Жер жүзі халқының басым бөлігі соңғы ширек ғасыр аясында адамзат тарихында жасалған барлық ақпарат пен мәлімет қорын еркін аша алатын күйге жетті. Ол ақпаратқа жол ашатын құралдар бір қолдың алақанына сиятыны кімді болсын, таңғалдырмай қоймайды. Технологиялар мен олардың негізінде пайда болған құралдар көпшілікке қолжетімді болған сайын, олардың мүмкіндіктері де кеңейе береді.
Бүгінгі тіршілікті ғаламторсыз елестету қиын-ақ. Өйткені, оның пайдасы адамзатқа шаш етектен. Алысты жақындатушы, білімнің көзі, қажетті ақ¬па¬ратты тез тауып беруші, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі ағайын-достарыңмен экраннан көріп, дәл алдыңда отырғандай сөйлесесің. Ғаламтор бізге әлемді алақандағыдай етіп көрсетті. Бұл оның пайдасы. Ал зияны ше?
Интернет желісіндегі Гуглдың негізін қалаушы¬лар¬дың бірі Эрик Шмидтың "Жаңа сандық дәуір” атты кітабында адамзат интернетті өз қолымен жасаса да, оның табиғаты мен болмысын терең түсіне бермейтінін жазған. Онда: "Бір кездері үлкен бөлмеге әрең сиятын бір компьютер мен екінші тура сондай компьютер арасында байланыс орнатып, шағын ғана ақпарат жеткізу үшін жасалған құрал еді. Енді, міне, кез келген жерден табылатын, мүмкіндігі шексіз тарихта бұрын-соңды болмаған ерекше құбылысқа айналды. Ол әр секунд сайын көлемі өсіп, мазмұны өзгеріп, тоқтаусыз мутация негізінде өз бетінше дамиды. Ол адам өміріне керемет пайдалы құрал, сонымен бірге ақылға сыйымсыз зиян әкелетін құбыжық та болуы мүмкін. Қазір біз сол пайда мен ықтимал кеселдің алғашқы белгілерімен ғана таныса бастадық.
Осы күнге дейін Интернет арқылы қаншама нәрсені оқып білдік, көрдік, естідік, сол арқылы көптеген жақсы адаммен таныстық, қанша тамаша жаңалыққа қол жеткіздік, асқақ арман мен қиял туды, қандай үлкен жұмыс істеліп, жобалар іске асты”, – делінген.
Жақсы-ақ, бірақ еш бақылаусыз, бейберекетсіз, жөн¬сіз, жосықсыз әрекеттің салдары туралы да ұмытпағанымыз абзал. Тексерілмеген ақпарат, дәйек¬сіз пікір, кез келген адамды ретсіз қаралау, дәлелсіз жала жабуда интернет желілерде жиі кездесіп жатады. Мәселен, қазірдің өзінде, жұмысқа қабылданатын адам туралы немесе әріптес компания туралы шешім қабылдамас бұрын, интернетте ол туралы не бар, не жоқ екендігі анықталады. Яғни, әркім өзінің "онлайн профайлының” таза әрі тартымды болуын ойлауы қажет. Абайсызда айтылған сөз немесе пікір, жазылған комменттер, салынған суреттер мен видео файлдар, тіпті балалықпен, ойнап жасалған қылықтар, кірген веб-сайттар, жіберілген электронды хаттар интернетке бір түскеннен кейін ешуақытта жойылмайтынын есте сақтау керек.
Иә, қолданыстағы ғаламтор желісіне үлкен-кіші¬¬лердің басым бөлігі кіреді. Тіпті мекеме¬лер¬де интернет желісі арқылы хат алмасып отыра¬тын¬дығын ескерсек, жоғарыда айтқан желінің пай¬далы жақтарын да сезінеміз. Бір сөзден айтқанда, ин¬тернеттің пайдасы да, сияны да ұшан-теңіз. Осы орайда қауіпсіз әрі қазақ тілінде ғана сөйлейтін (Фейсбук, ВКонтакте, Инстаграмм секілді) өзіміздің өнертапқыштар құрастырған отандық желіні қол¬данғың келеді. Алдағы уақытта еліміздің жас бағдарламашылары халқына қауіпсіз осындай отандық бағдарламаны іске қосады деп сенеміз.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.