Ширек ғасырда шыңдалған елдің сара салтанаты

Ширек ғасырда шыңдалған елдің сара салтанатыКЕШЕ Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ. ОҒАН ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ ҚАТЫСТЫ.
Жыл басынан бері қазақ елінің түкпір-түкпірінде атаулы күнге орай түрлі шаралар өткізіліп келеді. Ал, кеше мереке думаны ел ордасы Астанадан бастап, барлық өңірде шарықтау салтанатын құрып, елдің рухын көтерді. Барша қазақстандық үшін де, әлемнің әр қиырында тұратын қандастарымыз үшін де ең ұлы әрі айрықша мерекемен Сыр жұртшылығын аймақ басшысы құттықтап, ширек ғасыр ішіндегі жасампаз істердің барлығы Елбасының сара саясатының жемісі екенін жеткізді. 
– Жасыратыны жоқ, қазір әлемде қаржы дағдарысы құбылып тұр. Біз осы кезге дейін дүркін-дүркін соғып өткен дағдарыстардан аман өттік. Әрі сол сынақтардан тиісінше сабақ алдық. Қиыншылықтарға қайыспай, ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға көз тастауға жағдай жасаған түбегейлі реформалар сол кезде жүргізілді. Шапшаң, батыл да терең реформалардың арқасында Қазақстан 1998 жылғы азиялық қаржы дағдарысы туғызған екінші сынақтан да күйзеліссіз өтіп, тез бой түзеп кете алды. Екі сынақты еңсере алған Қазақстан экономикасы 2007-2009 жылдардағы бүкіл әлемді шарпыған үлкен дағдарысқа да тойтарыс берді. Елбасының кемел кемеңгерлігімен, көрегенділігімен құрылған Ұлттық қор экономикамызға тірек, дәулетімізге демеу болуға жарады. Мемлекет басшысының ғаламдық жағдайды дөп басып, қиындыққа кідірмей, қайта одан ширығып шығудың амалын көздеген берік ұстанымдары жаңа экономикалық құрылымдарға дем беріп отырды, – деді облыс әкімі. 
Сыр өңірінде де тәуелсіздік жылдарының еншісіне тиесілі жетістіктер аз емес. Халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешудегі жұмыстар оң нәтиже берді. Облыс аграрлық аймақтан индустриялық-аграрлық аймаққа айналды. Өңірлік экономиканың таяу болашақтағы локомотиві болатын металлургия өндірісі дамуда. Бүгінгі күні Қызылорда өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жөнінен көш басында тұр. Тәуелсіздік жылдары жалпы өңірлік өнім 2 мың есеге артты. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,7 млн теңгеден 90,6 млрд теңгеге дейін артты. Осы кезге дейін облыс халқының 63 пайызы көгілдір отынмен қамтылды. Аграрлық секторда алға жылжу байқалады. Тек қана соңғы жылы осы салаға салынған инвестиция көлемі 14 есеге өсті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мал, егін шаруашылықтары жақсы табыстарға жетті. Тәуелсіздік жылдары 109 денсаулық сақтау, 198 білім беру нысаны салынды. Әлеуметтік салада мемлекеттік-жеке әріптестік, экономикада халықаралық қаржы институттарымен қарым-қатынас дамып келеді. Одан бөлек, Ұлт Көшбасшысының Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру, «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту, мұнай-газ және уран өндірісін құру, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану бағыттарындағы еселі еңбектері сөз болды. 
– Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында «САРАТС» жобасының алғашқы сатысы аймақта балық шаруашылығының қайта жандануына ықпал етті. Соңғы екі жылда балық өнімін экспорттау көлемі 45 пайызға өсіп, биылдың өзінде ЕуроОдаққа экспорт көлемін 2 есеге арттырдық. Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне Сыр балығының жеткізілуі 2,5 есеге ұлғайды. Осы орайда Ресейдің Ульяновск облысы Димитровград қаласынан ашылған біріккен балық өңдеу зауытын біздің интеграция бағытындағы жұмыстарымыздың жемісі ретінде атап өткен жөн, – деді облыс әкімі. 
Салтанатты жиында отаншыл азаматтық ұстанымы жоғары, экономика мен әлеуметтік саланы дамытуда белсенділік танытқан, руханият, ғылым-білім және мәдениетті байытуға еңбек сіңірген бірқатар жерлесіміз мемлекеттік наградалармен марапатталды. Түрлі салаларда еңбек етіп жүрген өз кәсібінің үздіктері орден, медальдарды кеудесіне тағып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын иеленді. Өмірі көпке өнеге 4 еңбек ардагері «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын алды. 
Шара соңында белгілі орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар мерекелік концерт қойып, театр залында егемендік тойының лебі есіп тұрды. 
Назерке САНИЯЗОВА. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2016 г. 734 0