Ел егемендігінің ширекғасырлық мерекесіне орай ҚР Парламенті Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясын қабылдады. Жаңа саяси әрі заңдық құжатта азаттық алған жылдардан бермен қарайғы елдің бар жетістігі көрініс тапқан.
Әр аймақтың 25 жылда тындырған шаруасы ұшан-теңіз. Айталық, біздің облыста индустриалды-инновациялық бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып, орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы үшін қолға алынған жұмыстар нәтиже бере бастады. Мәселен, Мемлекет басшысының қолдауымен бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру мақсатында құрылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айқын дәлел.
Бүгінде кәсіпкерлер палатасы өз жұмысын жандандырып, ел экономикасын өрге сүйреуде айрықша белсенділік танытып отыр деп есептеймін. Отандық кәсіпкерлерді бір шаңырақ астына жинауды мақсат тұтқан ұйым бүгінгі күнге дейін еліміздің барлық өңірлерінде аймақтық кәсіпкерлер палаталарын ашып қана қоймай, шағын қалалар мен аудан орталықтарында палата филиалдарының жұмысын ұйымдастырып, кәсіпкерлік қызметті қолдауға нақты қадамдар жасауда.
Мұнан өзге, ауылшаруашылықтың барлық салалары, соның ішінде, агроөнеркәсіп кешендері жанданып келеді. Елбасы тапсырмаларының аймақтарда дер кезінде орындалуы елдің экономикалық әлеуетін көтеруде. Бұл – Елбасының алысты болжай білетін көреген қасиеті мен қазақстандықтардың ортақ жетістігі.
Тәуелсіздік Декларациясы әрбір азаматқа ҚР Тұңғыш Президентінің басшылығымен еліміз жүзеге асырған әр істердің ауқымын сезінуге мүмкіндік беретін болады. Тәуелсіздіктің 25 жылдық Декларациясы барша қазақстандықтардың жарқын жеңістер мен жетістіктердің берік негізін қалайды деп сенемін.
Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер
палатасының директоры.