Жыл мәресіндегі жауапты міндеттер

Жыл мәресіндегі жауапты міндеттерКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда алты мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша, яғни, Қызылорда қаласы мен аудандардың өзекті мәселелері туралы сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова республикалық бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар жөнінде айтып өтті. 
Басқарма басшысының айтуынша, 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландырылатын басымды инвестициялық жобалар тізіміне облыс бойынша барлығы 96 млрд теңгені құрайтын 145 жоба ұсынылған. Оның ішінде 2017 жылға ұсынылған 114 жобаның 68-ін қаржыландыру қолдау тапқан. Қолдау тапқан жобалар бойынша ең үлкен үлес Қызылорда қаласынан 14,6  млрд теңгені құрайтын  20 жоба болса, ең аз үлес  708 млн теңгені құрайтын төрт жобадан Сырдария мен Жалағаш аудандарына тиесілі. 59,4 млрд теңгені құрайтын 77 жоба қолдау таппаған. Қолдау таппаған жобалар ішінде жоба-сметалық құжаттарының пайдалану мерзімі 2017 жылы аяқталатын жалпы құны 17,9 млрд-ны құрайтын 23 жоба бар екен. 
Мәжілісте сонымен бірге облыс бюджетінің орындалу барысы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаевтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, бюджеттің болжамды орындалуы 99,2 пайыз деп күтілсе, болжамды игерілмейтін қаржы көлемі 1,8 млрд теңге. Оның ішінде Ұлттық қор қаражаты 98 пайыз немесе жылдық жоспардың 90,1 пайызы орындалады деп күтілуде. Болжамды игерілмейтін сома 504 млн теңге. Сонымен бірге, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржының болжамды игерілуі 98,3 пайыз  немесе жылдық жоспардың 90,7 пайызы игеріледі деп күтілуде. Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы бойынша қаржының игерілуі 99 пайызды, ал қалған аудандар бойынша 98 пайыздан асады деп күтілуде. Облыстық бюджеттің бағдарлама әкімшілігі бойынша бюджеттің болжамды игерілуі 99,6 пайызды құрайды. Жыл қорытындысымен бюджет қаржысының игерілуі 99,7 пайызды құрайды деп жоспарлануда. 
Мәжілісте сонымен бірге ҚР Премьер-министрінің Қызылорда облысындағы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов хабарласа, облыста жылу беру маусымының өту барысы және коммуналдық қызметтердің қарыздары жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Усаинның баяндамасы тыңдалды.  
Сонымен бірге, мәжілісте мемлекеттік сатып алудың бірқатар мәселелері туралы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ж.Ерсейітова айтып өтті. 
Үстіміздегі жылдың 11 айында облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктері 1242 конкурс пен аукцион жариялап, 2 млрд 52 млн теңге қаржы үнемдеген. Алайда, жүргізілетін мемлекеттік сатып алу жөнінде өткізілетін конкурстарға аталған басқарма мамандарын қатыстыру жөнінде облыс әкімінің арнайы тапсырмасы болғанына қарамастан, бірқатар мекемелер бұл тапсырманы ескермегені белгілі болды. Сондай-ақ, өткізілген мемлекеттік сатып алулар кезінде қаржылық дұрыс нұсқаулық берілмеуіне, сапасыз құжаттардың әзірленуіне, артық талаптардың қойылуына және заңсыз шешімдердің қабылдануына жол берілгені анықталған. 
Күн тәртібіндегі соңғы мәселеге, яғни, инклюзивтік білім беру және Ұлттық тестілеудің жаңа форматына көшу мәселелері бойынша сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев өз хабарламасында облыста кәмелетке толмаған 6117 мүмкіндігі шектеулі баланың бар екенін атап айтты. Оның 5062-сі даму мүмкіндігі шектеулі болса, 1055-і денсаулығына байланысты. Осылардың ішінде 1580-і, яки, 47 пайызы инклюзивті біліммен қамтылған. Ал, 3-6 жас аралығындағы сөйлеу қабілеті бұзылған 576 бала тіркелген. Облыс бойынша 16 балабақшада ғана логопед маманы бар екен. Осы орайда, басқарма басшысы әсіресе аудандар мектептерінде мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті біліммен қамтылуына көңіл бөлу керектігін және арнайы бөлмелермен жабдықтау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, психологиялық-коррекциялық кабинеттердің жоқтығын атап өтті.  
Мәжілісті қорытқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты тиісті сала басшыларына, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. 
Айнұр БАТТАЛОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қараша 2016 г. 672 0