Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
саяси ғылымдар докторы, профессор
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Тәуелсіз Қазақ елінің Әлем халықтарымен тең дәрежеде бәсекелестікке түсіп, өркениетті жолмен өсіп-өркендеуі үшін қолдан келетін нәрсенің бәрін жасап келе жатқан саясаткер. Жай саясаткер емес, нағыз сарабдал саясаткер. Дамудың салиқалы жолын ұстанып, небір қиын-қыстау кезеңдерде асықпай, аптықпай, қажетті жерде батыл, өткір шешімдер қабылдап, елімізді бұрын-соңды болмаған жаңа биіктерге көтерді. Қазақстан ауыр күйзеліссіз, қан төгіссіз және азаматтық қайшылықтарсыз КСРО-ның күйреуінен туындаған дағдарыстық құбылыстарды қысқа тарихи мерзім ішінде жеңіп шықты.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші тікелей бүкілхалықтық сайлауы болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алып, сенімді жеңіске жетті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі көшбасшылық қасиетін қазір бүкіл дүниежүзі танып, мойындады. Харизмасы қуатты. Парасатты прагматик. Салиқалы стратег. Сонау 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басында-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі КСРО деңгейіндегі басшылар арасында танымалдық жағынан алғашқы орын алды. Қазақстан Тәуелсіздігімен бірге Мемлекет басшысының атақ-даңқы төрткүл әлемге кеңінен танылды. Бұл күнде Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіл әлем біледі, барлығы да мойындайды және аса құрметтейді. Біздің Тәуелсіздік алуымыз, дербес Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюы тікелей Елбасы есімімен байланысты. Егемен мемлекетке тән барлық қажетті атрибуттарды жасау оңайлыққа түспегені белгілі. Алайда өршіл рухты серік еткен кемеңгер көшбасшы ұстанған бағытынан жаңылмай, Қазақ Елін үнемі алға сүйреумен болды. Орасан күш-жігерге, қуат пен қажыр-қайратқа ие саяси тұлғаның төккен тері, жасаған еңбегі текке кеткен жоқ. Жаһанданудың мың құбылған дағдарысты кезеңдерінде қиындықтан қаймықпады. Ойға алған ісінің бәрін табыспен жүзеге асырды. Күшті және динамикалық түрде дамыған мемлекет құра білді. Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі бұл күнде Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Дэн Сяопин, Махатхир Мохамад тәрізді ең көрнекті реформаторлармен қатар аталуы да тегін емес.
«Алдымен экономика, сосын саясат» деген президенттік бағыттың лейтмотиві өміршең және өзекті болды. Бұл бағыт өзін толық ақтады десек те болады. Тығырыққа тірелген, одақтық байланыстардан әбден әлсіреген экономиканы реформалау оңай болған жоқ. Қазақстанда осы заманғы банктік-қаржылық, салықтық жүйенің негізін қалады. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру тұрғысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін құру барысында көптеген өзекті мәселелерді оңтайлы шеше білді. Мемлекет басшысының стратегиялық ойлау нәтижесінде Қазақстанда жігерлі және жаңаша ойлайтын бизнес-элита қалыптасты. Мемлекеттілікке ауадай қажетті барлық экономикалық және қаржы институттары құрылды, елдің қорғаныс қуаты нығайтылды, орта таптың қалыптасуы жүргізілді. Қазақстан экономикасының нарықтық сипатын әлем жұртшылығы тегіс мойындады. Еліміздегі индустриялық-инновациялық экономиканы құру бағытында соңғы жылдары өте күрделі және ауқымды міндеттерді жүзеге асыру басталды. Әлемнің анағұрлым бәсекелестікке қабілетті 30 елінің қатарына енуге нақты қадамдар жасалды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – өзінің саясаткерлігі жағынан теңдессіз тұлға. Оның саяси тәжірибесі тек қана бір-ақ бағытқа – өз елінің гүлденуі мен өркен жаюына ғана бағытталып қана қойған жоқ. Ол сонымен бірге әлемдік деңгейде небір үлкен жаһандық проблемаларды шеше білуімен ерекшеленеді. Әрісін айтпағанда, таяуда ғана Түркия мен Ресей арасын жақындатуға жасаған ара-ағайындық дәнекерлігінің өзі неге тұрады?! Бір адамның бойында теория мен практиканың, интуиция мен парасатты көрегенділіктің тоғысуы сирек кездесетін нәрсе. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кей тұста ағынға қарсы жүзуге дайын болды, кейде бұралаң да бұлтарысты жағдайларда өмірлік маңызды шешімдерді шұғыл түрде қабылдай білді. Бәріміз кез келген мәселені кеңінен талқылай аламыз. Пікір саналуандығы жағдайында қоғамның әрбір мүшесі өз ойын айта алады. Ал Мемлекет басшысы – шешім қабылдайтын тұлға. Жақсы ма, жаман ба деп ойланып жататын да уақыт болмай қалады. Шешім қалайда қабылдануы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Президент Назарбаев бірде-бір рет популизмге ұрынған жоқ. Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің аса зәру мәселелері туралы әрдайым ашық айтып келеді. Қиындық болатын болса, қиын күндер тосып тұр дейді. Заманның сын-қатерлері кездессе, оны да ашық сөз етеді.
Көзқарасының кеңдігі, парасатының кемелдігі елді оңтайлы басқаруға ғана емес, әлемдік деңгейде уақыттан озып қарауға жол ашқанын көреміз. Бұл күнде иегінің астындағыны көре алмайтын пенде көп. Ал ұзақмерзімді болашақты кеңінен пішіп, терең ойластыру кімнің қолынан келді? Уақыттан озып, 10, 20, 30 жыл бұрын алдағы кезеңдердің жоспарын құра білген көрегенділігін айтсақ та жеткілікті. Қазақстанның болашақтағы 30-50 жылғы келбеті қандай болады? Алда қандай үлкен қауіп бар, сын-қатер бар, оларды қалай орап өтуге болады? Міне, осының бәрін егжей-тегжейлі ойластыра алды. Еліміздің ішіндегі жағдайларды ғана қарастырып қоймайды, Қазақстанның халықаралық аренадағы орны қандай болады деген тұрғыда кемел стратегияны құрастырады.
Нұрсұлтан Назарбаев – халықаралық ауқымдағы беделді саясаткер. Оның пікіріне әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары, ықпалды халықаралық ұйымдардың басшылары мен әлемдік бизнес-элита өкілдері үлкен ынта-ықыласпен құлақ түреді. Біз Нұрсұлтан Назарбаев сияқты бірегей және ауқымды тұлғаны қазақ халқының маңдайына біткен бақ деп танығанымыз абзал.
Биыл біздің еліміз өз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесін қарсы алғалы отыр. Ширек ғасыр ішінде атқарылған ауқымды істерге бүгінгі биіктен көз салып, бағамдасақ нені көреміз? «Қазақстан» және «Назарбаев». Осы екі атаудың киелі ұғымдарға айналғанына көз жетеді. Ата-бабаларымыздың асқақ арманы – Тәуелсіздік болса, сол Тәуелсіздікті қабыл алған, орнықтырған, баянды етуге ұмтылған Ұлт Көшбасшысының келбетін анық көреміз. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың та дәрежелі мүшесі болды. Енді Мәңгілік Ел болуды асыл мұрат етіп отыр. Ұлы мұрат тұрғысынан еліміздің жаңа ғасырдың ортасына дейінгі даму жолы белгіленді. Барлық бағыт-бағдарды айқындап берген Елбасы оларды тиімді түрде іске асырудың нақты жолын да көрсетіп отыр. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары соның айқын айғағы.
ХХІ ғасыр – қазақтың алтын ғасыры болуы тиіс. Осы алтын ғасырдың бастауында ұлы тұлға тұр. Қазақ елінің жарқын дамуын, қазақ өркениетінің жаңа болмысын қалыптастырған тұлға. 1 желтоқсан – бұл күнде ұлттық мерекеге айналды. Тәуелсіздік тұғырын биіктеткен Ұлт Көшбасшысы «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының мерзімінен бұрын орындалуына қол жеткізді. Қыруар істің басы-қасында жүрді. Ата Заңымызды қабылдатып, мемлекеттік рәміздерімізді қалыптастырды. Мемлекеттің шекарасы түбегейлі шегенделді. Ядролық сынақ алаңдарын жапқызды. Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танытты. Елордасын Астанаға көшірді.
Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік – бұл болашақ ұрпақтарға қалдыру үшін көздің қарашығындай сақтайтын және нығайтатын біздің басты игілігіміз. Еліміз өз дамуының ішінде қол жеткізгеннің барлығы Тәуелсіздіктің арқасында келді. Біз оны ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Бұл – өткендегі жетістіктеріміз туралы айтуға ғана емес, ертеңгі күнге сеніммен қарауымызға себеп» деген аталы сөзі бар. Біз – үміт пен сенімді серік еткен елміз. Аңсаған Азаттығымызға жеткен ұлтпыз. Көш бастаған көреген басшысы бар, сол басшысының маңайына топтасқан үкілі үмітті мың сан қосшысы бар іргелі жұртпыз. Осы уақытқа дейін «Қазақ өз алдына ел бола алмайды» деген тобасыз түртпек, қитұрлы құқайдың талайын көргенбіз. Бұл күнде, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында «Біз өз алдымызға ел болдық!» деп нық сеніммен айта аламыз.
Елі сенген, елін сүйген Елбасымызбен бірге әлі талай асудан асатынымыз анық. Бәрімізге сол күндердің куәгері болуға жазсын!