Оңтүстік өңірдің өркенді істері

Кеше Өңірлік коммуникациялар орталығында Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, ағымдағы жылдың 11 айында ауданда атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өнімдерін өндіру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 126,9 пайызға артты. Ал өңдеу өнеркәсібінде өсім 121,6 пайызды құрап отыр.
Аудан әкімінің айтуынша  ағымдағы жылдың 11 айында өнеркәсіп саласында 101645,2 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бүгінгі күні Индустрияландырудың өңірлік картасына құны 1,747 млрд теңгені құрайтын 4 жоба еніп отыр. Аудандағы қиыршық тас зауыттары «Қазпром – Қызылорда Компаниясы» ЖШС, «КДСМ Қыран» ЖШС, «УАД» ЖШС және томат өнімін өндіретін «Тату Агро» шаруа қожалығы және жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС Индустрияландырудың республикалық картасына енген.
Іргелі өңір табиғи қазба байлықтары уран, әктас және полиметалл кендерінің көптігімен ерекшеленеді. Бүгінде ауданда кен өндіру саласы бойынша 9 мекеме жұмыс жасаса, оның екеуі шетелдіктердің қатысуымен уран өндіруде. Сонымен қатар, өңірде 19 шағын және орта бизнес кәсіпорны тұрақты жұмыс жасауда. Ғалым Әміреев алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатынын, кәсіпкерлерге арналған гранттық бағдарламалардың жүзеге асатынын жеткізді. 
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қолға алынуда. Аймақтағы «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ «Тау кен самұрық» АҚ меншігіне өтті. Бүгіннің өзінде кеніштен кен өндіру және байыту фабрикасын салуға дайындық жұмыстары басталды. Мұнан бөлек «БК Қызылордацемент» ЖШС-ның жылына 560 мың тонна цемент өндіретін  және 12 мың 750 тонна томат пастасын шығаратын зауыт құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар толықтай жүзеге асқан жағдайда 600 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
– Үдемелі индустрияландыру инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ауданда бірнеше жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге жаңа жылда Жаңақорған ауданында 16 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Қазірдің өзінде халықтан 300-400 пәтерге сұраныс түскен. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған гранттық қаржыландыру шеңберінде 30 миллион теңге қарастырылған, – деді аудан әкімі. 
Жалпы, ауданда өткен жылмен салыстырғанда барлық сала бойынша ілгерілеушілік байқалады. Жыл қорытындысында ауылшаруашылық саласы облыста үшінші орынды иеленді, білім, мәдениет, денсаулық салаларында да жетістіктер өркен жайды. Оңтүстік өңірдегі өрелі істер жалғасын табатын болады.   
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 желтоксан 2016 г. 663 0