МҰНАЙ НАРЫҒЫ: 2017 ЖЫЛ БОЛЖАМЫ НЕ ДЕЙДІ?

МҰНАЙ НАРЫҒЫ:  2017 ЖЫЛ БОЛЖАМЫ НЕ ДЕЙДІ?Әңгіме тағы да мұнай туралы болып отыр. Соңғы екі жыл ішінде әлемнің «қара алтын» нарығында үстемдік танытып, АҚШ-пен бірге мұнай ағымын еселей түскен Сауд Арабиясы өткен жылдың соңында сабасына бір сәтте түскен еді. Әлемдегі негізгі мұнай өндіруші елдер көп уақытқа дейін мәмілеге келе алмады. Ақыр соңында бұл текетірес олардың өз экономикаларына соққы болып тиді. Сол Сауд Арабиясының өзінде экономика өсімі едәуір тежелді. Бюджет тапшылығы бұрын-соңды болмаған көлемге жетті. Байлығына мастанған араб елі ақыр соңында бюджеттен халықтың мұқтажы үшін бөлінетін көптеген субсидияларды қысқартуға мәжбүр болды. Осының барлығы сайып келгенде, өткен 2016 жылдың 30 қарашасында Австрияның Вена қаласында өткен мұнай өндіруші елдер саммитінде оларды ортақ мәмілеге келуге итермелеген еді. 
Мұнай өндіруші елдер картелі және оған енбейтін, бірақ әлемдік нарықта өз орны бар бірқатар мемлекеттер жаңа жылдан бастап мұнай көлемін қысқартуға келісті. Ол шамамен жалпы көлемге шаққанда мұнай өндірісінің 2,5 пайызын құрайды. Мұнай бағасы қазірдің өзінде «бренд» маркасына барреліне 56 доллар құрап отыр. Осы жылға арналған болжамдар не дейді? «JP Morgan» деп аталатын әлемдік тауарлы шикізат нарығы сарапшыларының бол¬жамы бойынша егер ОПЕК (мұнай экс¬порттаушы елдер ұйымы) және оған енбей¬тін елдер өздерінің Венада қабылдаған мін¬дет¬темелеріне адал болса, 2017 жылдың өн бойында мұнай бағасы орта есеппен 58 дол¬ларды құрайтын болады. Сарапшылардың пі¬кірінше, мұнайдың осы деңгейдегі бағамы көп¬теген елдердің мүддесіне сай келеді. Егер келісімдегі міндеттемелер орындалса, мұнай бағасы 2017 жылдың үшінші тоқсанына қарай барреліне 65 долларға дейін көтерілуі мүмкін.
Әлем нарығында қалыптасқан қолайлы ахуал Ресей және Қазақстан экономикасына оңды ықпалын тигізе бастады. Алдағы жы¬лы жалпы ішкі өнімнің өсімінде біршама ілгерілеу орын алып, доллардың теңгеге шақ¬қандағы бағамы біршама тұрақталатын болады. Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк¬тің болжамы бойынша Қазақстанда 2017 жылы инфляция 6-8 пайыз көлемінде болжанып отыр. Бұл тұрғыда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жуырда Ресейдің «Россия-24» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында баяндаған болатын. Сондай-ақ, осы сұхбатта банк төрағасы Қазақстанның макроэкономикалық индикаторларға қатысты көрсеткіштері Ресеймен салыстырғанда, бір¬шама тәуір екенін мәлімдеген еді. Мұны әлбетте, Ресей экономистері де мойындайды. Д.Ақышевтың айтуынша, Ресейде 2017 жыл бюджеті мұнайдың барреліне 40 дол¬лар, Қазақстанда 35 доллар бағамына сәй¬кестендіріліп қабылданды.
Ж.ӘЛМАХАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қаңтар 2017 г. 1 288 0