Дүйсенбі күні облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысушыларға құттықтау лебізін арнады.
– Жыл басынан бері атап өтіп келе жатқан Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі өзінің шарықтау шегіне жетті. Бұл – барша қазақстандықтар мен әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қандастарымыз үшін ең қасиетті де қастерлі мереке,– деді облыс әкімі сөз барысында. – Алдымыз тұманды, болашағымыз күмәнді тұста Жаратқанның қолдауымен, асыл халқымыздың ақ тілеуімен 1991 жылы 16 желтоқсанда азаттықты аңсаған бабалар арманы орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегендеп, болашағына бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президентіміздің халыққа, елге берген еңбегі ұшан-теңіз. Осы жылдардағы елімізде атқарылған игі істердің барлығы да Елбасы есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіздікке ие болғаннан бері ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз жетерлік. Сол жасампаз жарқын істер арқылы заманауи мемлекет құрдық. Біз – мүддесі бір, «Мәңгілік ел» деген тұжырымды айқын мақсат еткен халықпыз. Біз – өз ұстанымы, кемеңгер көшбасшысы бар береке-бірлікті мемлекетпіз. Ендеше тәңір тарту еткен Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! – деп атап өтті аймақ басшысы. Сонымен қатар еліміздің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан азаматтарды марапаттау үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі тағайындалғанын жеткізді. Елбасы шешімімен отаншыл азаматтық ұстанымы, экономика мен әлеуметтік саланы дамытудағы белсенділігі үшін, сондай-ақ руханият, ғылым мен білімді және мәдениетті одан әрі өркендетудегі сіңірген еңбегі үшін бірқатар Сыр елінің азаматтары марапатталғанын атап өтті.
Мұнан соң аймақ басшысы мерекелік медальды Еңбек Ерлері Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Оразбай Әбішев, Аманкелді Ахметов бастаған ел ардақтыларының кеудесіне тақты. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелеріне, облыстық мәслихат депутаттарына, облыстық құқық қорғау органдары, басқарма басшыларына, басқа да мемлекеттік қызметкерлерге табыс етілді.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының «Құрмет Грамотасымен» Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Берік Бейсембаев марапатталды.
Шара соңында марапатталғандарға Сыр елінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс айтқан аймақ басшысы Елбасы бастауымен, халықтың қолдауымен Тәуелсіздігімізді нығайта берейік деген тілегін жеткізді.
***
Дүйсенбіде, сондай-ақ, облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов салтанатты шара өткізді. Еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнінің халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтіп, ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктерімізге тоқталды. Сонымен бірге, Тәуелсіздік мерекесінде еліміздің өркендеуіне еңбегімен өзіндік үлес қосқан азаматтарды марапаттау дәстүрге айналғанын жеткізді. Осы ретте Елбасы Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін білім, мәдениет, спорт, мұрағат және кітапхана салалары мен қоғамдық ұйымдар өкілдеріне табыс етті. Сонымен қатар, бірқатар азаматқа облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыстап, марапат иелеріне ізгі тілектерін арнады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.