БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Мешін жыл да өз мәресіне жетті. Осы орайда барлық сала өздерінің атқарған жұмыстарын таразылап, жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайында талқылап жатқаны анық. Соның бірі өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы бойынша кездесу болып өтті. Онда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Меңлібаев жиналған барша жастарды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мұнан кейін облыста жас­тар саясатының жүйелі іске асып келе жатқанын кеңінен айтып өтті.

Жалпы, жастар өңірдегі халықтың 26,7 пайызын құрайды. Мемлекеттің қолдауы арқасында тегін білім алуына, тұрақты жұмысқа орналасуы мен баспанамен қамтылуы да оң шешімін тауып келеді. Осы ретте биылғы жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Белсенді жастар ұйымдарымен облыстық – 18, қала мен аудандық деңгейде 26 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.

Өңірімізде 65 жастар ұйымы тіркелген. Оның 42-сі белсенді жұмыс атқарып келеді. Оған 78168 жас мүше болып табылады. Бастысы, «Жастар ресурстық орталығы» түрлі санаттағы жастарға бағытталған 1612 шара ұйымдастырып, 45200 жас қамтылған. Сонымен бірге құрылыс, жасыл ел жасақ жастары жұмыс жасап, тұрақты жұмысқа орналасуда.

Басқарма басшысының орынбасары Е.Меңлібаев келер жылы барлық аудан әкімдіктері жанынан заңды тұлға ретінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ құрылатынын және Жас­тар саясаты мәселелері басқармасы өз жұмысын бастайтынын айтты.

Сонымен қатар шара барысында жыл бойы жемісті еңбек еткен бірқатар жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдеріне және белсенді ерікті жастарға облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жастар арасында өткен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты облыстық байқау қорытындыланып, жеңімпаздарға сый-сияпат көрсетілді.

 

Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 желтоксан 2016 г. 911 0