Ауқымды индустрияландыру игіліктері

Ауқымды индустрияландыру игіліктеріҚазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» конкурстары жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы іс-шара аясында Тәуелсіздіктің 25 жылындағы индустриялық дамудың негізгі кезеңдеріне арналған фотосурет көрмесін аралап көрді.
Телекөпір барысында еліміздің барлық өңірінен 23 тікелей қосылым жүзеге асырылып, жұмыс істеп тұрған нысандар таныстырылды және Индустрияландыру картасының мейлінше ірі жобалары іске қосылды. Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық даму еліміздің экономикасы үшін маңызды міндет болып саналатынын атап өтті.
– Біз экономиканы әртараптандыруға және шикізаттық емес саланы қарқынды дамыту жолына қарай айқын бағыт ұстадық. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдары іске асырылған мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін берді. Жаңа тарихымызда өңдеу өнеркәсібі алғаш рет тау-кен өнеркәсібіне қарағанда жеделірек дами бастады, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы тиісті инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
– Сенімді энергетикалық жүйе құрып, шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке дейінгі көлік дәліздерін қалыптастырдық, бағдарлардың әртүрлі болуына және олардың бір-бірін өзара толықтыруына ден қойдық. Өңдеу өнеркәсібінің металлургия, химия, мұнай өңдеу, машина жасау және азық-түлік өндіру сияқты басымдығы бар салаларына зор мән беріліп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру жылдары жалпы көлемі 4,6 трлн теңге болатын 1 мыңнан астам жоба жүзеге асқанын атап өтті.
– 100 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды, «Глобал 2000» тізіміндегі 30-ға жуық трансұлттық корпорация іске тартылды. Теміржол машиналарын жасау саласы жаңадан қалыптастырылды. Экспорттық жаңа тауарлар, соның ішінде мұнай өнімдері, аккумулятор, трансформатор, металлургиялық жаңа тауарлар, машина жасау өнімдері және басқа да көптеген өнім түрлері шығарыла бастады, – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.
Елбасы Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде республикамыз әлемнің 190 елі арасында 35-орынға көтерілгенін айтты.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жедел өзгеріп жатқан мына заманда сандық технологиялар алдыңғы орынға шыққанын атап өтті.
– Жаңа жаһандық технологиялық дәуірдің басталуымен бірге елді белсенді түрде индустрияландыру стратегиялық міндетке айналып отыр. Жалпы, біз жүргізіп отырған саясат әлемдік тәжірибеге сай келеді, оның барысында экономиканың қазіргі жай-күйі де, жаһандық үрдістер де ескерілуде, – деп қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мемлекеттің пәрменді қолдауына негізделген кең ауқымды индустрияландыру ісі Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосуға, кешенді әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Іс-шара аясында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының арнаулы сый­лық­тарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Атырау­мұнаймаш» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы С.Түгелбаевқа, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Химфарм» АҚ директоры Р.Байғаринге, «Сапа көш­бас­шысы» сыйлығы –  ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы А.Машкевичке берілді, «Қазақ­стан электролиз зауыты» АҚ да осы номинация бойынша жеңімпаз атанды. «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі «Ақсайгазсервис» АҚ президенті Т.Шектебаевқа табыс етілді.
Соңында Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 желтоксан 2016 г. 664 0