Дін тұтастығы – қашан да елдің тұтастығы. Діни тұрақсыздық болған жерде бақ-береке қонбайтынына тарих куә. Мұны дана қазақ «Ынтымақты ел озады, ынтымақсыз ел тозады» деп, бір ауыз сөзбен түйіндеген. Шүкір. Бүгінде өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Тәуелсіз елдің ұстанған бағыт-бағдары дұрыстығының, баһадүр бабалардың салған сара жолынан айнымағанының айғағы. Алайда, жат пиғылды деструктивті діни ағымдар қоғамда бар екені көңілге қаяу түсіреді.
Халық нақылын қазіргі заманға бұрып, мақаланың бас тақырыбына айналдыруымызға себеп көп. Ал, «жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» дегеннің айқын көрінісі қайбір жылдары еліміздің батыс өңірінде орын алды. Ай мен күннің аманында оқ атылып, қалың қазақты дүрліктіріп, ел есінде «Кеңкияқ – Шұбарши оқиғасы» ретінде қалды. Алаштың қабырғасын қайыстырған бұл оқиға – елдегі ішкі қауіпсіздік саласын барынша қырағы болуды қаперге салды. Ақиқатына келгенде, мұндай агрессивті адасқан ағымдар ел тыныштығын бұзып, саяси тұрақсыздық жасаудың алыстан ойластырылған жымысқы жобасы. Хош. Біз бүгін «жау жоқ деме – желі астында...» деп, жар салғанда ғаламтордағы теріс пиғылды порталдардың қой терісін жамылып, қасқырша әрекет етіп жатқанын сөз етпекпіз. Яғни, жастар қауымы желіні игілігіне икемдеуде ме, әлде әпенденің әлегіне түсіп көлденең көк аттының айтағына еруде ме? Әрине, жас буын төл сеніміне берік болса, сырттан келетін рухани басқыншылыққа тегеурінді түрде төтеп берері айқын. Бірақ діни сауатсыздықтың салдарынан осындай сайттардың сілтемесіне сеніп, сан соғып жатқаны қаншама?! Иә, бүгінде атынан әлем үркетін діни экстремизмді жаюдағы ең басты құралы осы интернет сайт пен сан түрлі әлеуметтік желілер. Енді желі арқылы жамағат жинап, жиһадқа үндеушілердің заманы басталды. Сөзіміз дәйекті болсын.
Парақшадағы жымысқы пейіл
Өткен жылдың 11 қарашасы күні «Ақтөбе Таймс» газетінің порталы «Ақтөбелік 18 жастағы тұрғын «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі аудиожазбалары үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деп хабарлады сайтқа сілтеме жасап. Мәселенің мәніне үңілсек, тергеушілер сотталушыдан діни мазмұндағы 8 аудиожазба тапқан. Айтуынша, парақшадағы аудиожазбалар терроризм жасауға үгіттейді. Осылайша ол 9 қарашада сот алдына келген. Сот оны ҚР Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни, «Терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны» үшін айыптауда. Сайт сілтемесіндегі тергеу барысына толығырақ тоқталсақ. Былтырғы тамыз айында 18 жастағы жігіт әлеуметтік желіде өз парақшасын ашқан. Ол үшін анасының смартфонын алған. Содан «ВКонтакте» желісіндегі парақшасына аудиожазбаларды жүктеген. Оның ішінде – «Жиһадқа шақыру» және тағы да басқа мазмұндағы аудиолар бар екені анықталған. Бүгінгі таңда құзырлы орган жігіттің достарының не таныстарының оның осындай мазмұндағы аудиожазбаларды тыңдап жүргенінен хабары болғанын не болмағанын анықтап жатыр. Егер мәліметтер расталса, сот жас жігітті 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Әзірге, сот процесі әлі жалғасып жатқандықтан осы тұстан түйіндесек. Бұл бір деп, бір саусағыңызды бүгіп қойыңыз. Енді екінші. Дәл осы тамыз айында Ақмола облысы прокуратурасы «ВКонтакте» және «Инстаграм» желісінде онға жуық топты бұғаттағанын мәлімдеді. Белгілі болғандай, аталған әлеуметтік желідегі бірқатар қоғамдастықтар экстремистік бағыттағы діни материалдарды таратып келген.
Көп мысалдан екеуін ғана айттық. Одан бөлек қаншама пейілі бұзық діни парақшалар астыртын насихат жүргізіп жатқаны тек құқық қорғау органдарына мәлім. Осы тұста ата-аналар қауымы ұл-қыздарының қандай сайтқа не желіге кіріп жүргеніне бақылау жасау – болашағы үшін маңызды. Өйткені, бүгінде әрбір оқушы мен жас буынның қолындағы смартфонда ғаламторға кіру қолжетімді. Ата-ана перзентінің қандай парақшаға кіріп, кімді тыңдап жүргенінен бейхабар.
Бұғауланған сайттар саны
Былтырғы қыркүйек айында Елбасы Жарлығымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылғаны белгілі. Жаңа министрліктің алдында діни экстремизм және терроризмнің алдын алу міндеті қойылды. Әрине, министрлік құрылғанға дейін, Дін істері комитеті тара¬пынан теріс пиғылды порталдарға сараптама жүргізіп, Бас прокуратура экстремистік бағыттағы сайттарды бұғаулады. Алайда уақыт өте жымысқы веб-сайттар бет¬пердесін қайта өзгертіп, өз насихаттарын еркін жүргізуде. Мәселен, Қазақстанда өткен жылдың басынан бері 26 мыңнан аса сайт пен сілтеменің жұмысына шектеу қойылған. Бұл туралы 2016 жылдың 3 тамыз күні ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің баспасөз хатшысы А.Бектасов: «Жыл басынан бері уәкілетті органның қызметкерлері 26 266 сайт пен сілтемеге шектеу қойған. Олардың ішінде: терроризм мазмұнындағы 2384 портал, порнографиялық 21 690 сайт, өзіне-өзі қол жұмсау мазмұнындағы 2192 топтың жұмысы тоқтатылды. Қалған шектеу қойылған топтардың қатарында ұлт арасындағы араздықты қоздыратын және онлайн казинолар бар», – деп хабарлады.
Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, сенімге селкеу түсіретін сайттардың саңырауқұлақтай қаптағанын көрсетеді. Өйткені, 2015 жылдың маусым айында БАҚ-қа сұхбат берген Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин: «Есепті мерзімге дейін 5 мыңнан аса интернет сайттары тексеріліп, оның 55-і дін туралы теріс ақпар таратқаны үшін жабылды» деп мәлімдеген болатын.
Жақында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми сайтына жаңа қосымша енгізілді. Ол – шағымдану парақшасы. Енді еліміздің кез келген азаматы заңнама мен заң нормаларына қайшы ақпаратқа қатысты онлайн түрде шағым, өтінім қалдыра алады. Негізінен әлеуметтік желілердегі суицидті, есірткіні насихаттаған, терроризм мен экстремизмге, қатыгездік пен ұлтаралық жанжалға үндеген топтарға және сайттарға қатысты. Оған қоса, Қазақстанда соңғы үш жылдан бері деструктивті діни қызметтен жапа шеккендерге психологиялық көмек көрсету арналған «Қауырт желі» жүйесі іске қосылған. Кеңес беру жекеше түрде кәсіби заңгер, теолог, дінтанушы және психолог мамандар арқылы жүргізіледі. Кез келген ата-ана ұл-қызының күмәнді сайттарға кіріп жүргенін не діни ұстанымының өзгергенін байқаса, «114» нөміріне тегін қоңырау шалуына мемлекет мүмкіндік жасап қойған.
Қайтпек керек?
Ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінде әлем «Фейсбук» әлеуметтік желісін пайдаланушылардың саны 1,71 млрд адамнан асқан. Жақында қазақстандық ғаламтор қолда¬нушылардың әлеуметтік желілердегі портреті жасалды. Зерттеу мәліметіне сенсек, елімізде 5,6 миллион адам желіні белсенді қолданады екен. Қолданушылардың басым бөлігі – 18 бен 24 жас аралығында жастар. Әрине, жастарға желіге кірме деп тыйым салуға ешкімнің құқығы жоқ. Десе де, шешу жолын, балама нұсқасын ұсыну ауызбіршілікке алып келеді. Яғни, сөз басында айтқандай, адасқан діни ағымдардан қорғанудың жолы ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жергілікті өкілдіктері, яғни, мешіттегі имам-ұстаздардан ілім алып, діни сауатты арттыру. Қандай жағдайда да әрбір ата-ана асыл дініміз – Исламның қайнар бұлағынан дәріс тыңдап, өскелең ұрпақты кәміл иманға баулыса игі. Өйткені, халқымызда қалыптасқан ұлттық дәстүр мен ділдегі ұстанымның басым бөлігі ислам дінімен бірге біте қайнасып жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, діни сауатсыздықтың сан соқтыратынын әсте естен шығармасақ екен. Бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылман үмбетінің елге деген жанашырлығы еселене түссе дейміз. Жас ұрпақтың заманға сай озық білім алуына, ұлтжандылық пен мұсылмандық тәлім-тәрбиемен сусындауына әрбір ата-ана жауапкер. Ұл-қызының тек қана сенімді сайтқа кіріп, желінің жақсысын таңдауына бақылау жасауы керек. Міне, сонда ғана әлемді алаңдатқан дәстүрлі емес деструктивті ағымға һәм желіде жүрген жалған жамағатқа сауатты түрде қарсы тұра аламыз.
Самат ӘБДІШ,
журналист.