалаға соңғы төрт жылдан бері келуім. Аз ғана уақытта адам танымастай өзгерген шаһардың көркі көздің жауын алады. Зәулім ғимараттар, мүсіндер, демалыс орындарының барлығы қала ажарымен үйлесіп тұр.
Шаһарда мемлекеттік «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, ойын-сауық және бизнес орталықтардың қатары артып келеді. Биылдан бастап Сырдарияның сол жағалауын игеру жұмысы басталады. Онда 11 тұрғын үй ауданы, 1 индустриалдық аймақ, 3 ірі парк салынады деп күтілуде. Осылайша қала аумағы жағынан да әр жылды артқа тастап, керегесін кеңейтіп келеді.
Қала қонақтарын Сыр елінің бас қаласы Қызылорданың көркі тамсандырмай қоймады. Күн санап құлпырған шаһардың шырайлы келбетіне қарап, осы өңірде өмірге келгеніңді мақтан етесің...
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
фото авторы: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ