Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Сексеуіл, Әйтеке би, Жосалы және Тасбөгет кенттерінде ауыз су жүйелерін жаңғыртуға арналған жалпы құны 5,7 млрд теңге болатын бес жоба бойынша жұмыстар басталды. Бұл жұмыстар биылғы жылы аяқталады. Нәтижесінде аталған елді мекендердегі 280 мыңнан астам тұрғынның ауыз сумен қамту жағдайы жақсарады. Бұл мәліметті Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге арналған брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин жария етті.
Басқарма басшысы, сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 13 жобаны іске асыру жоспарлануда екенін жеткізді. Бұл жобалардың жүзеге асуымен 2018 жылы 136 шақырым ауыз су құбырлары жаңғыртылады. «2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен биыл Сырдария, Жалағаш аудандары бойынша 5 жобаның құрылысы бас¬талады. ЕҚДБ-мен бірлесіп, «Қызылорда қаласының сумен қамту жүйелерін салу және жаңғырту» жобасы аясында қаланың ауыз су және кәріз жүйелерінің электрондық картасы әзірленіп, биллинг жүйесін енгізуге жұмыстар жүгізілуде. 23 КНС-ке жаңғырту жұмыстарын жүргізу жобалары дайын.
Негізінде Елбасы тапсырмасына сәйкес, орталықтандырылған ауыз суға қосылған ауылдық елді мекендер санын 80 пайызға жеткізу межеленген. Қазір облыстағы 261 ауылдық елді мекеннің 194-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ол аймақтағы ауылдық елді мекендердің 74 пайызын құраса, ондағы тұрғындар саны барлық елді мекендегі халықтың 95 пайызын қамтып отыр.
М.Усаин 2016 жылы шыны зауытын газдандыру мақсатында 14,7 шақырым газ құбыры тартылғанын мәлімдеді. Сол секілді, Талсуат ауылына және ондағы 3 әлеуметтік нысанға барлығы 25,7 шақырым газ құбыры салынып, пайдалануға берілді. Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кенттерін газдандыру жобасы әзірленіп, «ҚазТранГаз» АҚ-мен және республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті министрліктермен жұмыстар жүргізілуде.
2015-2016 жылдары Қызылорда қаласындағы «СПМК-70», «Саяхат», Әл Фараби, «Талсуат», «Сабалақ» аймақтарына 8 дана әртүрлі кернеудегі трансформаторлар орнатылып, 26 шақырым электр желісі тартылды. Ал 2015-2016 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасымен 14,4 шақырым жылу жүйелері жаңғыртылып, жылу құбырларының тозу көрсеткіші 48 пайыздан 44 пайызға төмендеді.
Брифингте Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2016 жылғы жұмысы туралы оның басшысы Нұрлан Пірімов айтып берді. Департамент өткен жылы 62 қызмет түрін көрсететін 38 табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеп, сонымен қатар 11 нарық субъектілеріне қатысты баға белгілеу функциясын асырды. Осы жылы департаментке тарифтерді қарау жөнінде 34 табиғи монополия субъектілерінен өтінімдер түскен. Оның ішінде 22 субъектіге ұсынылған құжаттардың қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің талабына сәйкес келмеуіне байланысты қараудан бас тартылса, 5 субъекті өтінімдерді қайтарып алған. Н.Пірімов тарифтерді бекіту бойынша өтінімдерді қараудан болған экономикалық тиімділік сомасы 2,3 млрд теңге құрағанын жеткізді. Департамент есепті кезеңде табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы және бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуына бақылау жүргізу аясында 24 тергеу мен тексеру жүргізді.
Брифинг барысында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалының бөлім бастығы Жайық Әлішев журналистерге Байқоңыр қаласына құбырлар желісі тартылғанымен, газ алмай отырған себебін түсіндіріп берді. Бұл жерде басты мәселе газды тарататын оператордың белгіленбеуінен және тарифтің бекітілмеуінен туындап отыр. Аталған мәселелер үстіміздегі жылы үкіметаралық комиссия қарауларынан кейін шешілетін болады. Брифинг өткізушілер мұнан соң БАҚ өкілдері тарапынан болған сұрақтарға жауап берді.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.