"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы - Сыр елінде

"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы - Сыр еліндеЕл Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Тәуелсіз Қазақстан” пойызы республикалық акциясы қараша айының басында Қарағанды облысынан жолға шыққан болатын. Аталған акцияға Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, 7 министрлік, 2 Ұлттық компания, және қаржы институттарының өкілдері, дәрігерлер мен заңгерлер, әртүрлі әлеуметтік сала қызметкерлері қатысуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бас­та­масымен өтіп жатқан акцияның мақсаты – егемендік жылдары еліміз жет­кен жетістіктерді насихаттау, халық бір­лігін нығайтып, жұртшылықтың әлеу­мет­­тік және құқықтық жағдайына назар аудару. 
Арқадан аттанған "Тәуелсіз Қазақстан” пойызы 43 күннің ішінде 354 елді мекенге аялдап, дәрігерлік және қоғамдық қабылдаулар, консультациялық кеңестер мен қайырымдылық шаралар өткізуді жоспарлаған болатын. Бұған дейін еліміздің бірқатар аймақтарында болған "Тәуелсіз Қазақстан” пойызының сапары өткен жексенбіде Сыр өңірінде жалғасын тапты. Меймандарды Қызылорда теміржол вокзалынан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бастаған билік өкілдері мен қала тұрғындары күтіп алды. Сондай-ақ, Р.Рүстемов меймандарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, егемендік жылдары еліміздің жеткен жетістіктері жайында баяндады. Мұнан соң акцияға қатысушылар өңірімізде әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін бірқатар мекемелер жұмысымен танысып, дәрігерлік және қоғамдық қабылдаулар, консультациялық кеңестер мен қайырымдылық шараларын өткізді.

*** 
"Тәуелсіз Қазақстан” пойызының штаб мүшесі, "Нұр Отан” партиясы қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Жұмажан Жүкенов партияның облыс­тық филиалы ғимаратында тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға облыстық партия филиалының басшылығы, облыстық құқық қорғау және мемлекеттік органдар басшылары, партия  белсенділері мен қала тұрғындары қатысып, заң аясында тиісті кеңестер алды. 
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы өкіл­дерінің партия ғимаратында қабылдау өткізетінін басылым бетіндегі жаңа­лықтардан оқыған Ерхан Барғанаев қабылдау кезегіне бірінші болып тіркелген. Кездесуде ол өзінің 16 жыл құқық қорғау саласында қызмет жасап, бүгінде зейнетақы ала алмай отырғанын айтып шағымданды. Қалалық ішкі істер басқармасында 1990-2006 жылдары жұмыс жасаған ол 2006 жылы отбасылық жағдайына байланысты өз еркімен жұмыстан шығады. Сол кезде оған әріптестері 1-2 жылдан соң зейнеткерлікке арыз жазып, зейнетақы алуына кеңес береді. Алайда барлық құжаттарын жинақтап облыстық ішкі істер департаментіне бірнеше рет барған Ерхан еш нәтиже болмаған соң, "Нұр Отан” партиясына сенім артып келгенін айтады. Штаб мүшесі, "Нұр Отан” партиясы қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Жұмажан Жүкенов Ерхан Барғанаевтың мәселесіне қатысты Орталық партия  аппаратына барған соң тиісті министрліктермен шешуге уәде етті.
Тағы бір қала тұрғыны Ақылбек Төре­мұратов та осыдан 2-3 ай бұрын жергілікті полиция қызметкерлері оның автокөлігін тоқтатып, мемлекеттік нөмерін шешіп алғанын айтып шағымданды. Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ердәулет Жәукеев Ақылбектің мәселесін толық зерттеп барып заң аясында тәртіптік шара көрілетінін айтты. Мұнан соң басқа да өңір тұрғындарының бірқатар арыз-шағымдары тыңдалып, алдағы уақытта барлығы да өз шешімін табатыны айтылды.
*** 
Аймағымыздағы №278 орта мектепте білім саласы бойынша бағдарламаларды насихаттайтын  лекция ұйымдастырылды. Оған Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, облыстық білім басқармасы басшысы мен өңіріміздегі білім ошақтары басшылары мен бітіруші түлектер қатысты.Басқосуда мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен мемлекеттік кредиттеу жүйесі, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мектепке дейінгі тəрбие мен білім беру жүйесі жайы айтылды. Кездесуді облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев жүр­гізіп, қонақтарды ел еркіндігінің 25 жылдығымен құттықтады. Ал "Тәуелсіз Қазақстан” пойызының штаб мүшесі Олжас Шохаев ҰБТ-ға енгізілген жаңа формат пен 2016-2017 жылдары бөлінетін грант жайында баяндады. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің өкілі Мария Ерманова мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жайына тоқталып, бірқатар оқыту әдістері жаңартылғанын айтты. Сонымен қатар, ол соңғы 3 жылда Сыр өңірінде білім саласы бойынша оң өзгерістер байқалатынын айтып, республикалық додаларда топ жарған аймақтағы бірқатар балабақша қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалады. Ал Бекболат Алишер білім алушыларға берілетін несие жайында баяндап, ұстаздар мен түлектердің бірқатар сауалдарына жауап берді.

***
Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығы аясында облысымызға келген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы құрамындағы Астана, Алматы қала­ларындағы ғылыми орталықтардың білікті дәрігерлері науқастарды қабылдады.
Пойыз құрамында келген ангиохирург, гастроэнтеролог, гематолог, кардиолог, невролог, онколог, травматолог, офталь­молог, пульманолог, ревматолог және уролог, хирург, эндокринолог мамандары облыстық кеңес беру-диагностикалық орта­лығында емхана­лардан жіберілген нау­қастарға кеңес берді. 
Қаламыздағы №4 емханаға қарасты аумақта тұратын Айдай Қойшыбай сегіз айлық. Ол туабітті жүрек ауруымен ауырады. Ата-анасы Олжас Майлытонов пен Гауһар Іскендірова балалар ревматологының қабылдауына арнайы келіп, білікті маманның ақыл-кеңесіне сүйенді. Нәтижесінде Айдайды дәрігерлер Астана қаласына ота жасатуға жіберді. 
– Бір сағаттың ішінде он шақты бала қабылдадық. Солардың ішінде үш баланы Астанаға жолдап отырмыз. Солардың бірі – осы сегізайлық Айдай, – дейді балалар ревматологы Зәуре Мұқұшева. 
Белгілі болғанындай, облыста электр­он­ды жүрекпен жүрген жеті бала бар болса, 81 балаға ревматройд артрид диагнозы қойылған. 
Кардиохирург маманның қабылдауына келген қала тұрғындарының бірі – Жеңіскүл Махамбетова. Ол алты жасар Нұрислам есімді ұлын алып келген. Нұрисламға дәрі­герлер осыдан үш жыл бұрын электр­он­ды жүрек қойған.  Оны әр он жыл сайын ауыс­тыру қажет екен. Бала қазір өзін жақ­сы сезінеді, алайда баласының нау­қасына алаңдаған ана білікті дәрігердің кеңесін алуды жөн санаған. Нұрисламды қараған дәрігер оның жағдайының жақ­сы екенін айтты, сонымен бірге үнемі кардио­хирургтың бақылауында болу қажеттігін және жарты жыл сайын арнайы демалыс орындарында демалудың пайдасы зор екенін ескертті.
Алматы көз аурулары институтының офтальмолог маманы Мадияр Ербол­ұлы­ның қабылдауына келушілер қарасы да көп болды. Дәрігердің айтуынша, ба­ла­лардағы негізінен көп кездесетін ауру алыстан көрмеушілік. Ол негізінен компьютер, планшет, теледидар алдында ұзақ отыру салдарынан орын алуда. Үлкен кісілерде глаукома, катаракта аурулары жиі кездесуде. Қабылдауға келгендердің көбісіне көзілдірік таңдалып, қажетті ем-дом жазып берілді және бірқатарымен арнайы әңгіме жүргізілді. 
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының бұл 26-шы нысаны. Бұл жөнінде акцияның медициналық көмек көрсету бойынша үйлестіруші Денсаулық сақтау және әлеуметтік министрлігі медициналық қызметтерді стандарттау департаментінің бас сарапшысы Арман Дәрібаев айтты. 
– Осы өңір  біздің сапарымыздағы 26-шы  елді мекен. Бұл акция 43 күн бойы жалғасады. Шараны Президент әкім­шілігі ұйымдастырып отыр. Мақсатымыз тұрғындарға медициналық көмек көрсету, кеңес беру болып табылады. Әр елді мекенде бір күннен боламыз, –  деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік министрлігі медициналық қызметтерді стандарттау департаментінің бас сарапшысы, медициналық кеңес беру шарасының үйлестірушісі Арман Дәрібаев.
Жалпы, акция аясында білікті дәрігерлер тарапынан 295 адамға, оның ішінде 65 балаға кеңес берілсе, 23 науқас, оның ішінде 11-і бала Астана мен Алматы қала­сындағы ғылыми клиникаларға жолданды және үш науқас жедел түрде облыстық медицина орталығына жатқызылды.
Халыққа қызмет көрсету орталығында сала мамандары мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу бойынша кеңес беріп, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру, жер кадастрын рәсімдеу, алимент өндіру, тұрғын үй кезегі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша облысымыздағы 45 жеке тұлғаға заң бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Елімізде мемлекеттік қызметтердің тиімді және жедел түрде көрсетілуі негізгі міндеттің бірі ретінде айқындалғанын айтып, әрбір адаммен тікелей байланыста болудың арқасында статистика жүргізіп, әлеуметтік әрі маркетингтік сауалнамаларды өткізуге болатынын атап өтті. 
– «Тәуелсіз Қазақстан пойызы» республикалық акциясы аясында біз осы кезеңге дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлерімен 60 мыңға жуық адамға қызмет көрсеттік. Жалпы корпорация 530-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның құрамына Халыққа қызмет көрсету орталығы, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, Жылжымайтын мүлік орталығы мен Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы біріккен. Бүгінде осы аталған мекемелерге барып, қағаз алмаған адам жоқ шығар. Себебі халықтың басым бөлігі бір рет болса да, осы кәсіпорындардың көмегіне жүгінді. Анықтама алып, рұқсат қағазын шығарады. Бір қарағанда, жұмыс аз. Алайда, оның қызмет көрсету аясы кең екенін ұмытпау керек. Бүгінде Сыр еліне аялдап, жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар құжат беру рәсімдерінің оңтайланғанын, бұрын қандай да бір анықтаманы алу үшін бір мекемеден екінші мекемеге соғып, ұзын-сонар кезек күткенін айтып, қазір мұның барлығы артта қалғанын қуанышпен жеткізуде, - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мемлекеттік қызмет көрсету дирекциясы, құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекші маманы Әлібек Есенқұлов.
Айта кетейік, қызмет көрсетуші мамандар қатарында республикалық акция қатысушылары, жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру дирекциясының басқарма маманы Байтақ Төреханов, тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мен техникалық түгендеуді нормативтік қамтамасыз ету, бақылау басқармасының бас сарапшысы Айгүл Байжанова, сот актілерін орындау департаменті әдістемелік жұмысты қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы Гүлнар Қайырбаева бар. 
Дәл осындай кездесу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында өтіп, зейнетақы және әлеуметтік мәселелер бойынша тұрғындарға түсіндерме жұмыстары жүргізілді. Кездесуде 12 тұрғынға әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер берілді.

***
Өзге мамандармен бірге ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Нұрбол Жұматов, Қызылорда облысы бойынша тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерқасым Сүлейменов және «Қызылорда облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Серік Теңізбаев қызылордалық тұтынушыларға кеңес берді. 
Сол күні мамандар кеңесіне 27 тұрғын жүгінді. Келгендердің көбі сауда үйлеріндегі сапасыз тауарлар, қоғамдық тамақтану, коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсететін  орындарындағы дөрекіліктер мен келеңсіздіктер жөнінде айтты. Мамандар алдына келген әр тұрғынға тұшымды жауаптар беріліп, заңдылықтары түсіндірілді.

***
"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы - Сыр еліндеТәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесінің құрметіне орай жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының делегаттары облыстық Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесіп, пікір алмасып, сауалдарына жауап берді.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшесі «Атамекен» ҰКП Өңірлік даму департаментінің эксперті Данияр Сыдықов кездесу барысында кәсіпкерлікке арналған түрлі жобалар мен шағын және орта бизнесті дамытудың түрлі көздерін ортаға салды. Сондай-ақ, ұлттық кәсіпкерлік палатасының алдағы жоспарларымен бөлісті. 
– Кәсіпкерлер үшін құжат айналымы қолжетімді болу үшін келер жылдан бастап «Бір терезе» қағидаты қолданысқа енгізілетін болады. Барлық құжат түрі электронды айналымда жүреді. Бұл кәсіппен айналысамын деген азаматтың жергілікті кәсіпкерлік палаталарында құжаттарын бір жерден рәсімдей алады, - деген Данияр Бақтиярұлы, бүгінгі күні осы бағытта өңірлерде дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтты.  
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясовтың төрағалығымен өткен шараға 70-ке жуық бизнес өкілдері ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша, АӨК саласында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған лекция – таныстырулар және жалпы бизнесті дамыту бойынша кеңестер алды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау бағытында сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды. Мәселен, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ облыстық филиалы директоры Нұркен Қаржаубаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақановқа қойылған сұрақтар ішінде субсидиялау және облыстың агрокартасы жайында болды. Аталған азаматтар бұл сауалдарға орай мол мағлұматтар берді. 
– Аймақтың экспорттық потенциалын жоғарылату мақсатында облыстың «Агрокартасы» әзірленді. Алдағы уақытта жергілікті фермерлер өз өнімдерін әлемнің кез келген мемлекетіне ешбір кедергісіз экспорттай алады. Олардың қатарында ет, шұбат пен қымыз да бар. Экологиялық табиғи таза өнімдер қашанда сұранысқа ие, - деді басқарма басшысы Б.Жақанов. Сонымен қатар, қант қызылшасын өсірушілерге субсидияны тек алған өнімдерін таразылап, зауытқа өткен тоннасына орай берілетінін айтты.
Ал облыстық Кәсіпкерлер палатасының аграрлық өнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков қазіргі талқыланып жатқан «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 2017-2020» бағдарламасы көп мүмкіншіліктер ашатынын атап өтті. 
Осылайша ауыл шаруашылығында қарқынды жүріп жатқан жемісті жұмыстар мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында өткен еркін пікір алмасу алаңында қатысушылар делегаттардың сапарларына сәттілік тілеп, естелік суретке түсті. 

***
"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы - Сыр еліндеШирек ғасыр төріндегі Тәуелсіздіктің тарихтағы алар орны тұғырлы. Арайлап атқан егемендік таңы елімізге бақ-береке, бейбітшілік пен бірлік сыйлады. Осынау 25 жылдық айтулы мерекеде жасарған, жаңарған Сыр жұртшылығы «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын» құшақ жая қарсы алды. Алаштың анасы атанған ел топырағында Арқадан келген меймандар жоспардағы жұмыстарын ойдағыдай атқарып, мәре-сәре боп аттанды. Олардың Сыр еліне деген ыстық ықыласы, ризашылығы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен гала-концертте те анық аңғарылды.
«Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» тақырыбы аясында шымылдығы түрілген рухани-мәдени кешке облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, мәртебелі меймандарға құтты қадам, сәттілік тіледі.
– Жақсылықтың, мерекенің жаршысындай болған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының Сыр еліне сапары мерекелік көңіл-күйді одан әрі өрістетті. Бұған дейін 27 елді мекенге аялдап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, қызмет көрсеткен оларға сырбойылықтар да дән риза. Ширек ғасырдағы әрбір белесін Елбасының ерен еңбегімен байланыстырған қазақ халқының болашағы әрқашан жарқын болмақ, - деген облыс әкімінің орынбасары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлемге таныту жолындағы еңбектеріне тоқталды. Сондай-ақ, Сыр халқының егемендік жылдарындағы өсіп-өркендегендігін, соңғы жылдары ерекше даму сатысына қадам басқандығын жеткізді. Әсіресе, өңірде халық саны артып, құрылыс қарқын алғанын, инвестициялық жобалар молайғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, әр төбесі шежіреден сыр шертер Қызылорданың тарихы тереңде жатқандығын, алты Алашқа ана болған қасиетке ие екендігін айтқан облыс әкімінің орынбасары қонақтарға сәт-сапар тіледі.
Сыр еліне табан тіреген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы делегациясының жетекшісі Л.М.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің доценті, тарихшы Әміржан Әлпейісов өз кезегінде қызылордалықтарға алғысын ерекше толқыныспен жеткізді.
– Қазақ халқы – ата-баба аманатына адалдық танытар, қиын-қыстау күндерде рухы сынбаған халық. Тәуелсіз Қазақ­станды бүгінде әлем мойындайды, эко­но­микасы қарыштап дамыған ел ретінде таниды. Осынау же­тіс­тікке жету жолындағы Сыр елі қосқан үлестің ерекше екендігін бәріміз білеміз. Сыр елі – Қорқыт баба жатқан қасиетті жер, Алаш арыстары ұлт үшін күресіп, бас қос­қан жер. Біз бүгін ха­лыққа құқықтық, медициналық көмек көрсеттік. Жаңа ғана маған мәлім болғандай, 300-ге жуық қызыл­ордалық дәрі­гер­лерімізге қаралған. Әрбір тоқтаған жерімізден байқағанымыз, халқымыз тоғайған, көңілдері көтеріңкі, – деді мәртебелі мейман.
Мерекелік кеш одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төріне әнші Күлән Қалымбетова, «Тұран» триосы, Олжас Нұрәлиев, Назерке Нұрадиновалар шығып, құлақтан кіріп бойды алар әндерімен көрермен көзайымына айналды.
Кенжетай Қайрақбаев,
Айнұр БАТТАЛОВА,
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
Нағымжан САУЯЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 желтоксан 2016 г. 830 0