Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев кеше Өңірлік коммуникациялар орталығында баспасөз мәслихатын өткізді. Ұлттық Банк басшысы аймақтың экономикалық әлеуеті мен даму перспективасы жайына тоқталды.
– Қызылорда – аграрлық-индустриялық өңір. Сонымен бірге мұнда мұнай-газ саласы, уран өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы дамуда. Облыс күріш өсіруден көш бастап тұр, республика бойынша өндірілетін күріштің 90%-ы осы өңірге тиесілі. Географиялық жағынан қолайлы орналасуы, табиғи-ресурстық, өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуеті еліміздің оңтүстік бөлігіндегі логистика орталығы болуына мүмкіндік береді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралі облыстың барлық 7 ауданын және Қызылорда қаласын қамтиды, – деді Д.Ақышев.
Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету – Ұлттық Банктің басты мақсаты. 2016 жылғы 11 ай ішінде инфляция 7,5% деңгейінде қалыптасты. Жақын арадағы 2-3 ай ішінде инфляция жылдық инфляция бойынша нысаналы бағдарға (6-8%) жету мүмкіндігі жоспарлануда. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу қағидаттарына негізделген теңгерімді ақша-кредит саясатын жүргізеді. Бұл ретте теңгенің өзгермелі айырбас¬тау бағамы режимі кезінде пайыздық саясатқа баса назар аударылады. Д.Ақышев инфляция және облыстың жалпыөңірлік өнімі туралы статистиканы келтірді. Республика бойынша ішкі жалпы өнімдегі өңірлік өнімнің үлесі ағымдағы жылғы 6 айда 2,8%-ды құрады.
– 2016 жылғы 11 айда Қызылорда облысында инфляция деңгейі 6,8% болып, республика бойынша ең төменгі көрсеткіш ретінде белгіленді. Бұл 7,5%-ды құраған республикалық деңгейден төмен. Жылдық инфляция 2016 жылғы қарашада 7,4% болды, бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш, – деді ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы.
Қызылорда облысы заңды және жеке тұлғалар салымдарының өсімі жөнінен де алдыңғы орында. Ел көлемінде теңгемен салымдар 84%-ға дерлік артса, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 143%-ға жетті. Бұл – өңірлер ішіндегі ең жақсы нәтиже. Одан бөлек, Д.Ақышев отандық қаржы нарығындағы жағдай туралы кеңінен атап өтті. Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері қарашаның соңында алдын ала деректер бойынша 29,8 млрд АҚШ долларын құрады. Жыл басынан алтын-валюта резервтері 2 млрд АҚШ долларына өсті. Ұлттық қор активтерін қоса алғанда, елдің халықаралық резервтерінің жалпы сомасы 61 млрд АҚШ долларын құрай отырып, 91 млрд АҚШ долларына жетті.
– Ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Биыл 11 айда номиналды көрсеткіш бойынша теңге 0,4%-ға әлсіреді және қарашаның соңында теңгенің бағамы бір АҚШ доллары үшін 341,44 теңге болды, – деді Д.Ақышев.
2016 жылы елде депозиттер құрылымының жақсарғаны байқалды. Депозиттерді долларландыру деңгейі 2016 жылғы қаңтардағы ең жоғары 70%-дан 2016 жылғы қазанда 55,7%-ға дейін төмендеді. ҚР Ұлттық Банкінің басшысы банктердің кредиттік белсенділігіне қатысты ахуалды да түсіндірді. Банктердегі кредиттердің көлемі 2016 жылғы қазанда 12,8 трлн теңге болды. Кредиттердің өсуі өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және құрылыс саласында байқалды.
– Кредиттеуді одан әрі кеңейтуге жақын арадағы базалық мөлшерлеменің төмендеуі және ақша нарығындағы ресурстар құнын тиісінше тұрақтандыру ықпал ететін болады, – деді ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы.
Баспасөз мәслихаты барысында Д.Ақышев Ұлттық Банк экономиканың ұзақмерзімді орнықты өсуін қамтамасыз ету мақсатында ақша-кредит саясатына сәйкес шаралар қабылдауды және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы шараларды жалғастыратынын жеткізді. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Назерке САНИЯЗОВА.