Естен кетпес кездесу

Естен кетпес кездесуТәуелсіз еліміздің жиырма бес жылдық кезеңіне көз салсақ, ел экономикасының дамуы 2003 жылдан бастау алғанын байқаймыз. Елбасы бастамасымен қолға алынған шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту осы тұста алғашқы жемісін бере бастады. Бұған дейін Елбасының басшылығымен ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында тығырыққа тірелген экономикамыздың салаларын дамыту мақса¬тында «Мәдениет жылы», «Денсаулық жылы» қабылданып жүзеге асырылды. 2003 жылғы сәуір айының 15 жұлдызында Елбасы арнайы сапармен Қызылорда облысына келді. Сырдария ауданының бірқатар өндіріс орындары мен компаниялардың жұмыстарымен танысып, Қараөзек арнасында қытайлықтардың салып жатқан су тоспасының жұмыстарын көріп, түске таман Сырдария ауданының Қалжан ахун ауылына аялдады. Шағын ауылдың мәдениет үйінде өткен кездесуге облыстың іс басында жүрген азаматтар мен кәсіпкерлер, ауылшаруашылық нысандарының өкілдері, ел ағалары, ардагерлер қатысты. Осы кездесу жиынға Бұқарбай батыр ауылының сол кездегі әкімі, осы жолдардың авторы да қатысқан болатын. Ертеректе салынған мәдениет үйінің есіктен төрге қарай шығып төралқалар отыратын орынға бет алған Елбасы отырған халықпен қол алысып амандасып, хал-жағдайларын сұрап, көтеріңкі көңіл күймен құрметті орынға жайғасты. Алғашқы халыққа арнау сөзін өзі бастап кетті.
– Алаштың анасы атанған, қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр еліне жыл басында үлкен мақсатпен келдік. Ел экономикасында ерекше орын алатын, халықты асыраушы, күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығын заман талабына сай өр¬кендетудегі қабылданған «Ауыл жылының» бас¬тамасын, Ислам дүниесінің қайраткері, иісі қа¬заққа белгілі ғұлама, ағартушы Қалжан ахун ауылынан бас¬тауды жөн көрдік. Сіздермен ой бөлісіп, дидарласып, әруақтың табаны тиген топырақтан нәр алып, ісімізді бастағалы келіп отырмыз, – деп жүрек тебірентерлік лебізін жеткізді.
Жиында Елбасы Сыр елінің соңғы жылдардағы өтпелі кезеңнен сәтті өтіп, нарық талабына сай жақсы істер мен бастамаларды жүзеге асырып жатқандарына, бірліктері жарасқан халқына, ел ағаларына ризашылығын білдірді. Еліміздің сыртқы саясатында атқарылып жат¬қан ауқымды жұмыстарынан хабар¬дар етті. Осы кездесу жиын аяқталғанда мен де халықпен бір¬ге Елбасына жақындай түстім. Аман¬даса бастағанда Елбасы: – Ал, ауыл әкімі, ауылдың хал-жағ¬дайын баянда! – демесі бар ма?! Іштей дайындалып келген мен де: «Ассалаумағалейкүм, Нұреке! Жыл басында жасаған игі қадамыңыз халықтан қолдауын табуда. Біздер, ауыл азаматтары «Ауыл жылының» бағдарламаларын орындауда бар күш-жігерімізді салып еңбек етеміз.  Сыр бойына келген сапарыңыз елге құтты қадам болсын!» дегенімде Елбасы басын изеп, ризашылығын танытты.
Ауыл халқының жағдайын тәптіштей сұрап, шағын шаруашылықтарды ірілендіру қажеттігін айтты. Егінмен қатар, елдегілерді мал ұстауға үндеген сөзіне жиналғандар ризашылықпен қол соққаны есімде.
– Бұл тек бастамасы, мемлекет тарапынан шаруаларға берілетін жәрдем – несие, субсидия көлемі артады. Жаңа техника, технология ауылға келеді. Ауыл шаруашылығында жаңа серпіліс даму болады. Бүгінгі қабылданып отырған «Ауыл жылының» мақсаты да осы. Ал әкімдер осыны халыққа жан-жақты түсіндіріп, бағдарламалардың орындалуының ұйтқысы болуы керек, – деп ақыл-кеңес берген еді.
«Ауыл жылынан» бастау алған қолдау кейін де қанат жайып, кеңейе түсті. Мемлекет қамқорлығының арқасында агросалада ірі кәсіпорындар пайда болды.
Осы сапарында Елбасы ауыл тұрғындарымен емін-еркін сұхбат¬тасты. Кездесу соңында Елбасы жиынға қатысқан ауыл әкімдеріне су жаңа УАЗ көліктерінің кілтін тапсырды. Ауыл әкімдерінің атынан «Қоғалыкөл» ауылдық округінің әкімі Елбасына ризашылығын білдіріп, рахметін айтты. Арада қан¬ша жыл өтсе де, сәті түсіп Елбасымен кездесуім мәңгілік жадымда қалды.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 желтоксан 2016 г. 859 0