Елбасы армандаған Арал

Елбасы армандаған АралТаң қылаң бере сыртқа шыққан Сейілбек қарт майдалап қана жауып тұрған жаңбыр тамшыларынан ұйқысы шайдай ашылғандай болды. Жердің лайсаңынан селт етпеген қарт балықшы «е-е, жауса жауа берсін, жердің көгергені малға жақсы ғой», деп ойлады. Жұрт та қызық осы, жаңбыр жауса болды, «жер тым жақсы құрғап қалғанда тағы да бәле болды ғой» дейді. Бәрі де теңіздің қайта оралғанының арқасы ғой. Әйтпесе, сонау 90-жылдарды елестетіп көрші. Жерге бір тамшы да тамбай, құмды дауыл күндіз-түні бұрқырап жататын.
Таңғы ауада ықтасын жерден орын тапқан Сейілбек қарт өмір жолын бір елестетіп өткендей болды.
…Иә, өмір бойы ұрпақтан ұр­па­қ­қа жетіп, балықшы ескегін қолдарына ұстаған теңіз жа­ға­сындағы елді мекен тұрғындары теңіз тартылған соң тоқырап қалғандай еді. Сыр бойындағы Қаратерең, Қарашалаң, Бөген және теңіз жағасындағы Жамбыл, Ақеспе елді мекендерінде жаппай көшу басталды. Сол кездері ғой кішкентайынан бірге өсіп, теңіздің асау толқынымен бірге алысып балық аулаған досы Бисенбай марқұмның таң азанмен жетіп келіп, айтар сөзін айта алмай, босағада кібіртіктеп тұрғаны.
– Сейілбек, – дейді дауысы қарлығыңқы шығып.
– Е, не болды, Асылкүл қуып жіберді ме азанмен?
– Көшетін болдым…
Селк ете қалды. Біреу үстіне мұздай су құйып жібергендей қал­тыраған Сейілбек қолындағы кесе­сін дастарқанға дүрс еткізіп қоя салған.
– Не дейсің, жау шапты ма сонда?! Бар, бар, көш. Жұмақтың төрі­не шығатын болсаң, кете бер. Көре­сің әлі, Арал қайтып қалпына келсе, бәрің де қайта айналып келе­сіңдер. Қаңбаққа ұқсап домалап жүргендеріңді көрермін сонда.
– Енді қайт дейсің. Жалғыз балаға жұмыс жоқ. Олардан қалып мен қайда барамын.
– Жарайды, жолың болсын (ренішпен айтылды).
Ішіп отырған шайын үзіп тас­таған Сейілбек қора түкпіріндегі шөп­ке орап тасталған қара қайық­тың қасына келді. Талай қиыншы­лықта пана болып, қазанын қай­натқан қара қайыққа келгенде бар ашуы тарқап кеткендей. Менікі не, кімге өкпелеп жүрмін осы? Ертең теңіз келер, ал қара қайықтан айырылсам, немерелеріме не табыстап кетемін сонда?!
Ой шырмауына түсіп кеткен Сейілбек «Ата, шай ішейік!» – деген келінінің даусын естігенде жаңбырлы ауада ұзақ отырып, жаураңқырап қалғанын сезді. Үйге кірісімен немерелерін іздеп еді, компьютер тұрған бөлмеге кетіпті. «Заманның жетілгені ғой», деді. Сол жылдары мынадай түрлі-түсті теледидар тұрмақ, ақ-қара түсті телевизордың өзі дұ­рыс көрсетпейтін. Қазір не, кез кел­ген үйде «Отау-ТВ», кез келген үй­де компьютер. Ауыз су үйдің ішін­де сарылдап тұр. Екінің бірінің ас­тын­да машина. Аралға бұрын шаруаң болып шыға қалсаң, үш күн жү­ре­тінсің, бүгіндері әркім өз ма­ши­насымен бір күнде зыр ете қа­лады.
Балықшы болып жүргенінде облыстық мәслихатқа екі рет қа­тарынан депутат болды. Арал туралы шараларға талай қатысса да, іштей Аралдың қайтып оралатынына сенбейтін. Бәрі де – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасы.
1989 жылы 1 ақпанда Қызылорда қаласында Арал проблемаларына арналған республикалық кеңес өтті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кезі. Айтпақшы, сол жиында Қазақстанның бірінші хатшысы болған Геннадий Колбин де бол­ды. Н.Ә.Назарбаев мінберде тұ­рып, Арал туралы шешіле сөй­леген.
Міне, сол бір қиын шақтан бас­тап Елбасымыз Аралды бір сәт есінен шығарған емес. Бүкіл әлем халқының назарын Аралға қарай бұрды. Орталық Азия елдерінің басшыларын Арал проблемасына байланысты Қызылорда қаласында кездесуге шақырды. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор құрылды.
Елбасымыздың өзі Орталық алаңда бұл мәслихаттың маңыз­ды­лығына тоқталып, біздің кү­ші­­міздің бірлікте екенін айтқан. Сейіл­бектің сол кездегі жаңалық­тардан түсінгені, Арал тағдыры тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүние жүзінің қасіреті еке­нін, оны қазірден бастап қолға ал­ма­сақ, келешекте кеш болатынын Ел­басымыздың баса айтқаны болды. Арал адамдар қолынан жасалған кемшілік болса, сол кемшіліктің орнын толтыратын күн жеткенін ұққан Сейілбек қарт сол күндерден бастап алдағы күндерге жақсылықпен қарайтын.
Қарт балықшы Сейілбек Боранбаев та сол кездердегі Арал үшін шарқ ұрған Елбасының талай бастамаларына куә болды. Аралдықтарға таза ауыз су келуінің ашылу салтанатында Елбасының қасында тұрып, қолын да алған. Ол да бір тарихта қалатын күн. Аралға келген бұлақтың суынан алғаш дәм татқан Президентіміз:
– Мынадай таза да дәмді су Қазақстанда жоқ, – деген. Сол таза су қазір Арал мен Қазалының барлық елді мекендерінде әр үйге тартылып тұр. Иінағашпен Сыр­дариядан су таситын келіндер қазір еш жерде жоқ. Ғасыр құрылысына айналған теңізді екіге бөлу арқылы Арал қаласына апару жобасын өз көзімен көрген балықшы Сейілбек еліміздің ертеңін ойлайтын Елбасына шын жүректен риза.
Тарихы тәуелсіздіктен бастау алған Арал жобасы арқасында құрдымға кете жаздаған Арал теңізі бұл күнде қайта қалпына кел­гендей. Шағала шулаған, балы­ғы тулаған Аралдың байлығы лез­де-ақ республикамыздың түкпір-түкпі­ріне жетіп, бұл күндері жер-жер­ден келіп балық аулап жат­қандар жетерлік. Теңіз жағасын­дағы көшкен елдер қайта оралып, үйлер саны бұрынғыдан да өсе түскен.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев­тың «100 мектеп, 100 аурухана» бас­тамасымен бүгінде кез келген ауыл­да екі қабатты типтік мектеп бар. «Осының бәрі түсім сияқты, – дейді Сейілбек қарт. – Мұндай болады деп кім ойлаған». Әттең, осыны Бисенбай досы көре алмады. Көкшетауға көшіп барғаннан кейін бір жылдан соң ауырып, дүниеден озды. Әне, теңізде туғандарға теңіздің ауасы болмаса жақпайды.
Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­ды­ғы ішінде Арал адам танымастай өзгерді. Көшенің бәрі асфальт­талған, орталық алаңдар гүл баққа айналғандай. Сонымен бірге, әр түрлі монументтік ескерткіштер қала көркін ашып тұр. Әрбір үйде газ. Қаланың да, даланың да түнгі көшелері самаладай жарқырайды.
Сейілбек қарт ауласына қарайды да, «тфә, тфә», дейді. Бір жүк машинасы мен бір жеңіл машина қосарланып тұр. Қазір ауылда бұрынғы мыжырайған үйлер көп кездеспейді. Кілең төбесі қаңылтырланған бояулы үйлер. Осының бәрі теңіздің арқасы.
Ал теңізді қалпына келтірген Елбасының идеясы. Сол кісінің дамыл таппай шарқ ұрғанының арқасы. Қарт балықшы солай ойлайды. Жалғыз ол емес, бүкіл Арал халқының Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа алғысы шексіз. Әйтпесе, анау ұлы теңізді ортасынан қақ бөліп бөгет салуға ешкімнің де жүрегі дауаламас еді. Енді, міне, сол бөгеттің үсті айнадай жол. Бұрын Ақеспе, Құланды жақтарға Аралды айналып баратын болса, қазір теңіздің ортасымен тікелей жетеді. Ал тәуелсіздік жылдары салынған Арал теңізін бөгеу құрылысын, «Ақлақ» тоспасын ғасыр құрылысы десе де болғандай.
Сейілбек ойлайды. Сонау жыл­дары көшкен халыққа, мар­құм досы Бисенбайға ренжіп, ауласындағы қара қайығын балта­лап тастамағаны дұрыс болған. Ен­ді, міне, теңіз келгелі жөнделіп, майланған қара қайығына тыным жоқ. Баласы Сәрсен сол қайықтың мық­тылығын әкесіне күнде айтып келеді. Марқұм Әли ұстаның қол­таңбасы ғой. Бір баспағын беріп соқтырған.
– Ағаштарың мықты. Бұл қа­йықты әлі жүз жыл мінесің ғой, – деп еді. Рас екен. Бүгінде сол қара қайықтың рахатын баласы көріп жүр. Балықшы ауылдың қастерлеп ұстайтын бір дүниесі бар. Ол – қайық пен ескек. Көктемде ты­ғын­дарын бітеп, қара маймен бір майлап алса, күзде мұз қатар кезде ауласына әкеліп, үстін жауып қояды.
Тәуелсіздік таңы атқалы жалғыз Арал емес, Қазақстанның барлық аймақтары да өсіп, гүлденуде. Мұны Сейілбек Боранбаев күнде­лікті жаңалықтардан көріп, газет­терден оқып отыр. Жақында облыс орталығы – Қызылордаға бар­ған. Таң қалды. Бұрынғы Қызыл­орда емес. Қаз-қатар тізілген зәу­лім үйлер қала көркін өте қатты әсемдеп жібергендей. Жүріп жатқан құрылыстың қарқы­ны мықты екен. Облыс әкімі Қы­рым­бек Көшербаевтың іскерлігіне шын риза болды. Сырдарияға жаңа көпір салып жатыр. Келешек дарияның арғы бетіне Астанадағы сияқты үйлер салынады дейді. «Салсын», дейді Сейілбек қарт. Қазақ кімнен кем?! Саясатымен, экономикасымен, өнері және спортымен бүкіл әлемге танылған Қазақстан кімнен кем.
Осының бәріне қол жеткізген біздің Президентіміз – мықты адам. Тынымсыз еңбек, тынымсыз сапар. Бәрі де елі үшін, елінің, жері­нің бейбітшілігі, тыныштығы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр ғой. Қызылордада екі-үш күн болып үйіне оралған Сейілбек қарт кем­піріне шаршадым деп қабаттап көр­пе салдырып, қисая бергені сол еді, алдында тұрған теледидар Пре­зи­дентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жа­по­нияда жүргенін хабарлап жатты.
«Нағыз шаршамайтын, елжан­ды адам екен», деп ойлады. Екі күн ба­лаларының қасында бо­лып, қы­дырып қайтқан өзінің кемпі­ріне «шаршадым» дегеніне ыңғай­сыз­данып қалды.
Ауыл емес, аудан, облыс емес, бүкіл Қазақстанның, Қазақ елінің мәңгілік болуын көздеп, үнемі ат үстінде жүретін Президентімізге құдай денсаулық берсін деп тіледі қарт балықшы. Осыншама қыруар шаруаның үстінде жүріп, Арал туралы ойлауы, оған ат басын бұрып бірнеше рет келуі де үлкен ерлік екен-ау?!
2005 жылғы сәуірде Сыр еліне келген сапарында Елбасы:
– Аралға көмек көрсетсем де­ген арманыма жеткеніме қуаныш­ты­мын. Осыдан он жыл бұрын мұндай жобаны қиял түрінде ғана көз алдымызға елестетуге болатын еді, – деген-тін ішкі сезімін халықпен бөлісіп.
Қалай десек те, Тәуелсіздігіміз біз­ге үлкен жетістіктер сыйлады. Бұл біздің ата-бабаларымыздың талай жыл армандаған асыл арманы еді. Оны біздің тұңғыш Пре­зи­дентіміз Н.Ә.Назарбаев орындады. Ендігі мақсатымыз Елбасы салған сара жолдан шықпай, тек қана алға қарай өрлей беру болуы тиіс.
Жақсыбай МҰСАЕВ,
№81 орта мектептің мұғалімі.
Қызылорда облысы, Арал ауданы.
«Егеменді Қазақстан»
27 желтоқсан 2016 жыл.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қаңтар 2017 г. 1 676 0