Кеше орталық алаңда Жаңа жыл мерекесінің шырайын келтіріп, айшықтай түсетін бас шырша шамы жағылды. Салтанатқа облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов жиылған жұртшылықты табалдырығымыздан аттағалы тұрған жаңа жылмен құттықтады.
– Санаулы күндерден соң біз 2017 жылға қадам басамыз. Жаңа жылды жақсылықтың жаршысы деп, әрдайым жаңалықтар күтеміз. Биылғы жыл еліміз үшін берекелі де мерейлі жыл болғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын кең ауқымда атап өттік. Ширек ғасыр ішінде аймақ экономикасының барлық саласының қарқынды дамуына қол жеткіздік. Облыс халқының саны 800 мыңға жетті. Қызылордада Сырдария өзені үстінен көпір салынып, бұйырса жаңа жылдан бастап сол жағалауда жаңа қала құрылысына кірісеміз, – деген ол соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерді атап өтті.
Мұнан соң жаңажылдық бас шырша шамын жағу құрметі Мешін жылында спортта зор жетістікке жеткен спортшыларға берілді. Шахматтан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы Назерке Нұрғали, республикалық ұлттық дельфий ойындарының алтын жүлде иегері Қарақат Басарбай, каратэ-додан ересектер арасында Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай мен Нұржан Ақпанбет бас шыршаның шамын жақты. Ертегідегі қалашықтай безендірілген орталық алаңда театрландырылған көріністер қойылып, өнерпаздар шыршаны айнала ән шырқады. Ал ерекше шаттанған бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, ән мен жырдан шашу шашты. Осылайша, Сыр аспанын әсем әуенге бөлеген мерекелік кеш көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Н.ҚАЗБЕКОВ.