Бекзат өнер бесігінен дарыған

Бекзат өнер бесігінен дарығанОтбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекеттің іргесі берік, ошағы бүтін, керегесі кең, ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі мығым болу үшін басқосқан екі тарап арасында түсініспеушілік орын алмауы тиіс. Алайда, Элизабет Тұрсынбаева туған отбасыны шаттық пен ынтымақтың ұя салған ордасы ма деп қаласыз.Бөрі мен журналисті аяғы асырайды. Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева хақында жазуымыз керек болды. Әдеттегідей телефонмен сөйлесіп, ғаламторды ақтарғаннан гөрі отбасына барып, ағайын-жамағайынмен әңгімелесуді шештік. Өзі солай болды да.
Элизабеттің отбасын қазақылықтың қаймағы бұзылмаған шағын ұйым дерсің. Жай ғана ұйым емес, спортшылар дайындайтын ұйым. Бұл үйде бір емес, екі спортшы бар. Одан бөлек шаңырақтың отағасы мен отанасы спорттан алыс емес жандар. Себебі балаларының жаттықтырушысы да, қолдаушысы да – осылар. Элизабеттің әкесі – Байтақ Тұрсынбаев Арал ауданының тумасы. Ал анасы Падишаһан Сұлтанәлиева – қырғыз ұлтының өкілі. Осы екеуді бақыт айдап, Мәскеу табыстырған көрінеді. Махаббат өзі ұлтқа, ұлысқа, текке қарай қоймайтын құбылыс. Дәм-тұзы жарасып екеуі шаңырақ көтереді. Сол шексіз махаббаттың нәтижесінде қазақ елінің туын биік мінберлерде желбіретіп, қазақ деген ұлтты әлемге танытқан спортшылар дүниеге келді. Элизабеттің ағасы Тимур да – мәнерлеп сырғанаудың майталманы. Қаршадай қыз спорт әлеміне осы ағасының жетелеуімен келген. 
– Балаларымыз – біздің мақтанышымыз. Олар мейірімді, ақылды әрі көпшіл. Лиза күн сайын алға қойған мақсатына бір қадам жақындап келеді. Музыкаға бейім. Скрипкада ойнап жүргеніне 8 жылдай болды. Осындай арқа сүйер азаматымның, сүйікті отбасым барына қуанамын. Лизаның түрлі елдерге барып, өнер көрсететінінде қобалжып, уайымға салынатыным рас. Алайда мен оған сенемін. Біз бұл жетістіктерге оңай жеткен жоқпыз. Бір-бірімізге деген сенімнің, төзім мен табандылықтың, елге, жақынымызға деген махаббаттың арқасында жеттік, – дейді П.Сұлтанәлиева. 
Шаңырағы биік, босағасы берік отбасы таң атысымен бірі – жұмысына, бірі – оқуы мен жаттығуына, кеш батса үйіне асығады. Әр кеш сайын шүйіркелесіп, жақсы жаңалығымен бөліседі. Олардың әңгімелерінен бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіліп тұр. Тұрсынбаевтар отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі. 
М.СНАДИН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қаңтар 2017 г. 1 680 0