Ұсыныс-тілектер ескеріледі

Ұсыныс-тілектер ескеріледі«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Облыстық «Невада-Семей» ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәбит Әбішті онкология ауруымен ауыратындардың қатарында Семей атом полигонынан зардап шеккендердің көп болуы алаңдатады. Қабылдауға келген ол қазіргі облыстық онкология ауруханасының науқастар үшін тарлық етіп отырғанын айтты. Аймақ басшысы облыстық аталған аурухана құрылысына арнап Қызылорда қаласы маңындағы Талсуат ауылдық округінен 5 га жер бөлінгеніне тоқталды. Бүгінде жоба-сметалық құжаттарды дайындауға облыстық бюджеттен қаржы бөлу жоспарланған. Алдағы жылы аурухана құрылысын бастауға барлық күш жұмылдырылмақ. 
Жаңақорған ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Өркен Құрбанов ата-анасы қайтыс болған соң,  өзінен кейінгі 4 бауырын қамқорлығына алған. Бүгінде жас жігіт кәсіптің көзін тауып, отбасын асырап отыр. Өркен гипстен аң, құс мүсіндерін жасаумен және бетоннан құрылыс заттарын шығарумен айналысады. Қызылорда, Түркістан қалаларынан түскен тапсырыстарды сапалы орындап береді. Қабылдау кезінде Өркен жаңадан салынатын дарияның сол жағалауын абаттандыруға  қатысу ниетін білдірді. Бірқатар жобасына қолдау көрсетуді сұрады. Жас болса да, бас болып, іскерлігімен замандастарына үлгі көрсетіп жүрген Өр¬кен¬нің бастамалары құптауға тұрарлық. Сол жағалауды игеру¬дің бас жоспарына сәйкес, парк¬тер мен саябақтар және көпқабатты үйлер арасында демалыс орындарын салу жоспарланған. Абаттандыру жұмыстары кезінде Өркен шығарған құрылыс материалдары мен мүсіндерді пайдалануға болады. Облыс басшысы жас талаптың ұсыныстарына нақты қолдау көрсетуді тапсырды.  
Қармақшы – облыстағы тынығу ла¬гері жоқ жалғыз аудан. Қабылдауға кел¬ген Гүлзат Жәлелова оқушылардың жазғы демалысты ауданнан тыс жерде өткізетінін айтты. Лагерь болмағандықтан балалардың бос уақытын ұйымдастыруда түрлі қиындықтар туындап  жатады. 
Қармақшы ауданынан тынығу лагерін салу бойынша 2015 жылы жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс жұмыстарына 1 255 254 мың теңге көлемінде қаражат қажет. Бүгінде балалар лагерінің құрылысын жүргізуге 2017 жылға 100 млн теңге, 2018 жылға 500 млн теңге, 2019 жылға 655,2 млн теңге бөліну жоспарлануда. Тынығу лагерьлері тек жаз айларында жұмыс істеп, қалған уақытта бос тұрмас үшін олар жыл он екі ай жұмыс тәртібіне көшуде. 
Қабылдауда «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Сабанбаев Ғани Мұратбаевтың туғанына 115 жыл толуына орай шаралар ұйымдастыру, «Дослик» өзбек этномәдени орталығының төрағасы Кахар Дадашев көрші Өзбекстанмен достық, экономикалық байланыс орнату мәселелерін көтерді. Облыс басшысы Ғани Мұратбаев есімін ұлықтау шараларының ауқымын, мазмұндық аясын кеңейтуді, Мәскеудегі зиратына барып, тағзым етуді тапсырды. Көршілес әрі бауырлас Өзбек елімен достық, әріптестік қатынастарды жолға қою шаралары алдағы жылдың басына жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде көрші елмен бірігіп жасайтын жұмыстар көп.  
Қабылдау барысында облыс әкімі келушілердің өтініштерін қарап, тиісті шешім шығару үшін сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 желтоксан 2016 г. 882 0