Татулығы мен бірлігі жарасқан

Татулығы мен бірлігі жарасқанҚазақстан тарихи тағдыры ортақ этностардан құралған унитарлы мемлекет. Осы ортақ құрылымның аясына біріктірудің сара жолы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заң қабылданды.
Содан бері Ассамблеяның өткізген барлық сессияларында Елбасы еліміздегі этностардың татулығы мен келісімді нығайта беру бағытында ізденістерді жалғастырудың қажеттілігіне баса назар аударып келеді. Сан ұлтты бір арнаға тоғыстырып, тату- тәтті бір атаның баласындай  бір шаңырақ астында бірлікте өмір сүріп келе жатқан халықтардың татулығы мен ынтымағы барлық әлемге үлгі болып, тамсанумен келеді. Біз осы қасиетіміз үшін өзгелерден озықпыз. Осы ретте Қызылорда облысында Ассамблея хатшылығы белсенді жұмыс атқарып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. 
Бір ғана мысал келтіретін болсақ, өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сыр елінде облыс әкімінің қолдауымен «Достық үйі» ашылды. Нәтижесінде облыстағы этномәдени бірлестіктер сонда шоғырланды. Онда мұражай, медиация, тілдерді оқыту кабинеттері жұмыс жасауда. Жаңадан ашылған мұражайда қазақ халқының көне жәдігерлері мен қатар этномәдени бірлестіктердің тарихи еңбектері, ұлттық киімдері, музыкалық аспаптары қойылған. Мұнда қазіргі таңда 68 экспонат сақтаулы. Сонымен бірге Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Қазақтан халқы Ассамблеясы» кафедрасы ашылып, өз жұмысын бастады. 
  Нақты кезеңде Сыр елінде 11  облыстық этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Атап айтар болсақ, «Славяне» қоғамдық мәдени бірлестігі, корей, татар, өзбек, түрік, шешен, еврей, неміс, грек, қырғыз этномәдени бірлестіктері және «Қазақстандағы орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы бар. Ал, аудандарға келер болсақ, Қазалыда «Бірлік - Единство», Қармақшыда «Ұлт бірлігі - Қармақшы», Сырдарияда «Достығымыз жарасқан», Шиеліде «Ұлт бірлігі» және Жаңақорғанда «Сығанақ» атты және Жалағаш аудандық этнобағытталған қоғамдық бірлестіктер жұмыс атқаруда. Облыстық ассамблея хатшылығы осы бірлестіктермен тығыз байланыс орнатқан. 
Өткен жылы этномәдени бірлестіктер әлеуметтік маңызы бар 12 жобаны жүзеге асырған. Олар – «Тіл – татулық тірегі», «Халың қалай, ардагер?», «Достықта жоқ шекара», «Менің елім – Қазақстан», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Память», «Сыр елі – достық мекені», «Бірлігіміз жарасқан», «Семейное долголетие», «Аналарға құрмет», «Астана – бейбітшілік пен келісімнің ордасы», «Жаңа жылдық балалар шыршасы» атты жобалары. 
Сондай-ақ, өткен жылы елімізде алғаш рет Елбасы Жарлығымен Алғыс айту күні тойланды. Оған облыстағы этномәдени бірлестіктер белсенді атсалысып, жоғары деңгейдегі шараны ұйымдастырды. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толды. Жыл көлемінде айтулы мерекеге орай кең көлемді іс-шаралар тұрақты түрде өтіп отырды. 
Облыстық ассамблея құрылымдарының саны артты. Мәселен, бүгінгі таңда қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, жастар қанаты, толеранттылық клубтары, медиация кабинеттері, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары, Достық үйлері, журналистер клубы жұмыс жасауда.
Биылғы жылы Қазақстан халқы ассамблеясының XXIV сессиясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды. Оны жан-жақты насихаттап, әрбір қазақстандыққа жеткізуді Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясына тиісті министрліктермен бірлесіп жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірегейлік пен бірлік жөніндегі 4-реформасын жүзеге асыру мақсатында тиісті іс-шаралар жоспарлары жасалып, белсенді іске асырылды. 
Жалпы, жыл өткен сайын этностар татулығы нығайып, жемісті еңбек етіп келеді. 
Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 желтоксан 2016 г. 895 0