«Шалқия» шарықтай береді

«Шалқия» шарықтай береді6 желтоқсан күні ҚР Президентінің қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын игеру жобасы іске қосылды. 
Шын мәнінде, Сыр елінде индустриялық-инновациялық бағдарламаның 2-ші бесжылдығының әдепкі нәтижелері ауыз толытырып айтарлықтай. Оның бір ғана айғағы – жылына 2-3 мәрте өтіп отырған инвестфорумдар өз жемісін беруде. Осыдан он шақты күн бұрын облыс әкімі Қ.Көшербаев Лондон төрінде Еуропалық қайта құру және даму банкімен құны 157 миллион доллар болатын ванадий өндіру бойынша инвестжобаға қол қойып қайтты. Бір Шалқияның өзінде күні ертең бірнеше жоба жүзеге асқалы отыр.
Телекөпір барысында кеніш басшылығы полиметалл рудасын өндіру перспективасымен бөлісті. «Шалқия» кен орны дүние жүзінде мырыш қоры бойынша ең ірі бестіктің қатарына кіреді. Кәсіпорында руданы тікконвейерлі әдіспен өндірудің инновациялық технологиясы қолданылады. Кен орнын игеру жобасы толық қуатта іске қосылған кезде 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», - деді «Шалқия Цинк» ЛТД» АҚ Басқарма төрағасы Болат Рамазанов. Бұл кен орнын игеру Қазақстан үшін мырышты өндіруші ең ірі елдердің қатарына енуге сондай-ақ, қорғасын шығаруға мүмкіндік береді. Әлем бойынша металдың бұл түрлеріне сұраныс өте жоғары.
«Асылдың бәрі не судың, не жердің түбінде жатады» деген рас. Шалқиядағы тірлік барысы да сондай терең­дік­те атқарылады. Жер астынан несібе теріп, ел қазынасын есе­легендер осы «Шалқия» кенішінің еңбеккеш жұмыс­керлері. 
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұстас келген толымды жоба ел игілігіне керемет тарту болды. Әрине, қарт Қаратау қойнауындағы кезекті индустриалды-инновациялық жобаның жүзеге асуы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың одан әрі жақсаруына тамаша мүмкіндік бермек. 
«Ерекше айтып өтетін нәрсе: Қызылорда облысы экономиканы әртараптандырудың және индустриалды-инно­вациялық бағдарламалардың өте қажет екенін жақсы сезінді, өйткені ғаламдық дағдарыс мұнай бағасын құл­дыратып жіберді, елімізде мұнай өндіру соңғы екі жылда 4 млн тоннаға төмендесе, соның 2,5 млн тоннасы Сыр елінің үлесіне тиді. Біз аз уақыт ішінде батыл шешім қабылдап, әртараптандыру мен өңдеуді қолға алдық. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі бойынша өңірлер арасында бүгінде көш бастап тұрмыз. Бүгінде аймақтың индустриалды-инновациялық бағдарламалар портфелінде құны 640 млрд теңге болатын 23 жоба бар. Мына «Шалқиядағы» жоба да осы тізімде. Мұның бәрі, сайып келгенде, әлемдік нарықтан өзіміздің үлесімізді алуымызға үлкен сеп болғалы отыр. Портфельдегі жобалар іске қосылғанда өңірде 6,5 мың жұмыс орны ашылады, өнідіріс көлемі 1,5 есе өседі. Бағамдап отырсақ, Сыр елі аграрлы аймақтан аграрлы-индустриалды аймаққа айналады», - деді облыс әкімі телекөпір нәтижесі бойынша «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасына берген сұхбатында. 
Иә, Сыр елінің индустриялық аймаққа айналуына да, оның ішінде металлургиялық кластер құруына да толық мүмкіндігі бар. Тек табиғи байлық жағынан ғана емес, инфрақұрылымдық, логистикалық және фискалдық тұрғыда да барлық жағдай жасалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Қызылордада – қолайлы инвестклимат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 желтоксан 2016 г. 736 0