ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, оның күн тәртібінде 3 мәселе талқыланды.

Аймақ басшысы кіріспе сөзінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы қайта құрылғандығын, оның басшысы болып Еркебұлан Меңлібаев тағайындалғанын мәлімдеді. Жаңа лауазым иесінің жастармен жұмыс жасаудағы тәжірибесі мол екендігін айтқан аймақ басшысы жаңа басқарма өңірдегі жастар саясатының одан әрі жетілуіне үлес қосатындығына сенім білдірді.

Сонан соң мәжілістің күн тәртібіндегі бірін­ші мәселе бойынша, яғни Елбасы Жар­лы­ғына сәйкес барлық деңгейдегі әкім­дер­дің халық алдындағы есепті кездесуін өткізу­дің жай-күйі талқыланды. Мәселеге орай баяндама жасаған облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Марат Дел­мұханов маңызды шараға дайындық барысы жоспарға сәйкес жасалып жатқандығын айтты. Кезекті есеп беру кездесулерінің кес­тесі бекітілгендігін, оған қатысушы жауапты тұлғалар нақтыланғандығын жеткізді. Өз ке­зегінде аймақ басшысы аудан әкімдеріне кез­­­­десулерде көтерілген ұсыныстар мен сын-ескертпелердің аяқсыз қалмауын қатаң ес­кертті.

– Есеп беру кездесулерінде тұрғындар кө­тер­ген әрбір ұсыныс-пікірлер есепке алынып, ол бойынша іс-шаралар жоспары бекітілсін. Сондай-ақ, олардың орындалуы тоқсан сайын әкімдіктер отырыстарында қаралып, нәти­желері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын тапсырамын, - деді облыс әкімі.

Сыр елінде учаскелік полиция қызметкерлері жыл сайын халық алдында есеп береді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Облыс әкімі жергілікті әкімдер есебімен қатар, тәртіп сақшыларының кездесуін де тыңғылықты ұйымдастыруды тапсырды.

Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселесі облыс елді мекендерін газдандыру жұмыстарына арналды. Сыр елінің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық да­муы­­ның өлшеміндей көрінетін газдандыру жобасы биыл да қарқынын төмендетуге тиісті емес. Өйткені, көгілдір отынды аңсап отырған халық қатары қалың. Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усайнның айтуынша, осы жылы көгілдір отын жетпеген Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары орталықтарын газбен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ, облыс орталығының көгілдір отынға зәру аймақтарының мәселесі шешілмек. Бұл жұмыстар «ҚазТрансгазАймақ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы арқылы жүзеге асатын болады. Бүгінгі таңда қажетті 11,7 млрд теңгені бөлдірудің қам-қарекеті жасалып жатыр. Сондай-ақ, баяндамашы аудандардағы заңды тұлғаларға техникалық шарттардың облыс орталығында берілетіндіктен, халықтың әрі-бері сабылуы орын алып отырғандығын айтты. Сонымен бірге, аудан орталықтарында апатты-диспетчерлік қызметтердің құрыл­мағандығы да тұрғындарға қиындық туғызуда.

Аймақ басшысы аудандарды газбен қамту мәселесі қаржылық қиындықтар салдарынан жоспардағы уақыттан кешеуілдеп жатқандығын, сондықтан жауапты мекемелер қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану керектігіне баса назар аударды. Отырыста, сондай-ақ, «ҚазТрансгазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев баяндама жасады. Аймақ басшысы баяндамашыға алдағы уақытта аудандарда апатты-диспетчерлік қызмет құруды қолға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі өз сөзінде:

– Аудан орталықтарында орналасқан шағын және орта бизнес субъектілеріне газға қосылуға техникалық шарттар беруді жергілікті жерде беруді ұйымдастырыңыздар. Бір құжат үшін бүкіл халықты сабылтқанша, халыққа барып жағдай жасаңыздар, - деп елдің жайын ойлауды ең бірінші кезекке қоюды талап етті. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдан келгенше көмек қолын созу қажеттігін де айтып өтті. Бұл орайда кәсіпкерлер ерекше белсенділік таныту тиіс екендігіне тоқталды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселеде әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Бұл тұрғыда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаевтың айтуынша, бүгінде 112 шиеленіс ошағының 64-і бақылаудан алынған. Яғни, атқарылған жұмыстар қатары ауқымды. Десе де, әлі де болса шиеленісті тұстар жоқ емес, бар. Әсіресе, жалақы қарызына, еңбек дауларына байланысты деректер маңызды. Аймақ басшысы бұл мәселеде жауапты тұлғалар бірлесе қимылдауды, жалақысын алмаған жұмысшылар еңбекақыларының берілуін жеделдетуді, меншік нысандарында еңбек дауларының алдын алу шараларын жүргізуді тапсырды.

 

Нағымжан САУЯЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қаңтар 2017 г. 1 842 0