
Биылғы жыл біздің облыстың спорт саласы үшін табысты болды. Талай талантымыз төрткүл дүние тарландары тайталасқа түскен жарыста елдің алдынан көрінді. Жергілікті жанкүйер қауым саңлақтардың сыр бермей, осылайша жеңімпаз атанғанына көл-көсір қуанышқа кенелді. Мұндай табысты спорттың қай түрінен кездестіре алатының ақиқат. Оны осы салаға жеткілікті деңгейде қамқорлық көрсетіліп жатқанының жемісі деп нық сеніммен айта аламыз. Бүгінгі күні өзге өңірдегі ағайын біздің аймақты ауыр атлетика өркен жайған өлкенің қатарына қосады. Расында, қандай жарыс болса да, атой салып алдыңғы қатардан көрінетін Илья Ильин секілді тума талант туған топырақ соңғы жылдарда сол биік белесінен бір мысқал да төмен түсіп көрген емес. Сондай-ақ, дүниежүзілік додада дзюдо күресінен бізге медаль бұйырды. Басқа спорт түрлерінен де жеңістеріміз баршылық. Футболдан жергілікті «Қайсар» биыл бірінші лигада сынға түскенімен, жақсы ойын өрнегін көрсетіп, араға жыл салмай, үздіктер қатарына қайта оралды. Облыс басшылығы тарапынан аталмыш салаға қамқорлық жоғары деңгейде жасалып келеді.

«Қайсар» демекші, елімізге белгілі кейбір азаматтар Қызылордада еңбек жолын бастады. Солардың бірі – даңқты футболшы Тимур Сегізбаев. Атақты «Қайрат» командасында он жылдан астам доп теуіп, талай мықты ұжымның қақпасына қақырата гол соққан ардақты ағамыз спортшылық өмірін аяқтағаннан кейін сол кездегі «Автомобилист» командасына бас бапкер болып бастады. Оған дейін үнемі көштің соңында қалып қоятын біздің клуб сол жылы жаңаша түрленіп, алдыңғы орынның бірінен көрінді. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасында Т.Сегізбаев атындағы турнир жылма-жыл өткізіледі. Биыл қазақ футболының тарланын облыс әкімі Қ.Көшербаев арнайы қабылдап, жергілікті жұртшылық атынан ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, облыс басшысы мәнерлеп сырғанаудан әлемдік Гран-при додасының күміс жүлдегері, Қазақстан біріншілігінің 3 дүркін чемпионы Элизабет Тұрсынбаева және оның әкесі Байтақ Тұрсынбаевты қабылдады. Оның әкесі Байтақ Сыр өңірінің тумасы болғанмен, өзі 2000 жылдың 14 ақпанында Ресей астанасы – Мәскеу қаласында дүниеге келген. Соңғы 3 жылдан бері Қазақстан чемпионатының алтынын ешкімге ұстатпай келеді. Келешегінен үлкен үміт күттірген өренге облыс басшылығы қолдау көрсетуге ниет білдіріп отыр. Айтпақшы, біздің өңір үшін басты жаңалық – облыс орталығында «Мұз айдыны» спорт кешені ашылды. Соның нәтижесінде жергілікті ұландар қыс айларында айдын үстінде сырғанақ теуіп, оның қыр-сырына қанығатын болды.
Сыр топырағында талай таланттың кіндігі кесілді. Олар айтулы аламандарда атой салып, тілеулес елдің мерейін өсірді. Кезінде белгілі велошабандоз Марат Сатыбалдиев тректен әлем біріншілігінде талай жампозды артта қалдырып, қазақ халқының абыройын асқақтатты. Бүгінгі күні Алматы қаласында тұратын саңлағымыз өзіне тәлім-тәрбие беріп, қияға жол салған Қызылордаға жиі ат басын бұрып тұрады. Сондай-ақ, оның атында жылма-жыл республикалық велобәйге өткізіліп тұрады.
Айта кетелік, үстіміздегі жылы қызылордалық спортшылар әлем және Азия чемпионаттарында 31 алтын, 26 күміс, 17 қола медальға ие болды. Осының нәтижесінде жастарымыз 74 медальды қоржынға салды. Ал ел біріншілігінде саңлақтарымыз 482 медаль алып қайтты. Оның ішінде 155-і алтын, 126-ы күміс, 201-і қола саналады. Тағы бір қуаныштысы, биылғы жылдың бедерінде Сыр өңірінде 2 Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген, 1 халықаралық дәрежедегі және 37 спорт шебері дайындалған. Сонымен қатар, 33 спорт шеберлігіне үміткер және 53 бірінші дәрежелі спортшылар әзірленді. Сондай-ақ, еліміздің ұлттық құрамаларына барлығы 257 жас мүшелікке қабылданды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 40 адамға артық.

Облыс әкімі спорт саңлақтарына ерекше қолдау білдіріп жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл жастардың жігеріне жігер қосып, алға қарай жетелей түсетіні айдан анық. Мәселен, елімізге белгілі ауыр атлет Алмас Өтешов пен «Қайсардың» сұрмерген шабуылшысы Жасұлан Молдақараев аймақ басшысының қолынан жаңа пәтердің кілтін алды. Оны жастарға деген зор сенім, үлкен үміт деп санасақ та, артық емес.
Айтса айтқандай, Алмас ауыр атлетикадан Польшаның Вроцлав қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, барша жұртты көл-көсір қуанышқа кенелтті. Оны биылғы жылғы жоғары жетістіктің бастысы ретінде атап өтуге әбден болады. Бүгінгі күнге дейін осындай толайым табысқа кенелген қазақтың қарадомалақ баласы болған жоқ.
Сондай-ақ, дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қызылордалық өрен Бауыржан Жауынтаев алтыннан алқа тағып қайтты. Жалпы алғанда, бүгінгі күнге дейін жасөспірімдер қатарында мұндай биік белесті бағындырған балуан болған жоқ. Рас, ересектерде Максим Раков, жастардан Елдос Сметов әлем чемпионы атанды. Беделді бәсекенің төрінде тұрып, еліміздің Туын көкте желбіретті.
Жыл ішінде спорт саласында осындай жетістіктерге қол жетті. Мұндай толайым табыс алдағы уақытта да жалғасын таба береді деген үміттеміз.
Әділжан ҮМБЕТ.