ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛҒА ТОЛДЫ

ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛҒА ТОЛДЫКүрішті де ырысты Жалағаш ауданының диқандары биылғы жылы 18213 гектар жерге күріш дақылын орналастырған болатын. Күріш егісінің басым бөлігіне, яғни 11 мың гектар жерге «Янтарь» тұқымы егілсе, қалған жерлеріне «Маржан», «Лидер» тұқымдары орналастырылған.
Биылғы жылы аудан шаруашылықтары тыңайтқыштарды арзандатуға, жанар-жағармай мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын түсіруге және суармалы суды жеткізу құнын арзандатуға Yкімет тарапынан 635 миллион теңгедей субсидия алып, толықтай игерген. Әлі де суармалы суға 16 млн. теңге субсидия қаржысын алмақ.
Аудан диқандары Сыр маржанын күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізіп, мол өнім алуға толық негіз қалап отыр. Бүгінде күрішті ору мен бастыру жұмыстары жасалынған кестеге сай ұтымды ұйымдастырылуда. Қолға түскен нақты деректерге жүгінер болсақ, бүгінгі күнге аудан бойынша 15032 гектар жердің күріші орылып, 12677 гектар жердің Сыр салысы бастырылған. Әзірге әр гектардан алынған өнім 49,2 центнерден айналып отыр.
– Сыр маржанын жинауды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Нұрымбет, – 7-8 қазан күндері аяқтауды жоспарлаудамыз. Өткен жылы аудан бойынша әр гектардан 45,6 центнерден өнім жиналса, биылғы жылы 50 центнерден алуды межелеп отырмыз. Оған толық негіз бар.

ҮЗДІКТЕР СЫЙАҚЫ АЛУДА
Аудан шаруашылықтарының көш басында «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келеді. Бүгінде 772 гектар күріш егісін толықтай жинап алған бұл шаруашылық диқандары әр гектар жерден 65 центнерден Сыр маржанын қамбаға құйып алған. Асылбек Берістенов пен Болат Ділдәбеков басқаратын бригада күрішшілері егілген 302-370 гектар алқаптың әр гектарынан 63-71 центнер аралығында өнім жинады. Ал, сушылардың көш басына 60 гектар күріштің әр гектарынан 73 центнерден Сыр салысын жинаған Болат Тасбергенов шықса, сушы Оразбек Төреқұлов 72 центнерден өнім алған. Жаткашы Муса Сәменов 500 гектар жердің күрішін ораққа салса, комбайнерлар Рүстем Төреқұлов пен Әділбек Пірімжанов 20-21 мың центнерден алтын астық бастырды.
Бір айтарымыз, «Байтабын» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігі – шетелдік. Яғни, жаткалар мен комбайндарды АҚШ, Германия, Канада елдерінен алдырған.
– Біздің «Байтабын» ЖШС, – дейді осы шаруашылық жетекшісі, яғни инвестор Сапарбек Мыханов, – «Табан көл», «Фермерлік қожа», «Ынтымақ», «Ұзақ» шаруа қожалықтарын толықтай қаржыландырып отыр. Содан да күріш егісінің көлемі 1358 гектарға жеткізілсе, биылғы жылы 40 гектар жерге көкөніс-бақша, картоп дақылдарын, 194 гектар жерге жаңа жоңышқа егіп, 280 гектар ескі жоңышқаны күтімге алдық. Келесі жылғы егіске қажетті 600 тонна тұқымды да толықтай құйып алдық. 
Айтса айтқандай, бұл шаруа қожалығында ауылдың 123 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Олардың орташа айлық жалақылары 80 мың теңгеден көрінеді. Жарыстың көш басына шыққан жаткистер мен комбайнерларға 300 мың теңге көлемінде сыйақы берілсе, екінші орынға 200 мың теңге сыйақы беріліп жатыр.
Аудандағы Еркін Бекжанов төрағалық ететін «Құрманбай ата» шаруа қожалығы да егілген 340 гектар жердің Сыр маржанын жинап алды. Олар әр гектар жерден 60 центнерден өнім алса, Иманзада Шағыртаев басшылық жасайтын «Таң ЛТД» ЖШС диқандары да жиналған 988 гектар жердің әр гектарынан 59,2 центнерден өнім алған.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, кезінде тоқырауға ұшыраған Жалағаш элеваторы толықтай іске қосылған. «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС-на қарасты бұл элеватор тек қана Жалағаш ауданы шаруашылықтарынан ғана емес, облыс аймағындағы шаруашылықтардан астық қабылдауда. Бүгінде бұл өнеркәсіп орны 70 адамды тұрақты жұмысқа қабылдады. 
Бұл күндері «Байтабын», «Сәрке батыр», «Ералы» шаруа қожалықтары сүдігер айдау жұмысына кірісіп кетті.
Еркін ӘБІЛ.
Жалағаш ауданы.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДӘУЛЕТ 01 қазан 2013 г. 2 034 0