Әзия Қыстаубаева – бірнеше мемлекеттік марапаттардың иегері, кезінде Жоғарғы кеңес депутаттығына да сайланған еңбек адамы, абзал ана. Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі, аудандық мәслихат депутаты.
«Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – үнемі қалың көпшіліктің арасында болып, ауыл адамдарының да ұсыныс-тілектеріне сергек қарайтын басшы ретінде көп көңілінен орын алған азамат қой. Мемлекет басшысының қабылдауында осыдан үш-төрт жыл бұрын болып, ерекше әсерленіп, жігерленіп қайтқаным бар, – деп еске алады Әзия Қыстаубаева сол бір тарихи сәтті тағы бір көз алдынан өткізе отырып.
– Мемлекет басшысы жайдары да жылы жүзділігімен қабылдауына келген бір топ шығармашылық және өнер, түрлі кәсіп иелерін баурап алды. Әрқайсысымыздың хал-жағдайымызды біліп, елдің амандығын, ондағы халықтың тыныс-тіршілігі, тұрмыс жағдайын сұрады. Маған кезек келгенде мен Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, осының барлығы Елбасының идеясымен қолға алынған бағдарламалардың сәтті орындалуының нәтижесі екендігін жеткіздім. Расында, мен үшін елдің табысын айту зор жауапкершілік екендігін сезінемін. Бұл орайда ежелгі Сыр өзенінің жағалауында орналасқан Қызылорда қаласының соңғы жылдары ерекше көркейіп, сәулеттене түскендігінен де хабардар ету маған мақтаныш сезімін сыйлады. Сондай-ақ, орталықтардан шалғайдағы елді мекендерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аясының жылдан жылға ұлғайып, ондағы халықтың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылғандығын айтқанымда Елбасы ерекше ризалық танытты.
Мен тұратын Сунақата ауылында соңғы жылдардың өзінде 2 жаңа типтік мектеп бой көтерсе, ондағы құрал-жабдықтар қазіргі заманауи талаптарға сай орналастырылды. Бұл жауапкершілікті ауыл мектебінің ұстаз¬дары мен шәкірттері жете түсініп, осы талап тұрғысынан табылуға барын салып келеді.
Тағы айтарым, ауылдың басым көшелеріне тас төселіп, біразына асфальт салынды. Есептеп көрсек, соңғы жылдары ауыл көшесі асфальтталып, жарықтандырылған екен. Сол се¬кіл¬ді ауыл тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Бұл үшін де мемлекет қоржынынан қомақты қаржы бөлінді. Мұның бәрі сүйікті еліміздің өсуі, өркендеуі екендігін көрсететінін тілге тиек еттім.
Менің сөздерімді мұқият тыңдаған Нұрсұлтан Әбішұлы да жымия күліп: «Әрине, аналық парыз ең жоғары мәртебе, қазақ әйелдері осылай өздерінің инабатталығымен қатар, қажырлылығын сақтауы керек», деп ілтипат білдірді. Ра¬сында, әйел адам ерін сыйлап, оның бастаған ісін әрі қарай жалғастырып отырса ғана өз жолынан жаңылмайды, отбасының шаңырағын шуаққа бөлейді деп түсінемін.
Тұңғыш Президент күні мерекесінде отандастарыма барлық жақ¬сы¬лықтарды тілей отырып, Елбасы атап көрсеткен «Мәңгілік Ел» идеясының орындалуына бар¬ша қазақстандықтар жұмыла еңбек етіп, атсалысуы қажет деп ойлаймын, – дейді ауыл өмірінің бел ортасында жүрген қарапайым да қайраткер, еңбегімен еліне жаққан, абзал ана Әзия Қыстаубаева.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Сунақата ауылы.