Жарқын болашақтың жолы

Астанада өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға Сыр өңірінен барып, Мемлекет басшысының қатысуымен болған шараның куәсі болдық. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағына көз жүгіртіп, алдағы 2050 жылдағы елдің жағдайын суреттеп берді. 
Рас, ол уақытқа дейін әлі талай оқиғалар болары сөзсіз. Дегенмен, 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіреміз. Елбасы мемлекетімізде орта санаттағы азаматтардың саны басым болатынын мәлімдеді. Сол кезде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Ол үшін бүгінде Ұлт жоспары аясында тиісті жағдайлар жасалуда. Ұлттық экономика еңбек өнімділігінің өсуі арқасында дами түседі. Мемлекет басшысының болжамынша, оның көрсеткіші бес есеге артып, бір адамға шаққанда 120 мың долларға өсетін болады. Сонымен бірге инновациялық даму моделіне көшетінімізді де айтты. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бес жылында 300-ден астам жаңа кәсіпорын салынатынын жеткізді. 
Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасыры – Еуразия жүрегіндегі Ұлы далада жазылған мыңжылдық тарихтың жаңа дәуірі екенін айтты. Жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырғанын және ол бақытты буын біздер екенімізді мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәнін тұтас ғасырға теңеді. «Былтыр біз ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, тарихи оқиғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Санғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болып еді. Жердің шетіне қада қағып, мөр басып, атақонысын біржолата иемдене алмады. Сан мыңдаған жылдар бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қолынан келгенше қорғады. Бірақ, дәуірдің барлық дауылынан қайыспай төтеп берді. Бұл біздің халқымыздың Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып, тұңғыш рет жаңа заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз осы» – деді Президент. 
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
облыстық мәслихат хатшысы.

Жеткен жетістік – толағай табыс
 Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шара болып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған Мемлекетіміздің дамуына, Тәуелсіздігіміздің нығаюына зор үлесін қосып жүрген азаматтар қатысты. Салтанатты шарада Елбасы өткенімізге көз жүгіртіп, қазіргі жеткен жетістіктерімізді саралады. Онда келелі мәселелер де айтылды. Мәселен, Президент Н.Назарбаев Үкіметке алдағы жылдан бастап  зейнетақы мөлшерін 20 пайызға өсіруді тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің баянды болуына үлес қосып келе жатқан еліміздің әрбір аймағына жеке-жеке тоқталып, алғысын білдірді. Мұның бәрі де Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екенін аңғартса керек. Бастысы, салтанатты жиында еліміз Тәуелсіздік алған тұстағы қиын кезеңдер артта қалып, қазір дамудың даңғыл жолына түскен мықты жас мемлекетті көре алатынымызды тағы бір дәлелдеді. Сондай-ақ, Елбасы қазақ тілінің өрісі кеңейіп келе жатқанын жеткізді. 
 «Біз қасиетті қазақ тілі мен ұлттық мәдениетіміздің жаһандық гуманитарлық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз еттік. Өздеріңіз көріп, естідіңіздер, қазақтың тілі БҰҰ Бас Ассамблеяның төрінен естілді. Ол ғарыштан да естілді. Бүгінде интернеттің де тілі болып отыр», – деді. Ел болашағы қазақ тілімен тікелей байланысты. Сонымен бірге Тәуелсіздікке дейін  Алматының өзінде бір ғана қазақ мектебі болғанын, алайда 25 жылдан кейін елімізде қазақ тілінде білім беретін 1 мыңнан астам мектеп ашылғанын атады. Елімізде студенттердің 60 пайызы мемлекеттік тілде білім алып жатқаны да зор қуаныш. 
Елбасы қазақ тілінің бірнеше мемлекеттерде, атап айтар болсақ, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Польша, Әзірбайжан, Армения сияқты елдердің университеттерінде оқытылып жүргенін айтты.   
 Жалпы, салтанатты жиыннан алған әсеріміз зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктер толағай. Біз Елбасының сарабдал саясаты арқасында әлі де талай белестерге шығатынымыз айқын. 
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры.

Медицина маңызы
Тәуелсiздiк сарайында ҚР Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай өткізілген салтанатты жиында Елбасы егемен еліміздің ширек ғасырда жеткен жетістіктерін саралады.  Қарап отырсақ, қоғамның қай саласында болмасын қол жеткізген табыстарымыз, алған асуларымыз көп екен. Соның ішінде мені қуантқаны медицина саласының даму деңгейі болды. Дәрігер  ретінде денсаулық сақтау саласындағы әрбір жемісті іске қуанып отырамын. Медицина саласының жетістіктерін айтқан Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, ел игілігіне берілгенін, олардың барлығы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанын, 90-жылдардың басындағы және бүгінгі медицинаның арасы жер мен көктей екенін атап айтты. Сондай-ақ, Елбасы бүгінде елімізде бүйрек, жүрек, өкпе ауыстыру операцияларының еш қиындықсыз жасалып жатқанын, оған қоса ашық жүрекке ота жасаудың жолға қойылғанын ерекше атады. Президент атап өткендей, медицина саласына мемлекет тарапынан жасалған қолдаулардың және ел экономикасының жақсаруы нәтижесінде елімізде бала туу көрсеткіші едәуір артқан. Осы орайда Елбасы Үкiметке келесi жылдан бастап зейнетақы мен бала тууға байланысты берiлетiн бiр реттiк мемлекеттiк жәрдемақы көлемiн ұлғайтуды тапсырды.
«Мен Үкiметке Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай келесi жылдан бастап зейнетақы көлемiн 2016 жылғы деңгейден 20%-ға ұлғайтуды тапсырамын. Бұл игi шара 2 млн 200 мың қазақстандықты қамтиды. Сондай-ақ, 2017 жылғы 1 шiлдеден бастап бала тууға байланысты берiлетiн бiр реттiк мемлекеттiк жәрдемақы көлемiн 20%-ға ұлғайтуды тапсырамын. Бiзде қазiр бала туу көрсеткiшi өте жоғары, өсiм – 55%, бiзге керегi осы», – дедi Президент.
Сонымен бірге Елбасы елімізде өмір сүру ұзақтығының 72 жасқа жеткенін, 2050 жылы ол көрсеткішті 82 жасқа жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Мұның барлығы, әрине, тәуелсіздігіміздің төл жемісі екені сөзсіз.
Гүлнар ЖҰМАШЕВА,
 облыстық «Ана мен бала орталығының» 
бас дәрігері.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 желтоксан 2016 г. 511 0