Тұғыры биік Тәуелсіздік монументі

Тұғыры биік Тәуелсіздік монументіЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған монументті ашты.
Салтанатты іс-шарада Нұрсұлтан Назарбаев:  «Биікке ұмсынған бұл ауқымды ескерткіш еліміздің ширек ғасырдағы бұрын-соңды болмаған шарықтау кезеңін және әлемнің ең озық отыз елінің қатарына қосылуға ұмтылысын айшықтайды. Оның 25 қыры – Тәуелсіз Қазақстанның заманауи тарихының әрбір жылының символдық бейнесі», - деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы монументтің респуб­ликамыздағы басты сәулет рәміздерінің қатарынан айрықша орын алатынына сенім білдірді. Және Астананың осынау жаңа көрнекті тұсы Елорда тұрғындары мен қонақтары жиі келетін тағы бір көпшілік орынға айналатынын айтты. Сонымен қатар, бұл монумент миллиондаған меймандар келетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында орналасуымен де ерекшеленеді.
«Бұл монумент Қазақстан Республикасының бес жылдығы қарсаңында Алматы қаласында ашылған алғашқы Тәуелсіздік монументінің, елордамыздың символы болған Бәйтеректің, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында бой көтерген «Қазақ елі» мемориалдық кешені мен «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының ортақ тарихи желісін жалғастыратын болады», - деп Елбасы жоба идеясы авторларына, сәулетшілер мен құрылысшыларға нысанды табысты аяқтағаны үшін алғыс білдірді.
Бір айта кететіні, былтыр желтоқсан айында Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған монументтің үздік сызба-идеясының жеңімпаздары анықталған болатын. Конкурстың қорытындысы бойынша, бірінші орынды алматылық Еділ Әлімбеков жеңіп алған еді. Монумент авторының айтуынша, көкке ұмтылған стелланың 25 қыры – Тәуелсіздіктің 25 жылын білдіреді.
Салтанатты жиында Ұлт Көшбасшысы: «Келешекте Астана тек біздерді ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуразия континентін таңғалдырып, ғылым мен мәдениеттің ордасына айналады. Халық қолайлы әрі жайлы қалада тұратын болады», - деп нақты түйінін жеткізді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2016 г. 861 0