Өнеркәсіпті өңірдегі өрелі істер

Өнеркәсіпті өңірдегі өрелі істерШиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Өңірлік  коммуникациялар орталығында биылғы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері жайында БАҚ өкілдеріне арналған брифингте кеңінен айтып берді.
Жалпы, Шиелі ауданында  барлық сала бойынша  ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе, ауылшаруашылық  саласында аудандар арасында алдыңғы орыннан көрінді. Мұның бәрі де тынымсыз еңбектің жемісі екені белгілі. Ақ күріштің атасы Ы. Жақаевтың 125 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Мерейтой қарсаңында ауданда бірқатар мәдени ошақтар ашылды. 
Брифинг барысында аудан басшысы алдымен аудандық бюджет жайын сөз етті. Биылғы жылға арналған бюджет жыл басында 10 млрд 532 млн теңге көлемінде бекітілген. Жыл көлемінде қазынаны молайту бағытындағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудандық бюджет 10 айдың қорытындысымен 15 млрд теңгеге жетті.  
Биыл ауыл шаруашылығында 14 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда көлемі 9,9 пайызға өсті. Диқандардың еселі еңбегінің арқасында күріш дақылынан 66008 тонна өнім алынып, әр гектарынан 59,2 центнерден өнім жиналған. Бастысы, ауылшаруашылық  саласына тартылған инвестиция көлемі 660 млн теңгені құрады. Осы орайда «Төңкеріс-К» шаруа қожалығының тұқым шаруашылығы мәртебесін алуы аудан халқы үшін жағымды жаңалықтардың бірі болды. Көктемгі дала жұмыстары мен күзде егін жинау мақсатында ашылған «Шиелі МТС» ЖШС маусымда еңбегі орасан болды. Жұмыс жеңілдеп, өнімді дер кезінде жинап алуға жағдай жасалды. Осы кезге дейін егістікті сумен қамтамасыз етуде өзекті мәселе болған еді. Алайда, облыс әкімінің қолдауымен құны 1 млрд 600 млн теңге тұратын үрлемелі су тоспасының салынуы егіншіліктің өрісін кеңейтті. 
Ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары мал басының көбеюіне, шаруа қожалықтарының жұмысының алға басуына септігін тигізіп келеді. Өңірдегі өнеркәсіп көшбасшысы «DANAКE» корпорациясы» ірі жобаларды қолға алуда. Зауыттың жылдық қуаттылығы бойынша 1 млн тонна цемент өндіру жоспарланған. Жаңа кәсіпорында 100 адам жұмыспен қамтылады. Айта кетерлігі, облыста алғаш болып Шиелі ауданында жеке кәсіпкер С.Ермаханов шұбат өңдеу цехын іске қосты. Тәулігіне цех 400 литр түйе сүтін өңдейді.
Есепті кезеңде 5782 млн теңге инвестиция тартылып, аумағы 27039 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Шиелі кентінде, Ақмая ауылында мәдениет үйі, Алғабас пен Ә.Тәжібаев аулындағы балабақшалар күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен бірге Еңбекші, Қодаманов, Ақмая елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулатория құрылыстарына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауданның білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткізілген. Жұмыссыздық мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Биылғы жылы 982 жаңа жұмыс орны ашылды. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы»  бағдарламасы бойынша кәсіп тапқандар қатары көбейді. 
Жиында аудан басшысы Қ. Сәрсенбаев ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй салуға жер беру мәселесі, автомобиль жолдары, газдандыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. 
Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап қайтарылды.
Сара АДАЙБАЕВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 желтоксан 2016 г. 905 0