Еліміздің дербес мемлекет атанып, өз алдына шаңырақ көтергеніне ширек ғасыр толды. Осыған орай ұйымдастырылған шаралар жер-жерде өтті. Сәрсенбінің сәтті күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Қазалы ауданына жасаған жұмыс сапары да осы бағытта туындаған еді.
Аймақ басшысын аудан әкімі Нажмадин Шамұратов бастаған қазалылықтар қарсы алып, «Жеңіс» бағына қарай бет алды. Аумағы ауқымды, көркі көз тартатын саябақты аудан тұрғындары қастерлі мекеннің бірі санайды. Оған себеп те жоқ емес. Мұнда Отан үшін от кешкен боздақтарға, түрлі сала озаттарына арналған алаңдар басқа да ұрпақ зердесіне өнегелі әсер қалдыратын орындар бар. Өткен жылы «Жеңіс» бағында Қазалы ауданынан шығып, соңынан өшпес із қалдырған 12 тұлғаның ескерткіш-бюсті қойылған еді. Енді олардың қатары Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Ержігіт Бозғұловтың бюстімен толыға түсті.
Ашылу рәсімінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев инженерлік жүйедегі суармалы жер аграрлы өңір үшін мол қазына екендігіне тоқталып, облыста мелиорациялау жұмыстарының жоғары қарқынды орындалуын қамтамасыз етіп, Қызылқұм, Қарақұм мал жайылымдарын суландыруға, Сыр жағалауындағы күріш¬тік алқаптарды тегіс¬теуге сүбелі үлес қосып, өнегелі еңбектің үлгісін көрсетіп кеткен Ержігіт Бозғұловтың шоқтығы биіктігіне кеңінен тоқталды. Абзал адам жайлы тебірене сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтың лебізі жақсының аты өшпейтінін, қабырғалы жұрты азаматының қадір-құнын, жасалған еңбектің бағасын білетінін айшықтай түсті.
Аймақ басшысының сапары аясында жаңадан салынатын аудандық аурухананың іргетасын қалау рәсімі өтті. Аурухана құрылысының басталуын қазалылықтар көптен зарыға күткен еді. Өткен ғасырда салынған бұрынғы ғимараттың әбден тозығы жеткен болатын. Замана талабына сай келмейтін ескі аурухана ақ желеңді қауымның күтіп ұстауымен ғана халыққа қызмет көрсетуге жарап келгенін атап кеткен жөн.
Аурухананың жоба-сметалық құны 4 млрд 285,3 млн теңгені құрайды. Құрылысты бастауға биылғы жылы облыстық, республикалық бюджеттен 220 млн теңге бөлініпті. 150 төсекке есептелген медициналық мекемеде барша қызметтің сапалы түрі көрсетіледі деп күтілуде.
– «Бірінші байлық – денсаулық» деген бабаларымыздың қанатты сөзі қашанда маңызды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында халықтың денсаулығын жақсарту жайына ерекше мән берілетіні баршаға аян. Еліміздің денсаулық сақтау саласы тұрақты даму үстінде деп сенімді айта аламыз. Салаға озық технологияларды енгізіп, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен теңесетін дәрежеге жеттік. Мұндай ахуал Сыр өңіріне де тән. Тек соңғы екі жылдың ішінде көптеген денсаулық сақтау нысандары салынды. Олардың басым бөлігі ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар. Оған қоса дәрігерлік амбулаториялардың жанынан күндізгі стационарлар ашылуда. Іргетасы қаланып жатқан аудандық аурухана құрылысы келесі жылы толық аяқталып, игіліктеріңізге беріледі. Баршасы – бізге Тәуелсіздіктің берген тартуы, – деп сөзін түйіндеген облыс әкіміне жұртшылық қызу қошемет білдірді.
Келесі кезекте еңбек ардагері Тұрғанбай Маханов, Қазалы аудандық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Көбек Наршабаев ақ тілектерін жеткізді.
Мұнан соң Қырымбек Көшербаев кент орталығындағы №249 мектеп-лицейіне Ержігіт Бозғұловтың атын беру рәсімінде болып, көпшіліктің қуанышымен бөлісті. Шәкірт жанына терең білім, тағылымды тәрбие сіңіруді мұрат тұтқан лицейлік ұстаздардың ұлағаты өзгелерге үлгі тұтуға жарайды. Мектеп ұжымын ауыл арасындағы жалпақ тілде «Алтын белгілер» ұстаханасы деп атауы көп сырды ұғындырады. Қандай шараны болмасын жоғары деңгейде ұйымдастыратын ұстаздар қауымы бұл жолы да белсенділік танытты. Көркем безендірілген аулаға жиналған ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар, тұрғындар көтеріңкі көңіл күйде жүр. Шараға жиналғандарды облыс әкімі құттықтап, Ерекеңнің жары Назира Сембіқызы жұртшылыққа шынайы алғысын айтты. Еңбектің наны тәтті екенін ғибратты ғұмырында дәлелдеген Ержігіт Сексенбайұлының лицейдегі ескерткіші құрметпен ашылып, рухына тағзым жасалды. Сондай-ақ лицейдің үздік мұғалімі Мұқағали Сансызбаев пен озат оқушы Элдар Куанышқа Ержігіт Бозғұлов атындағы қомақты ақшалай жүлде, Ержігіт есімді бір топ шәкіртке кітап сыйға табысталды.
Өзге аймақтардай Қазалы ауданында да атқарылған толымды тірліктер аз емес. Сәл уақыт бұрын ауданда жоғары деңгейдегі ұлан-асыр той өткені туралы баспасөз бетінде көлемді мақалалар берілгені белгілі. Нақты кезеңде орталықтан бой көтерген зәулім Тәуелсіздік монументі, көркі көз қуантқан Жалаңтөс баһадүрдің мавзолейі, адалдықтың символы Бегім ана, ерліктің өнегесі Асандар көтерілісі құрбандарына арналған ескерткіш, қайта жаңғырып танымастай түлеген Пірімов көшесі сырттан келген қонақтарға масаттана көрсететін орынға айналды.
Сапар соңында аймақ басшысы әкімдік ғимаратында өткен мәжілістің отырысына қатысты.