Кеніштің ісі келелі

Кеніштің ісі келеліҮдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде іске асырып жатқан жобалардың қатарында «Шалқия» кеніші тұр. Металлургия саласы бойынша маңызды кеніштің келешегінен үлкен үміт бар. Олай дейтініміз,  өндірістік қуаты артқан кезде аймаққа едәуір еңбек күші қосылатын болады.
Бұған дейін бірнеше мәрте кеніштің жұмысымен танысып, ірі жобаны жүзеге асырудың жай-жапсарын талқылаған шараларға қатысқанымыз бар. Әсіресе, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Шалқия» кенішінде кен-байыту комбинаты» жобасына байланысты ортақ мәміле жасағаны көпке аян. 
Рас, «Шалқия» кен орны әлемде кен қоры жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Соған сай салынатын комбинатқа мырыш-қорғасын өндіретін озық технология енгізу қажет-ақ. Қазірдің өзінде мұнда 438 адам жұмыс істеуде. Ал, жерасты кен қазбалауға 150 адам қатысуда. «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ бас директорының кеңесшісі Нәжмәдин Мұсабаевтың айтуынша, өндіріс орны тоқырап қалған тұста өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар елге қайта оралуда. Сол үшін кеніш басшылығы оларға жатын орын, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қойды. Жұмыс уақытында жұмысшылар ыстық тамақпен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Олар жаңа технологияны меңгеру мақсатында шет мемлекеттерде біліктілігін арттыруда. Ал, кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде мұнда 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.  
Кеніштің ісі келеліБұл жобаның жалпы құны 500 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 350 млн доллары «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландырылады. Жалпы, «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде қуаттылығы жылына 4 млн тонналық кен-байыту комбинаты «Қызылорда облысында тау-кен металлургия кенішін дамытудың жол картасына» енген 3 ірі жобаның бірі. 
Келесі жылы кен-байыту комби­натымен қоса өндіріс орны­ның қажеттілігін өтеу үшін мұнда газтурбиналық электро­станциясының құрылысы басталатын болды. Жоспарға сәйкес 2018 жылы кен-байыту фабрикасын іске қосылады деп күтілуде. Экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар күн санап өріс алды. 
Өздеріңізге белгілі, Елбасымен телекөпір арқылы Шалқия кеншілері байланысқа шықты және маңызды стратегиялық нысанның бірі ретінде қорғасын-мырыш кен орнын игеру жобасының өзектілігі айтылды. Ал, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ Басқарма төрағасы Болат Рамазановтың айтуынша, қорғасын мен мырыш өндіру үшін полиметалдарды өндіріп және байыту жобасына құны 165 млрд теңге тұратын инновациялық тік-конвейерлі руданы шығару технологиясы қолданылып келеді. Қазір өнімге деген сұраныс жоғары. Сондықтан «Шалқия» әлемдік мырыш нарығындағы негізгі өндірушіге айналды. 
Айту керек, «Шалқия» полиметалл кен орнын «жерасты әдісі» арқылы өнеркәсіптік игеру жобасы екі кезең бойынша 2018 жылы жылдық қуаты 2 млн тоннаға дейін жететін кеніш салынады. Ал, 2020 жылы тау-кен өнеркәсібінің өндіріс көлемі 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. 
Қ.ҚҰРБАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қаңтар 2017 г. 2 088 0