ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМДЕР КӨКЖИЕГІ

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМДЕР КӨКЖИЕГІСейсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Еуразиялық интеграциялық үдерістерді тереңдетуді мақсат еткен отырыс аясында бірқатар мәселелер талқыланды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына арналған сапар барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.  Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелері, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы экономикалық өзара ықпалдастық аспектілері қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаев өтіп бара жатқан жыл екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін табысты болғанын атап өтті.
– Біз XXІ ғасырдағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, бірқатар басқа да келісімдерге қол жеткіздік. Сонымен бірге, жоспарланған екіжақты құжаттарға, атап айтқанда, Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа, Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану жөніндегі жол картасына, сондай-ақ Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өткім келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде В.Путин Қазақстан Президенті сапарының маңыздылығын және жүргізілген келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті.
– Тараптарымыз белсенді жұмыс істеді, бірқатар құжаттар дайындады. Соңғы кездесуімізден бергі уақытта едәуір түйткілді салалардағы, соның ішінде энергетика саласындағы, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану жөніндегі екіжақты ынтымақтастығымызды тереңдетуге және оның аясын ұлғайтуға байланысты нақты мәселелер бойынша көп жұмыс атқарылды, – деді Ресей Президенті. 
Осыдан кейін өткен Мемлекет басшылары отырысында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен, Армения Республикасының Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуының жол картасымен жұмыс барысы, сондай-ақ экономикалық интеграцияның бірқатар басқа да ағымдағы мәселелері қаралды. 
Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында кездесіп, еуразиялық интеграциялық үдерістер аясында атқарылған жұмыс қорытындысын шығарудың игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
– Өтіп бара жатқан жыл кездесулерге толы болды, соның арқасында біз өзіміздің ортақ интеграциялық ісімізді табысты ілгерілетудеміз. Енді бір аптадан соң біз 2014 жылды – өте маңызды жылды қарсы аламыз. Біз келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою міндетін алға қойдық және оны іске асыруға мақсатты түрде қадам басып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Минскідегі қазан айындағы уағдаластықтарға қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының институттық та, функционалдық та бөлігі бойынша келісе алмаушылық әлі де сақталып отырғанын айтты.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер басшылары және үкіметтер деңгейіндегі Жоғары кеңеске ұлтүстілік өкілеттіктерді беруге болмайтынын атап өтті.
– Комиссия – ұлтүстілік орган. Біз интеграцияны ілгерілету үшін осыған бардық. Оның өкілеттігі қол қойылған шарттармен және келісімдермен нақты реттеледі әрі тек қана экономикалық салаға жатады. Біз Сіздермен бірге, мемлекеттер басшылары ретінде, Комиссия мүшелерін тағайындаймыз, біздің шешіміміз стратегиялық және ұйымдастырушылық сипатқа ие. Біз тапсырмалар береміз, Комиссияның іс-қимылын мақұлдаймыз және шарттарға қол қоямыз. Комиссия оларды орындайды, себебі ол – Жоғары органның тапсырмасы. Осы құрылымды сақтау қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Комиссия жұмысының бұдан да тиімді жолға қойылуына, ЕЭК департаменттерінде біздің азаматтарымыздың теңдей өкілдік етуі мәселелесінің шешілуіне назар аударды.
– Үнемі талқылап жүрген тағы бір мәселе – Комиссияға жаңа өкілеттіктер беру. Қазір ЕЭК өкілеттігін аса кеңейтудің қажеттілігі жоқ. Бұл жөнінде біз мамыр айында Астанада да, қазан айында Минскіде де сөйлескенбіз. Әйткенмен, Шарт жобасымен жұмыс барысында Комиссияның көптеген сәттерде өзіне қосымша өкілеттіктер алғысы келетіні байқалады.  Комиссия қызметін бағалау тетіктері туралы мәселе қою әлдеқайда пайдалырақ болар еді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейде мемлекеттік органдарды бағалау жүйесі енгізілген. Солардың негізінде ортақ әдістер әзірлеп, оны Комиссия қызметін бағалауға қолдануға болады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қабылданатын шешімдерге Алқа мүшелерінің жеке жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Бұл халықаралық шенеуніктерді әр қадамын салмақтап, кез келген мәселеге объективті қарауға мәжбүр етеді. 
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша баспасөзге арналған бірлескен мәлімдеме жасалды.
Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға арнаған сөзінде жоғары деңгейдегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 3 отырысы өткенін және оның барлық қызметі 2015 жылдың 1 қаңтарынан басталатын Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына бағытталатынына тоқталды. 
– Бүгін бізге Шарттың құрылтайшылық және салалық бөлімдерінің әзірлену барысы туралы толық баяндады. Осы үлкен жұмыста оң сипаттағы ілгерілеушілік бар екенін атап өткім келеді. 2014 жылдың мамырында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қорытынды нұсқасына қол қоюымыз үшін әр тарап барынша күш салады. Мұндай жұмыс режімі барысында болашақ Одағымыздың негізгі құжатының сапалы болуын да ұмытпағанымыз маңызды. Еуразиялық экономикалық комиссияны интеграцияның жаңа деңгейіне сәйкес болуы және барлық қатысушылар мүдделерінің балансын қамтамасыз ету үшін реформалаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Ал Ресей Федерациясының Президенті В.Путин отырыстың іскерлік және сындарлы ахуалда өткеніне тоқталды.
 – Біз Қазақстан және Беларусь президенттерімен бірге еуразиялық экономикалық кооперацияны дамытудың өзекті мәселелерін талқыладық. Қазан айында Минскіде өткен кездесуімізден кейін біз бірлесе атқарылған ауқымды жұмыстың қорытындысын шығардық. Ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындауда айтарлықтай ілгерілетуге қол жеткіздік. Жалпы, сарапшылар тарапынан шарттың негізгі институттық бөлімі келісілді, онда болашақ одақтың халықаралық-құқықтық мәртебесі, міндеттері мен іс-қимыл тетіктері айқындалған, – деді ол.  
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 26 желтоксан 2013 г. 930 0