Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал ауданында жұмыс сапарымен болып, ауданның әлеуметтік-эко¬номикалық дамуына қатысты облыс әкімдігінің көшпелі мәжілісін өткізді.
Қасиет қонған, құт-береке дарыған киелі өңірдің дамуына арналған облыс әкімдігінің көшпелі мәжілісінде аймақ басшысы алдымен Сыр елінің соңғы жылдары серпінді даму сатысына қадам басқанын айтты. Қаржылық дағдарыс пен мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.
– Соңғы 2 жылда елімізде мұнай өндіру көлемі 4 млн тоннаға төмендеді. Оның 2,6 млн тоннасы Сыр еліне тиесілі. Бұл жағдай Сыр елі экономикасының әртараптанып, өзге мүмкіндіктердің іске қосылуына негіз қалады. Нәтижесінде, бүгінгі таңда облыс өңдеу өнеркәсібі бойынша республикада алдыңғы қатардамыз. Тартылған инвестиция көлемі 14 есеге артты. Ақ маржанды мәпелеп өсірген Сыр диқандары төрт жыл қатарынан рекордтық өнімге қол жеткізіп келеді. Құрылыс көлемі 3,5 есеге көбейді. Тәуелсіздік жылдарындағы осынау жетістіктерге Арал халқы қосқан үлес орасан. Ауданда қазіргі таңда балық шаруашылығы қарқынды дамып, өнімдері Еуропаның бірнеше елдеріне экспортталуда. Елбасы қамқорлығындағы өңірдің одан әрі өсіп-өркендеуі үшін «Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы» жобасы дайындалды, – деген аймақ басшысы ауданның келешегі кемелдене беретіндігін жеткізді.
Мәжілісте өңірде жасалған жұмыстар мен қолға алынар жобалар жайында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, аудан тұрақты даму жолына түскен. Жыл басынан бері 2,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, өнеркәсіп орындарында 6 млрд теңгенің өнімі өнідірілген. Ауыл шаруашылығының дамуында да ілгерілеу бар, осы жылы төрт түлікті түлетер бағдарламалар шеңберінде 11 қожалық 54,3 млн теңге несие алып, кәсіп көкжиегін кеңейтуге кіріскен. Сондай-ақ, осы жылы шағын кәсіпкерлік нысандарында 5620 адам жұмыспен қамтылған.
– Ауданда көптен бері шешілмей келе жатқан мәселенің бірі Хан елді мекеніндегі қалқымалы көпірдің жайы болатын. Биыл аталған нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Арал қаласының 6 көшесіне су желілері тартылып, 15 елді мекен жарықтандырылды. Сонымен қатар, бүгінгі күні 2000-дай жеке тұрғын үй мен бірқатар әлеуметтік нысандар көгілдір отын пайдаланып отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында атқарылған жұмыстардың бірі – биыл 6 апаттық жағдайдағы мектеп пен Қаратерең, Аманөткел елді мекендерінде амбулатория құрылысы басталды, - деді аудан әкімі. Сондай-ақ, аудан басшысы Мұхтар Оразбаев облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған «Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасының» жобасын таныстырды.
– Жол картасында Арал ауданын дамытуға мүмкіндік беретін 11 бағыт ай¬қындалды. Картаны 3 жылдық кезеңде іске асыруға барлығы 93 млрд теңгеге жуық қаржы тарту көзделіп отыр. Оның ішінде республикалық бюджеттен 7,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 3,6 млрд теңге, аудандық бюджеттен 350 млн теңге, басқа да қаржы көздерінен 81,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлануда, – деді.
Жалпы Жол картасы аясында 51 іс-шара атқарылмақ. Мәселен, балық шаруашылығын дамыту, аяқ су мәселелерін шешу мақсатында аудандағы «Тұщы-1», «Тұщы-2» көл¬деріне, «Басықара», «Қараарық» каналдарына су шаруашылығы жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, орталық аурухана құрылысы мен Арал қаласындағы 300 орындық №14 мектеп-лицейінің қосымша құрылысын салу жоспарлануда. Тұрғындарды қуантар жағымды жаңалықтардың бірі – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал қаласындағы №2 шағын ауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленетін болады. Сексеуіл кентінде спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын салу да алдағы үш жылдың еншісіне тиіп отыр. Сондай-ақ, жол жөндеу мақсатында 8 жоба жүзеге асырылмақ. Жол картасында индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қарастырылған. Нақтыласақ, индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша 1 жоба, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты бойынша 6 жоба, қызмет көрсету саласын дамыту бағыты бойынша 3 жобаны іске асыру көзделіп отыр. «Бұл жобалар арқылы ауданға 81,7 млрд теңге инвестиция тартылады», – дейді аудан әкімі. Әсіресе, құны 81,3 млрд теңгені құрайтын «Арал Сода» ЖШС-ның «Кальцийлендірілген сода өндіру» жобасы өңірдің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосатын болады.
Жиында Жол картасын дайындауда жетекшілік еткен облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов жобаның жай-жапсары жөнінде хабарлама жасады. Ол өз сөзінде ауданда соңғы жылдары кейбір салалар бойынша төмен нәтиже байқалып отырғандығын, Жол картасы бұл олқылықтың орнын толтыруға қауқарлы екендігін жеткізді.
Аймақ басшысы Жол картасындағы жобаларды талқылау барысында барлық бастамаға қаржы бөлінетінін, ешқайсысы аяқсыз қалмау керектігіне баса назар аударды. Қорытындысында, жұмысшы тобы айтылған өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, алдағы күндерде Жол картасын облыс әкімінің бекітуіне ұсынуды тапсырды.
Осы күні Арал қаласында орталық мешіттің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында есігін айқара ашқан жаңа мешіт сәулетімен, әсемдігімен көз тартады. Демеуші азаматтар қаражатымен бой көтерген киелі нысан 1500 орынға есептелген. Имандылық үйінің ашылу рәсімінде аудан ардагері Шәкірат Дәрмағамбетов сөз сөйлеп, батасын берді. Сонан соң, аруақтарға құран бағышталды.
Нағымжан САУЯЕВ.