Оңалту бағдарламаларының оң нәтижесі

Оңалту бағдарламаларының оң нәтижесіСейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы облыстық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Өңірде 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіледі. Соңғы жылдары мүге¬дектерді қолдаудың кешенді шараларын қамтыған жол картасы жүйелі түрде жүзеге асып келеді.
Отырыста хабарлама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ¬дарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Алдажаров мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жол картасының жүзеге асуы туралы баяндама жасады. Алдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ескірген сурдо-тифло техникалық құралдары заманауи электронды гаджеттерге ауыстырылатын болады. Мүгедектерді оңалту орталығына локомоторлық терапия орталығы алынған еді. Емдеу нәтижесінде 46 мүгедек кресло-қораптарын, 63 адам балдақ, таяқтарын тастады. Сонымен бірге психоэмоционалды жағдайы, тіл мүкістігі жақсарғандар бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы жол белгілері орнатылып, оларды тегін тасымалдау үшін инватакси қызмет көрсетеді. Адам көмегіне зәру мүгедектерге жеке көмекші бекітілді. Аймақ мүгедектерді  оңал¬ту бағдарламаларын орындау бойынша республикада алдыңғы орындарға шықты.
Облыста мүмкіндігі шектеулі аза¬маттарға спорт нысандарындағы денешынықтыру-сауықтыру қыз¬мет¬¬тері тегін көрсетіледі. Дене шы¬нықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж.Оспа¬нов¬тың айтуынша, «Мұз айдынында» отырып ойнаушыларға арналған волейбол, жеңіл атлетика және пауэрлифтинг бөлімдері жұмыс істейді. Спортшыларды жаттығуға тасымалдау үшін  шағын автобус алынды. Бұдан бөлек, аймақ спортшылары Паралимпиадаға, басқа да  спорттық шараларға қатысады.
Қимыл-қозғалысында ақауы бар азаматтардың дені сау адамдармен бірге көліктерде емін-еркін жүруіне жағдай жасалуда. Қызылорда қала¬сындағы жаңа маршруттық автобустар арбамен қозғалатын адамдарды тасымалдауға  ыңғайлы қондырғылармен жабдықталған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Бәйімбетов «Қорқыт ата» әуежайында ұшаққа жеткізетін көлік, арбалар және ұшақ салонында арнайы орындар қарастырылғанын, теміржол вокзалында арнайы автотұрақ, нашар еститіндерге арналған индукциялық панель, кезекші оператормен байланысуға арналған қоңырау және өзге де құрал-жаб¬дықтар орнатылғанын айтты.  
Облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Жұмаділлаев қоғамдық-саяси шаралар өтетін орындарға мүгедектердің де баруына жағдай жасау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың музыкалық аспаптарды игеруіне көмектесу туралы ұсыныстарын жеткізді. Арбаға таңылған адам – қоғамның толыққанды мүшесі. Сондықтан олар салтанатты шараларға, есепті кездесулерге қатысуы тиіс.  
Жыл басынан бері мүгедектікке алғаш рет өткендерге медициналық қызмет көрсетіліп келеді. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс ¬бойынша департаментінің басшысы Т.Жолым¬бетовтің айтуынша, бұрын азаматтар мүгедектік туралы анықтама алу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне, ал әлеуметтік көмек алу үшін зейнетақы мен жәрдемақы төлеу орталығына баратын еді. Бүгінде олар медициналық-әлеуметтік сараптама орталығына өтініш жазып, жұмысын бір орталықтан бітіреді.
Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі жауапты тұлғаларға мүгедектердің құқықта¬рын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту туралы жол картасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу, олардың өмір сүру сапа¬сын жақсартуға бағытталған жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға тапсырма берді. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына мүгедектерге арналған әлеуметтік нысандарды, олардың құқын қорғау шараларын бақылауды жүктеді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 желтоксан 2016 г. 764 0