Өркениет заманында ақыл-ойы озғандар алға ұмтылып, өмір сүрудің небір тамаша тәсілдерін меңгеріп жатыр. Марстан тіршілік іздеп жатқанда жерде жаңалық ашу не тұрады?
Ат мініп, түйе қомдаған ауыл қазағы да бүгінде ғылым мен техниканың жетістіктерін желкелеп өз үйіне кіргізді. Сондай жаңашыл азаматтың бірі Жаңақорған ауданы Қыркеңсе ауылында тұратын Баянбай Исрайылұлы өз қолымен ерекше авто¬көлік құрастырып шығыпты. Баянбайдың бұл өнері қалың елдің таңданысын тудырды.
Өнертапқыш өз өніміне «Барыс-Пикап» деген ат қойыпты. Ол негізінен «Хаммер» маркалы көлігіне ұқсас, бір жағынан жеңіл автокөлік кес¬кіндес болғанымен, дөңгелегі баяғы жүк таси¬тын «ГАЗ-66» автокөлігінен алынған.
Баянбай ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Ол жарамсыз деп тасталған машина бөлшектерін бір жарым жылға жуық уақыт жинап, кәдеге асырған. Көліктің көп бөліктерін қолдан жасап, дәнекерлеп, қосымша бөлшектер орнататын жерлерді тесіп-кесіп қиюластырған.
Ісмер жан көлік құрастыруды бала кезінен армандапты. Мектепте жүргенде бірнеше рет жас конструкторлар байқауына қатысып, жүлделі де болған. Ақыры жетті арманына.
Баянбай әуелі арнайы машина жасау зауыт-тарына барып, инженер-конструкторлармен ке¬ңес¬кен. Мақсаты жылдамдығы сағатына жүз шақырымнан кем болмайтын 7-8 жолаушыны, 1,5 тонна жүкті алып жүре алатын әмбебап автокөлік жасау еді. Бұл үшін ол моторы жоқ "ГАЗ-66” жүк көлігін сатып алады. Оған "ГАЗ-53”-тің моторы мен коробкасын орнатты. Екі кабинаны біріктіріп жолаушылар салонын жасады, артқы бөлігіне үйіндегі екі адамдық диванды қойды. Ұзақ жолға шыққанда еш жерге тоқтамай-ақ кезектесіп демалуға жасалған қолайлылық болды. Осылайша ойындағыдай көлік жасалды.
«Барыс-Пикап» мемлекеттік тіркеуден өткен, сынақтан да сүрінбеген. Жүз шақырымға 25 литр жанармай қажет етеді. Жол талғамайды, оған құмың мен батпағың асфальт сияқты, әрі желмен жарысады.
Бұл жаңалықты электронды ақпарат құрал¬дарынан көрген көпшілік ауылға да, қалаға да ұялмай мінетін көлік екен деп жарыса пікір айтып жатыр.
– Жаңалығың жастарға жұғысты болсын, игі¬ліңе жарасын! – дейміз біз.
Р. ДҮЙСЕНҰЛЫ.