Өткен сенбіде облыс әкімі Қ.Көшербаев және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан заманауи саясатты насихаттау мақсатында мәжіліс өтті.
Жиын барысында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы сыбайлас жемқорлық еліміздің әлеуметтік-экономиканың дамуын тежейтінін атап өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік дамудың кезекті жаңа жолын айқындап берген «Ұлт Жоспары 100 нақты қадам» бағдарламасы ел өміріндегі ерекше саяси оқиға болды. Бұл ретте айрықша маңызға ие Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мақсатында жыл басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа Заң жобалары қолданысқа енгізілгені бәрімізге мәлім. Өздеріңізге белгілі, еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жемқорлықпен табанды күрес жүргізіп келеді. Әрине, жемқорлықпен күрес бойынша облыс әкімдігінде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
ҚР Бас Прокуратурасымен БҰҰ Даму бағдарламасы жүргізген талдау бойынша Қызылорда облысы 2014-2015 жылдары ең қауіпсіз аймақ болып танылды. Бұл жетістікті құқық қорғау органдарының бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі деп білемін, – деді аймақ басшысы.
Жиында агенттік төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлең¬келі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, А.Шпекбаев Қызылорда облысы бойынша лауазымды тұлғалар тарапынан болған сыбайлас жемқорлық фактілеріне тоқталып, бейнеролик бойынша баяндады.
– «Transparency International» ұсынған карта¬сындағы мәліметтерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық деңгейі әлемнің 168 мемлекеті ішінде Қазақстан 123 орында болды. 2014 жылы халықаралық рейтингтегі динамика 123 орыннан 140 орынға көтерілді. Әкімшіліктік сыбайлас жемқорлық бойынша 2015 жылдың 11 айында бірінші орында білім саласы тұрса, 2016 жылдың 11 айында денсаулық саласы жемқорлыққа бейім салалардың көшін бастап тұр. Айта кету керек, бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық қылмыстарының көп тараған түрлері парақорлық, ұрлық, қызмет бабын теріс пайдалану, қызметтік жалғандық жасау, – деді А.Шпекбаев.
Сондай-ақ, жиын барысында облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдармен жұмыс және сыбайлас жемқорлыққа қар¬сы іс-қимыл бөлімінің басшысы – әдеп жөнін¬дегі уәкіл С.Шотаев аталған бағыт бойынша аймақта атқарылған жұмыстар туралы жеткізді.
– 100 нақты қадамның он үшінші қадамы жемқорлыққа қарсы күресті күшейту болып табылады. Қазіргі таңда 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында облыс бойынша сапалы және кең көлемде іс-шаралар өткізілуде.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың он айында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 160 қылмыс тіркеліп, 15 пайызға өсіп отыр. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке 810 млн теңгеден астам залал келтірілсе, оның 740 млн теңгесі (91 пайызы) өндірілді. Есепті мерзімде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу санатындағы қылмыстар үшін сотталғандардың көпшілігі білім саласы мен ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері болып отыр.
Мемлекеттік қызмет саласында жыл сайын талап күшейтілуде. Себебі заманның талабы да өзгеруде. Кез келген келеңсіз жағдайлардың алдын алу шараларына аса қатты мән беріліп келеді. Әдеп жөніндегі уәкіл институтын енгізудің басты мақсаты да осында. Жалпы мемлекеттік қызметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру және олардың құқықтарын қорғау. Ол үшін ел бізге үлкен сенім артып отыр. Оған біздің күшіміз жеткілікті. Сондықтан сенімді ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді С.Шотаев.
Айта кетейік, А.Шпекбаев мәжілістен кейін жергілікті Кәсіпкерлер палатасына барды.
Шынар БЕКБАН.