Бүгінде ұялы телефонға телміріп, ¬алтыннан да қымбат уақытын бос өткізетін пенденің саны көп. Өзімізге етене еніп кеткен жаңа технологияны алғашқыда жаңалықтай қабылдап едік, енді телефон түйсікті тонап барады. Бақсақ, адам өмірінде қадіріне баға жетпес маңызды екі нәрсе бар екен. Олар: ой-сананың дамып, еркін жетілуіне ықпал ететін бос уақыт және сол уақытты тиімді өткізуге жәрдемдесетін күш-қуат, яғни денсаулық. Осы екеуінің орын-орнымен қалыпты жүруіне ұялы телефон мен смартфонның кері әсері батпандай кіріп, баурап алғаны соншалық, бір минут «соткасыз» отыра алмайтын хәлге жеттік. Телефон тәуелділігіне бүгінде «номофобия», «фантомды қоңырау синдромы», «селфимания» сынды түрлері және олардың тіпті ғылыми атауы бар. Енді әрқайсысына жеке тоқталсақ құба-құп болар.
Адамның ұялы телефонсыз қалып қою қорқынышын «номофобия» деп атайды. Ол көбінесе ұялы телефонның қуаты азайып, өшіп қалған кезде, не жоғалтып алғанда адамның алаңдап, себепсіз ашушаң мінез көрсетуінен байқалады. Номофобия ресми түрде диагноз ретінде тіркелмесе де, өркениетті қоғамдағы әрбір жетінші адамда бар құбылыс екен. Бір маңызды қоңырау күткен сәтте бәріміз ұялы телефонға елеңдеп қарай беретініміз рас. Сол сәтте ұялы телефон шырылдаған сияқты болып, асығыс қолыңызға алып қараған сәтіңіз, бірақ расында, ешқандай қоңырау түспегенін көрген кезіңіз есіңізде болар? Міне, осы құбылысты ғалымдар «фантомды қоңырау синдромы» деп атайды. Ал, «селфимания» жастардың арасында кең таралған «трендке» айналды. Бір қарағанда қарапайым өз-өзін суретке түсіру бол¬ғанмен, бұл адам өміріне қауіпті тәуелділікке ұласуда. Себебі жастардың селфи үшін тауға шығуы, жер астына түсуі, биік ғимараттан бір қолымен ұстап, ілініп тұрып, екінші қолымен өзін суретке түсіруден жарысуы, өз өміріне қауіп төндіруі жиі кездеседі. Селфи үшін биіктен құлаған жағдай көп болды. Осы ретте Альберт Эйнштейннің «қарапайым қарым-қатынасты техно¬логия¬лар айырбастап, адамдар сөйлесуден қалатын күн келе ме деп қорқамын» деген сөзі еріксіз ойға түседі. Және оны растауға тура келеді. Көзге үйреншікті бол¬ғаны¬мен, қоғамдық көлікте, оқу орындарында, тіпті дастархан үстінде ұялы телефонсыз көрініс көмескі тәрізді. Адам өз ойын, сезімін, қуанышын, мұңлы сәтін жақындарымен бөлісуге емес, ғаламтордағы жат кісімен кеңесуге ыңғайланып кетті. Рухани, адами құндылықтар өзгерді. Мәселен, адам ұялы телефонын асығыс үйінде ұмытып кетсе, күні бойы көңіл-күйі түсіп, ашуланып жүреді де, бүгінгі күнім зая кетті дейді. Ал, ұялы телефоны қолында болғанда уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Бір бөлмеден келесі бөлмедегі адаммен ұялы телефон арқылы байланысу жаттанды көрініске айналды. Міне, осыдан бұл індеттің қаншалықты дәрежеде кең таралғанын көруге болады.
Ұялы телефондардың адам денсаулығына да тигі¬зер зияны орасан. Ғалымдардың пікірінше, ұялы телефонның электромагнитті толқыны адам ағзасын¬дағы жасушалардың қалыпты жұмысын бұзып, жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді. Нәтижесінде бас ауруына, ұйқының бұзылуына, әлсіздікке, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Статистикалық дерекке сүйенсек, электромагнитті толқынның әсер етуі әртүрлі: жүйке жүйесі орнықты адамдардың 14 пайызы мүлдем байқамаса, 70%-на біршама уақыт өткеннен кейін, ал, 15 пайызына бірден әсер етеді. Ең өкініштісі сол, осындай зардаптың зияндылығын біліп отырып, бүлдіршіннің болашағына салғырт сезім танытамыз. Жыларман жанарына жас үйірмесін деп немесе қуанғаннан артық қызық бар ма деп қолына ұялы телефонды ұстата қою дағдылы іс. Шын мәнінде, телефонға телміріп өскен бала шынайы өмірдің қиындығынан бейхабар, күреске қабілетсіз, әлсіз, оның үстіне денсаулығы нашар болып өседі.
Ұялы телефонды аз қолдану үшін мына деректерді біле жүріңіз. Ұялы телефонда бактерия өте көп. Соның ішінде «фекалий» вирусы қауіпті ауруларды туғызуы мүмкін. Сонымен қоса, ұялы телефон қоғамдық әжет-ханамен салыстырғанда 18 есе лас. Әлемде әрбір төртінші жол апаты осы ұялы телефон себебінен орын алады. Ұялы телефондардан шығатын Wi-Fi сәулесі ұрықтарды жояды. Сол себепті ұялы телефон тек бізді емес, келер ұрпақтың тамырына балта шабу деп ойлаймын.
Міне, ұялы телефонсыз қалудан қорқатын, өз өміріне салғырт қарайтын, қарапайым сөйлесуден қалып бара жатқан XXI ғасыр адамының бүгінгі бейнесінде бар болмыс осы.
Әсел БЕГМАН,
Қаз МУ-дың 4-курс студенті.