Тәуелсіздік жылдары ел өмірінде аса күрделі өзгерістер болып, мемлекетіміздің іргесін қалап, діңгегін бекіту бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Осы кезеңнің ішінде демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруда маңызды шаралар жүзеге асырылды.
Соның бірі 1991 жылдың 6 желтоқсанында сол кездегі Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен егемен республикамыздың Бас Прокурорына бағынышты прокуратура органдарының біртұтас жүйесі құрылды.
Саяси және экономикалық реформалардың дамуы прокуратура органдарына жаңа талаптар мен міндеттерді жүктеді, прокурорлық қадағалаудың аясын кеңейтіп, басым бағыттарды айқындады.
Аз ғана уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, керегесі кең, өзгемен терезесі тең елге айналдық. Ынтымағы жарасқан, халқымыздың бірлігі мен берекесі әлем үшін үлгі-өнеге болды.
Конституцияның 83-бабында прокуратура органдарының міндеттері мен мақсаттары айқын көрсетілген. Осыған сәйкес, еліміздің құқықтық жүйесіндегі ең жоғары қадағалаушы прокуратура органдары қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда да өз үлесін қосуда.
Ең алдымен адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, заңдылықтың сақталуы мен құқықтық тәртіптің нығаюы бағытында бірқатар іс-шаралар атқарып келеді. Прокуратура органдарының 90 жылдық тарихы бар. Талай қилы кезеңді өткергенмен, бұл саланың басты міндеті өзгермеген. Ол – заңның сақталуын қадағалау.
Енді Қызылорда облыстық прокуратурасының тарихына үңілсек, 1938 жылы облыс құрылғанға дейін уездік-қалалық, учаскелік прокуратура ғана жұмыс істеп келген. Жергілікті жерде тергеушілер де шектеулі еді. Уездік-қалалық прокуратурада прокурордан басқа 3 техникалық қызметші жұмыс істеп, елдегі заңдылықты қалың көпшілікке түсіндіру, анықтама, тергеу, қылмысты іздестіру, саяси басқарма секілді жергілікті органдарға қадағалау жасап отыру жұмыстары жалғыз прокурорға жүктеліп, оны атқару оңайға соқпағанын көреміз.
Қызылорда уезі округке айналғанда аймақта бар болғаны 2 прокурор болды. Оның бірі – Қызылордада болса, екіншісі Қазалыда қызмет істеген. 1938 жылы Қызылорда облысы құрылып, облыстық прокуратура жұмысын бастады. Қызылорда облысының прокуроры қызметіне Дмитрий Тимофеевич Ворожеев тағайындалды. Сонан бергі аралықта облыс прокуроры қызметінде Ж.Құттымұратов, Ү.Тапалов, Б.Қосаев, Х.Үйсінбаев, М.Әбділқадыров, Т.Ыбыраев, Г.Лұқпанов, М.Туткин, И.Сейтов, О.Боранбаев, С.Үмбеталиев, М.Қалиев, С.Ерімбетов, Б.Асқаров, Қ.Төлегенов, З.Лақпаев, Ә.Кәрім, Б.Есенбеков жұмыс атқарып, облыс аумағында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлестерін қосты.
Саланың мәртебесін көтеріп, беделін биіктеткен, жас мамандардың кәсіби шеберлігін көтеріп, адалдық пен азаматтық парасатқа үйреткен ұстаздарымызды ұмытпаймыз. Бүгінде ортамызда жоқ аға буын өкілдері: И.Сейітов, П.Әбдірахманов, А.Сапарбеков, Д.Сәулебеков, Ж.Өтемұратов, А.Байбазаров, Ә.Кенжеғараев, Ә.Әбілдаев, Б.Қосмаханов, К.Оспанов, Ж.Аппазов, К.Пірімжанов, С.Қарамановтар өмірлік тәжірибесін жастарға үйретіп, сала сардарлары атанды. Сондай-ақ, құрметті демалыстағы ардагерлеріміз – К.Алданазаров, Б.Жаңабаев, А.Қосаев, Қ.Жәниұлы, М.Абдулов, Г.Асқарова, А.Төлеутаева, А.Жиеншораева, О.Оқасова, Д.Құрбанходжаева және Ф.Қиязова есімдері де ел арасында құрметпен аталады.
Қазіргі кезде прокуратура органдары азаматтардың құқықтарын қорғайтын, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтайтын мемлекеттік органдар ішінде өзінің орнын тауып, өкілетті міндеттерін атқаруда. Бұл тұрғыда Сыр өңірінің прокуратурасы да жүйелі жұмыстар атқарды. Әсіресе, азаматтардың, жасөспірімдер мен кәсіпкерлердің конституциялық құқықтарын қорғауда сыбайлас жемқорлықпен күрес, жер телімдерін беру, тұрғын үйлерді бөлу, тағы басқа салаларда оң нәтижеге қол жеткізілді.
Қылмысты төмендету жолымен инвестициалық ахуалды жақсарту, тұрғындардың билікке деген сенімін арттыру, олардың мемлекетті басқарудағы белсенділігін арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті, атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасында азаматтардың жекелеген әлеуметтік мәселелерін шешуді қамтамасыз етуде Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдаманы жүзеге асыруда бірқатар жобаны қолға алдық.
«Білім беру орындарында құқықбұзушылықтарға қарсы әрекеттер туралы» және «Білім беру мекемелерін мектеп инспекторларымен қамтамасыз ету» жобалары оқу орындарындағы қылмыстылықты төмендетуге, оларды мектеп инспекторларымен, бейнекамералармен толық қамтамасыз етуге, тәрбие беру жұмыстарына жаңа әдістерді енгізіп, сонымен бірге мұғалімдер мен оқушыларға смартфонды қолдануға қатаң тыйым салуға бағытталған. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру үшін облыстық әкімдікпен 900 млн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда.
Елімізде бірінші рет облысымыздағы 293 мектеп пен 31 колледждің жарғыларына смартфонды қолдануға тыйым салу туралы өзгеріс енгізілді. Енді 140 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 19715 мұғалім, 22 мың колледж оқушылары «қоңырау шалу/жауап беру/смс» функциясы бар ұялы телефондарын қолданады.
Прокуратура жүргізген мониторинг барысында, «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне аймағымыздан 106 жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауды насихаттаушы топтарда тіркелсе, суицидке итермелейтін, насихаттайтын 13 қоғамдастық анықталып, қала бойынша 26 мектептің оқушылары осындай парақшаларға жазылғандығы немесе жиі кіргендері белгілі болды. Сонымен қатар, ұялы байланыстың зиянды әрекеті балалардың денсаулығына әсер етуден бөлек мектеп қабырғасында қымбат гаджеттерді ұрлау дерегі де кездеседі. Оқу ордаларындағы орын алған қылмыстың 65 пайызы телефон ұрлығы болып отыр.
Жобаны жүзеге асыру аясында мектеп оқушыларының смартфон арқылы ғаламторға бақылаусыз кіруіне жол бермей, ұялы телефон ұрлығын төмендету, оқушылар аясында әлеуметтік теңсіздікті жою, білім сапасын арттыруға қол жеткіземіз деген ортақ міндет қойылды. Жобаны толық жүзеге асырғанда оқушылардың рухани дамуына теріс әсер ететін, сондай-ақ, денсаулығына зиян келтіретін факторларды азайтамыз деген ойдамыз. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап смартфонға тыйым салынғалы білім беру ұйымдарында бірде-бір телефон ұрлығы тіркелген жоқ. Бұл қолданылған шаралардың тиімділігінің нәтижесі деп санаймыз.
Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Қызылорда қаласының барлық мектептері бейнекамера және мектеп инспекторларымен қамтамасыз етілді. Облыста 2016 жылдың 6 айында бала өлімі көрсеткішінің өсуі «Ана мен бала өлімін төмендету туралы» жобасын әзірлеп, жүзеге асыруға негіз болды. Осы жобаны жүзеге асыру барысында шілде айынан бастап жүргізілген ай сайынғы салыстырмалы талдау нәтижесі сәби өлімінің өткен жылмен салыстырғанда төмендегінін көрсетті (шілдеде 17-ден 12-ге, тамызда 19-дан 17-ге, қыркүйекте 9-дан 6-ға және қазанда 17-ден 4-ке, қарашада 22-ден 5-ке дейін төмендеді).
Сонымен қатар, 14 неонатолог пен 20 ультрадыбыстық диагностикадан өткізетін дәрігерлер қайта даярлаудан өткізілсе, екіқабат және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету бойынша емханалардың 205 маманы оқытылды. Облыс орталығында жүйелі түрде оқудан өту үшін аудан бөлімшелеріндегі акушер-гинеколог, неонатолог және мейірбикелер санынан топ құрамы жасақталды. «Денсаулық керуені» ұранымен ауыл тұрғындарына медициналық көмек және кеңес беру үшін көшпелі пункт қызметін бастады. Туа біткен кеселден болатын бала өлімін төмендету үшін құны 182 млн теңге тұратын эксперт тобындағы 4 ультрадыбыстық аппаратты сатып алу жұмысы жүргізуде. Жаңа туылған сәбилердің есту мүшелерінің мүгедектігінің алдын алу үшін жергілікті бюджет есебінен 4 аудиологиялық кабинет алу жоспарлануда. Жоба аясында облыстық перинаталды орталығында және аудандағы перзентханаларда медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатысты прокурорға шағымдану үшін жәшіктер орнатылды.
Сонымен қатар, облыс прокурорының аға көмекшісі емделушілер тарапынан шағымдардың болуы немесе болмауын анықтау мақсатында аптасына 2 рет облыстық «Ана мен бала» орталығына барып тұрады.
Бүгінде ауылда түлік түрлерін көбейтуіне мемлекеттен қолдау жасалып келеді. Бірақ, өкінішке орай, көп ретте ауылдағы ағайынның ақ-адал малы ұрлықты кәсіп еткендердің қолында кетіп жататынын тағы жасыра алмаймыз. Осыған орай қабылданған «Мал ұрлығының алдын алу» жобасы қазіргі таңда мал ұрлығын 24 пайыз немесе 706-дан 528-ге төмендетті. Айта кетейік, аталған қылмыстың түрін ашу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 19 пайыз (25 пайыздан 44 пайызға) көбейді.
Бірақ, елдегілердің еренсіздігі ұрлық жасау үшін ыңғайлы себеп тудырып отыр. Мысалы, талдау соңғы үш жылда тіркелген ұрлықтың 72 пайызы малдың өрісте қараусыз жүргендігінен болғаны анықталып отыр. Осыған байланысты облыстың 142 елді мекенінде малды бақылау үшін жайылым ұйымдастырылған. Бұған қоса ішкі істер органдарының жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында үй жануарларының саны, орны және ұрлықты жасау әдістері, бұрын қылмыстылық жауаптылыққа тартылған адамдар, ет өнімдерін сақтау және қайта өңдейтін орындар мен басқа да мәліметтер көрсетілген көрнекілік картасы әзірленді.
Ет өнімдерін сату орындарының, қоғамдық тамақтану, сою орындарының басшыларына ет өнімдерін құжатсыз сатқаны үшін, сондай-ақ, мүліктерді заңсыз жолмен алғаны үшін белгіленген жауаптылық жайлы хабарланды. Мал ұрлығы үшін бұрын қылмыстылық жауаптылыққа тартылғандарға да жауапкершіліктері түсіндірілді. Сонымен қатар, әкімдікпен бірлесіп жүйелі түрде азаматтарға малды белгіленген орындарда сатып алу, жасырын сату туралы жауаптылыққа қатысты заң нормаларын сақтау қажеттігі, бақылаудағы мал жайылымының ұйымдастырмауы, малдардың сәйкес құжаттардың болмауы сотқа дейінгі өндірістің басталуына қиындық келтіретіні туралы құқықтық түсіндірулер жүргізіліп жатыр.
Ел үстінен күн көруді кәсіп еткен алаяқтардың жолын кесу бағытында да жоба жасалды. «Алаяқтық қылмысының алдын алу» жобасы бойынша қолданылған ұйымдастырушылық және үйлестіру шаралары аталған қылмыс түрінің түрлі көріністерде төмендеуіне қол жеткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс тұрғындары арасында кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.
Облыстық прокуратураның ресми сайтында алаяқтыққа байланысты сотты болғандардың тізімі жарияланды. Бұл тізім сәйкес органдар мен құрылымдарға (ХҚКО, банктер, несие ұйымдары, нотариалдық кеңселер, әділет, ішкі істер органдары және т.б.) жолданды. Көрсетілген тізімдер мен түсіндірме және алдын алу сипатындағы материалдар халық көп шоғырланатын орындарда (базарлар, сауда орындары, темір жол және автовокзал, қоғамдық көлік) ілінді. Сондай-ақ, жергілікті телеарналардан алаяқтық түрлері және одан сақтану туралы бейнероликтер түсіріліп, көрсетуде.
Қылмыстық іздестіру органдарының жұмысы қылмысты ерте ашуға, тұрғындардан мүліктері мен ақшаларын алудың түрлі жолдары мен тәсілдерін, ұйымдасқан түрлерін оның ішінде «қаржы пирамидасын» анықтау және жолын кесуге бағытталған. Қолданылған шаралар аталған қылмыс түрінің төмендеуіне ықпал етті.
Ал «Алименттен қарызды азайтамыз» жобасы борышкерлердің санын азайту, қарызды төмендету, сонымен қатар, мемлекеттік органдарға азаматтардың сенімін арттыруға бағытталып отыр. Өткен жылдың статистикасы алиментті өндіру бойынша сот актілерін орындау ісінің мардымсыз жүріп жатқандығын көрсетті.
Балаларға тиесілі ақшаларын мерзімінде төлемеу, жартылай немесе толық түспеуі балаларды өз бетімен ақша табуға итермелейді (көлік жуу, кафелерде және т.б. орындарда жұмыс істеу). Осының салдарынан баланың оқуына, физикалық және адамгершілік тәрбиесіне тиісті назар аударылмайды, тіпті кейде олардың өз бетінше табыс табуының соңы құқықбұзушылыққа алып келеді.
Жоба аясында алимент бойынша борышкерлердің тізімі жергілік БАҚ-қа жарияланып, «Борышкерлер тізімі» сайтына орналастырылды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Мектепке жол» акциясы өткізіліп, алимент төлемейтіндердің балаларына материалдық көмек көрсетілді. Алиментті қасақана төлемеушілер әкімшілік жауаптылыққа тартылуда. Өндірушілердің арызы бойынша 50 борышкер әкімшілік жазаға тартылып, 3 млн теңгеден астам қарыз өндірілді.
Жалпы алғанда жобаны жүзеге асыруда бүгінгі таңда алимент бойынша қарыз 618 млн теңгеден 270 млн теңгеге дейін төмендетілді.
Облыстық прокуратураның қызметкерлері күнделікті тапсырмадан стратегиялық мақсаттарды ажырата білу, қолдағы бар ресурстарды әлеуметтік маңызды мәселелерді бағыттау, тәуекелдерді ескеру және басқару бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Өйткені біздің сала қызметкерлері үшін ел игілігіне қызмет ету үлкен құрмет.
Халидулла ДӘУЕШОВ,
Қызылорда облысының прокуроры.