Кеше Қызылорда қаласында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезекті ХХІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Кезекті конференцияға 11 аумақтық партия филиалынан 128 делегат сайланған.
Конференция жұмысына облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, партия және «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы конференцияға жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен, Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. ҚР Парламентінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясын, Демо¬кратиялық күштердің «Қазақстан-2050» жал¬пы¬ұлттық коалициясының Үндеуін «Алаштың анасы» атанған Сыр елі жұртшылығы қолдайтынын жеткізді.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің, бақылау-тексеру комиссиясының 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстарына талдау жасалды. Саяси кеңестің бірқатар мүшелерінің облыстан тысқары жерге көшуіне, қызметінің ауысуына, т.б себептерге байланысты кеңес құрамында өзгерістер болды. Кеңеске жаңа мүшелер сайланып, бақылау-тексеру комиссиясының құрамы бекітілді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстары туралы баяндама жасаған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, әсіресе әлеуметтік мәселелердің шешім табуына бағытталған шараларды атап өтті.
– Партия жобалары бойынша аға буынмен, Батыр аналармен, жастармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайын назарға алып, ұсыныс-тілектерін орындау бірінші кезекке қойылған. Мысалы, облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен ата-анасы да, өзі де тағдырдың тауқыметін тартқан, мүмкіндігі шектеулі азамат Ж.Мырзабековке «Сабалақ» саяжайынан үй тұрғызылды. Игілікті шараға мәслихат депутаттары мен жергілікті кәсіпкерлер, жасотандықтар атсалысты. Сонымен қатар, Жалағаш ауданында нұротандықтардың бастауымен Жалағаш кентінің тұрғыны, І топ мүгедегі, Е.Нарымбетовке асар әдісімен жаңа үй салып беру қолға алынды. Бүгінде үйдің іргетасы қаланып бітті, – деді хабарламашы.
«Нұр Отан» партиясы үлкенге құрмет көрсету мен ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртудан бас¬тап, әлеуметтік мәселелердің шешілуін қамтитын 9 жобаны іске асырып келеді. «Ардагерлерді ардақ¬тайық!», «Бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келе¬шек», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Ай¬қын тариф», «Сыбайлас жемқорлығы жоқ ел – өркендеуші ел», «Ұлы дала елі» «Сәтті қадам» және «Жастар – Отанға!» жобаларының маңызы зор.
Жарыссөзге шыққан Шиелі аудандық мәс¬л謬хатындағы «Нұр Отан» партиясы фрак¬ция¬¬сының мүшесі, «Сыр шуағы» балалар бақшасының меңгерушісі Нәйла Палымбет партиялық бақылаудың нәтижелері, «Балапан» бағдарламасының 100 пайызға мерзімінен бұ¬рын орындалуы туралы айтты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Марат Сүгірбай партияның руханият саласын өркендетуге қосқан үлесін жоғары бағалап, өз өлеңін оқып берді. «Жас Отан» Жас¬тар қанатының белсендісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы Жастар қанаты төрағасының орынбасары, И.Панфилов атындағы №5-мектеп-лицей мұғалімі Альфия Шайхутдинова ұстаздар әулетінің үшінші толқыны екен. Физика-математика факультетінің қазақ бөлімін бітірген маманның өзі де, шәкірттері де білім жарыстарында үздіктер қатарынан көрініп жүр. Жас ұстаз әр ұлттың өз тілі мен мәдениетін үйренуге «Достық» үйінде барлық жағдай жасалғанына ризашылық білдірді.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыс¬тық филиалы бақылау-тексеру комис¬сиясының төрағасы Роман Мұсабеков партия филиалдарының кадр-шаруашылық қызметтерінің тексеру қорытындысын жариялады. Комиссия кадрдың жасақталуы, мүшелік жарналардың жиналуы белгіленген тәртіп бойынша атқарылғанын атап өтті. Іс-қағаздары, басшылық тапсырмалары мен бұйрықтары уақытылы, сапалы орындалған.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясының хатшысы З.Тұрысбеков сөз сөйледі. Сыр еліндегі серпінді жобаларға, өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім, құрылыс сияқты жетекші салалардың дамуына, облыс әкімдігіндегі ситуациялық орталық жұмысына жоғары баға берді. «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағалығына Қырымбек Көшербаевтың кандидатурасын қалдыру туралы ұсыныс білдірді. Ұсыныс конференция делегаттары тарапынан бірауыздан мақұлданды. Өз кезегінде аймақ басшысы өзіне сенім артқан партияластарына ризашылығын біл¬діріп, елдің өркендеуі жолында еңбек ете беретінін айтты.
Конференция соңында партия белсенділері партияның «Құрмет грамотасымен», филиалдың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.