СЫР ХАЛҚЫНА ҮНДЕУ

Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі мерекесінің шешуші шарықтау сәтіне де санаулы күн қалды. 
Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді. 
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі аймағымыздың зор келбетін айғақтап тұр. 
Мұның барлығы Елбасының Сыр өңіріне деген  ерекше қамқорлығының және халықтың тынымсыз еңбегінің арқасында жүзеге асырылып отыр. 
Осы тұста елдің, оның ішінде Сыр халқының әрбір жеткен жетістігі сарабдал сүзгіден өтіп, елін сүйген, елі сүйген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегіне лайықты құрмет жасалуы тиіс деп білеміз.
Еліміздің ширек ғасырдағы жетістіктері – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Қазақстан дамуы мен ілгерілеуінің басты кезеңдері көрініс тауып, Мемлекет басшысының ғаламат рөлі айқындалған маңызды құжат – Парламент бірауыздан қабылдаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясына Сыр жұртшылығы үн қосып, қолдау білдіруде. 
Шешуші кезеңде Сыр халқына сенім артып, ата қоныста қалуы үшін қиын-қыстау, алмағайып заманға қарамай Алаштың Анасына балап, аяғына тік тұрғызған Елбасының еңбегі қандай да құрметке лайық. 
Ерлікке тең бұл қамқорлықты ескермеу біз үшін сын деп білеміз. 
Соңғы жылдары Сыр елі өркендеп, ырысы тасып, берекелі аймаққа айналуда. Өндірісті әртараптандыруда, ауыл шаруашылығын дамытуда, әлеуметтік саланы қолдауда қарқынды үдеріс қалыптасты. 
Сонымен бірге, Қызылорда қаласында бұрын-соңды болмаған құрылыс қанат жайды, соңғы жылда 11 мөлтек аудан пайда болды. 
Осы ретте, біз – облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері және «Қазақстан-2050» Демократиялық күштері облыстық коалициясы, Қазақстан Халқы облыстық ассамблеясы, азаматтық қоғам институттары бірлесе отырып, табаны тарихпен үндескен Арал халқының Елбасының ерлігін бағалап, еңселі ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысын қолдауды және Елбасы құрылысын бастаған 30 көпқабатты үйлі мөлтек ауданға «Нұр Орда» атауын беруді ұсынамыз. 
Бұл шын мәнінде, Тәуелсіздіктің осындай ширекғасырлық мерейлі сәтін бағалауда дұрыс тарихи шешім болар еді. 
Осы Үндеуді қолдауларыңызды сұраймыз.
 Құрметпен, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері
«Қазақстан-2050» Демократиялық күштері
облыстық коалициясы
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы
Азаматтық қоғам институттары.

Қызылорда қаласы
12 желтоқсан 2016 жыл.

БАЯНДЫ БАСТАМА
Арал аудандық қоғамдық кеңесінің айдынды Арал өңіріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің ескерткішін орнату жөніндегі ұсыны¬сын шын ризашылық көңілмен қол¬даймын.
Иә, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аралдықтарға жасаған қамқорлығы ұшан-теңіз.
1993 жылы Қызылордада Арал проблемасы жөнінде алғашқы халық¬аралық конференция ұйымдастырылды. Оған ұйтқы болған да Елбасы болатын. Алқалы жиында Арал өңіріндегі экологиялық қасіреттен зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік қолдау туралы заңды өмірге әкелу әңгіме болып, бүгінде халық игілігін көріп отырған экологиялық коэффициент енгізілді.
Аталған конференцияға сол кезде Орта Азияның бес мемлекетінің президенттері, сондай-ақ, әлем таны¬ған атақты ғалымдар қатысып, Үндеу қабылдаған еді. Сонымен бірге Ха¬лық¬аралық «Арал теңізін құтқару қоры» құрылды. Міне, содан бастап Дүние¬ жүзінің қоғамдық ұйымдары, ха¬лықтары, ірі ғалымдары, ел басшы¬лары Арал теңізіне назар аудара бастады.
Шыны керек, Елбасы Аралды бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауға байланысты Елбасының өз Үндеуінде бірінші кезекте Арал проблемасын тағы да көтеруі сөзімізге дәлел. Иә, біздің «Ғасыр жобасы» атап жүрген САРАТС жобасының алғашқы сұлбасы сол кезде жасалған болатын.
Арал аймағын ұдайы назарда ұстаған Президент 2005 жылдың 27 сәуірінде ауданға арнайы іссапармен келді. Бұл күн – Арал тарихында айтулы күн болды. Қамқоршысын ерекше ілтипатпен қарсы алған аралдықтар үшін Нұрсұлтан Әбішұлы таза ауыз судың тұсаукесерін жасады. Судың дәмін татып, дидарынан нұр шашылған Президент сонда: «Ең таза ауыз су – аралдықтарда» деп ағынан жарылған еді. Сол ұмытылмас сәтте тебіренген Президент: «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деді халық алдында ағынан жарылып.
Сондықтан Мемлекет басшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ескерткішін Арал ауданынан орнату баянды бастама деп санаймын.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы.

АЛАШТЫҢ АНАСЫН АРДАҚТАҒАН
Қазақта «Кеңесіп жүрген ел жақсы» деген дана сөз бар. Егер елдің бірлігін, халықтың тұрақтылығын ойласақ, бүгінгі жаңа Қазақстанның келбетінен қазақтың бойындағы барлық ұлы қасиеттерін көргендей боламыз. Ширек ғасыр деген ғарыштық өлшеммен қарасақ, көп уақыт емес, қас пен көздің арасындай қысқа ғана кезең. Бірақ ширек ғасыр деңгейінде ескінің орнын жаңарттық, жаңартып қана қоймай, оны әлемге таныттық. Бұл Ұлы тұлға басшылығымен жүзеге асты. Әрбір тарихи оқиғаның бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Сондықтан аралдықтардың Тұңғыш Президентімізге ескерткіш орнату туралы ұсынысын толығымен қолдаймын. Ескерткіш орнату ол құрмет көрсету, қадір-қасиетті құрметтеу дегенді білдіреді. Ескерткіш деген дүниенің жанында рухани озон пайда болады, әдемі аураны сезінетін боламыз. Бұл болашақ ұрпаққа қызмет етеді. «Өз өзіңді жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін» демекші, тарихи тұлғамызды құрметтегендердің ішінде алғашқысы болайық дегім келеді. Сондықтан осындай ұсыныс жасаған аралдықтарға рахмет айтамын.
Шәкизада ӘБДІКӘРІМОВ, 
облыстық мәслихаттың депутаты.

ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ
Мен – тіршілігі киелі теңізбен тығыз байланысқан балықшы қауымның ұрпағымын. Біздің әулеттің балық шаруашылығы кәсібі бойынша династиямыздың еңбек өтілі екінші ғасырға қадам басты. Сондықтан атадан балаға, одан ұрпағына жалғасып келе жатқан кәсіп десем, артық емес. Өзім де есімді білгеннен осы салада жұмыс жасап келемін.Қарапайым балық өңдеуші болып бастаған еңбек жолымда ұжымдас аға-апаларымның мол тәжірибесін бойыма сіңіруге тырыстым. Жаман болғаным жоқ. Нақты кезеңде «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС өнім дайындау бөлімінің аға шебері қызметін атқарамын. 
«Өткенсіз келешек жоқ» деген тәмсіл  Арал өңірінің басынан кешірген небір тарихын есіңе түсіреді. Теңіздің басынан бағы тайып, арнасынан суы қашқан ауыр кезеңде жалпақ жұрттың ата қонысынан амалсыздан үдере көшкен сәті әлі санамызда сақтаулы тұр. Сол қиын  күндерде де балық сатып отбасымызды асырағанымыз ащы шындық. Елбасымыздың тікелей жанашырлығымен САРАТС жобасы жүзеге аспағанда, бұл тығырықтан қалай, қашан шығарымызды кім білсін?!
Қазіргі таңда зауыттың өңдеу цехында балықтың көптеген түрінен өнім дайындалады.Өткен жылы 300 тонна өнім өңделді. Өнімдеріміз Ресей, Грузия, Украина, Әзербайжан, басқа да елдерге шығарылды. Жалпы елдің тұрмыс-тіршілігі жыл санап жақсарып келе жатқанын көзіміз көріп жүр.
Аралдан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін орнату жайлы Қоғамдық кеңестің бастама көтергені баршаға аян. Мен бұл пікірді өте орынды деп есептеймін, әрі қуана құптаймын. Елімізге, оның ішінде Арал өңіріне Президентіміздің сіңірген еңбегі зор. Ал лайықты еңбек әділ бағалануы тиіс.
Күлмариям КЕМАЛОВА,
«Арал балық  өңдеу зауыты»
ЖШС-ның аға шебері.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2016 г. 793 0