Халыққа жарық сыйлаған

Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің төрағалығымен өткен мәжілісте энергетикалық консорциум мәселелері қаралды.
Мәжілісті ашқан облыс әкімінің орынбасары энергетика саласының қызметкерлерін Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және кәсіби мерекемен құттықтап, ширек ғасырда энергетика саласында қол жеткен жетістіктерге тоқталды.
– Айта кету керек, тәуелсіздік жылдарында өңіріміздің энергетика саласы да сүбелі жетістіктерге қол жеткізді. Облыс көлемінде 300 шақырымнан аса электр желілері жаңартылып, 90-ға жуық қосалқы стансалар орнатылды. Бұл өз кезегінде тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, облыс орталығы – Қызылорда қаласы мен 4 аудан орталығы газдандырылып, сырбойылықтардың 63 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көруде. Халықтың ауыз суға қол жетімділігі 100 пайызды құраса, оның 95 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. 2015 жылы Қызылорда қаласындағы «Степь» бас су тоғаны іске қосылып, облыс орталығы толығымен сапалы жерасты су көзінен ауыз су қолдануда. Сонымен бірге, соңғы жылдары Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің құры­лысы да қарқынды жүргізілуде, – деп атап өтті С.Сүлейменов. 
Оған қоса ағымдағы жылы «Қызылорда жылу электр орталығы» мен «Қазалы-Теміржолжылу» кәсіп­орын­дары біріктіріліп, облыстық бас­қаруға өткізудің оң шешімі табылды. Жылу беру кәсіпорындарын оңтай­ландырудың бір нәтижесі «Қа­залы-Теміржолжылу» мекемесі «Қы­зылорда Жылу-Электр Орталығы» кәсіпорнының құрамында биыл алғаш рет Үкімет резервінен мазут алды. Сондай-ақ, аталған мекеме «Қызылорда Жылу-Электр Орталығының» филиалы ретінде Еуропалық қайта құру және Даму банкінен кәсіпорынды қайта жаңғырту мақсатында несие алу мүмкіндіктері қарастырылатын болады.
Мәжілісте аталған саланың даму бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Усаинның және «Энергетика» консорциумының ағым­дағы жылы атқарған жұмыстары бойынша консорциум төрағасы М.Кәрімбаевтің хабарламалары тың­далды.  
Мәжіліс соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов бір­қатар сала қызметкерлерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құр­мет» грамотасымен және «Қазақ­станның еңбек сіңірген энер­ге­тигі», «Қазақстанның құрметті энергетигі», Қазақстан су арнасы Ассоциациясының «Үздіктік белгісі» медальдарымен марапаттады. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2016 г. 457 0