Кеше ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің
25 жылдығы декларациясы» қабылданды.
Бірлескен отырыста сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин күн тәртібінде маңызды тарихи құжаттың қаралатынын айтты.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы – өте маңызды тарихи кезеңге арналған құжат. Осы уақыттың ішіндегі барлық жетістіктер мен табыстар, ең алдымен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Сонымен бірге, әрқашанда Президентімізге қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі. Сондықтан, Парламентте осы тарихи құжатты қарастыру Тәуелсіздік мерейтойының ерекше маңыздылығын көрсетеді,-деді.
Депутаттар назарына ұсынылып отырған Декларация мәтінінің жобасын Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов жария етті.
– Елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді. Қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы, оның басты ұстанымдары болды және солай болып қала береді. Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті елу елдің қатарына енді. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стратегиялық құжат болып табылады.
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттік Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізге өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, - деді Қуаныш Сұлтанов.
Сонымен қатар, декларация жобасында Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіргендігі аталып өтілді. Президент Н.Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шешудегі еңбегі жайлы айтылды.
– 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды. Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпау және қарусызданудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталды. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды, - деді Мәжіліс депутаты.
Декларация мәтінінде Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанның әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатып, халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде араласып келе жатқандығы айтылды. Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи жетістіктері болып табылатындығы атап өтілді. Қазақстанның өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосып келе жатқаны баяндалды.
– Тәуелсіздіктің Ұлы Жолы мәңгі болуы тиіс! Елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу қажет. Ел Конституциясында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу. Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыстырушы құндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек, – деді Қуаныш Сұлтанов.
Одан әрі депутаттар Мұхтар Алтынбаев, Нұртай Сабильянов, Серік Ақылбай, Владислав Косарев, Ақан Бижанов, Ирина Аронова, Ольга Перепечина, Азат Перуашев, Елеусін Сағындықов, Бақытгүл Хаменова сөз сөйлеп, декларацияның мәні мен маңыздылығын жан-жақты тарқатты және қолдайтындықтарын білдірді. Маңызды құжат екі Палата депутаттарының шынайы қолдауына ие болып, Декларацияны қабылдау туралы арнайы Қаулы қабылданды.
Мәжіліс Спикері бұл ел тарихында ерекше орын алатын маңызды құжат екенін, болашақ ұрпағымызға қалдыратын бағалы мұра екендігін айтып, жиналғандарды тарихи құжаттың қабылдануымен құттықтады.
Бірлескен отырысқа ҚР Премьер-министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Конституциялық кеңес, ҚР Жоғарғы сотының төрағалары, Үкімет мүшелері мен ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр Кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Пікір
ЖЕТІСТІГІМІЗДІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қа¬зақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» – тарихи мәні зор құжат. Елдігіміз бен егемендігіміздің өміршеңдігін көрсететін бұл тарихи құжатта Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетіміз қол жеткізген жетістіктері егжей-тегжейлі көрсетілген.
Декларация заманымыздың аса көрнекті қайраткері, еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін айшықты көрсетіп, сонымен бірге халқымызды жаңа жасампаз істерге бастайтындығымен құнды.
Біз қысқа уақыт ішінде басқалармен терезесі тең мемлекет құра алғанымызды және жас республиканың небір сынақтарға төтеп бергенін лайықты мақтаныш етеміз. Бұл – миллиондаған қазақстандықтар мен ел сенімін арқалаған Елбасының ерең күш-жігері.
Мемлекет басшысы жалпы жаһандану мен ХХІ ғасырдың қарқындап келе жатқан сын-қатерлері жағдайында еліміз үшін жаңа жиектер мен жаңа мүмкіндіктерді ашты. Президенттік бағдарды басшылыққа ала отырып, 25 жыл ішінде қазақстандықтар стратегиялық құжаттар негізінде идеяларды шындыққа айналдырды.
Елбасының еңбегіне орынды баға берген декларация мемлекет дамуының негізгі кезеңдерін және қалыптасуын қамтитын салтанатты саяси-заңды құжат болып табылады.
Сейілбек ШАУХАМАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің
төрағасы.
ЖАҢА ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ ЖАРҚЫН ОҚИҒА
Халық қалаулылары қабылдаған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» еліміздің жаңа тарихындағы жарқын беттердің бірі болып қалатыны анық.
Декларация заманымыздың аса көрнекті қайраткері, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның аз жыл аясында бағындырған белесін баяндайды. Әрі бұл Қазақстан халқының береке-бірлігінің жарқын көрінісі.
Еліміздің ғасырлар бойғы үміті, қол жетпестей сағымды арманы тек 25 жыл бұрын ғана Елбасы бастауымен шынайы өмірге айналды. Бүгінде біз жер жүзіне танылған еркін елдің өкілі екендігімізді әлем халықтарының алдында мақтанышпен айтамыз.
Қазақстан әлемге өзінің саяси-экономикалық бағытын мойындатып, континенттер тағдырын шешетін дамыған мемлекеттердің қатарынан өз орнын алды.
Өз басым «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын» ширек ғасыр ішінде шираған ел мен оны бастаған Елбасы еңбегіне берілген ең жоғары баға деп қабылдаймын.
Ақтолқын СУНГУР,
облыстық «Азаматтық Альянс»
қауымдастығының төрайымы.
БАРШАМЫЗДЫ БІРІКТІРЕ ТҮСЕДІ
Кеше ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» қабылданды. Маңызды құжатты мұқият оқып шықтым. Сүйсінерлігі, егемен еліміздің елдігін көрсететін бұл тарихи құжатта азаттықтың самалымен тыныстаған ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз түгел қамтылыпты. Осы маңызды құжатта атап көрсетілгендей, Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз ерен еңбек сіңірді. Елбасы жүргізген сындарлы саясаттың арқасында Тәуелсіздіктің 25 жылында біздің мемлекетіміз биік белестерді бағындырды. Ел экономикасы қарқынды дамып, тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Еліміз биік халықаралық беделге ие болды. Мұндай жетістікке Мемлекет басшысының байыпты бастамалары және берекелі бірлігіміздің, табанды да тынымсыз еңбектің арқасында жеттік.
Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артық болатынын, ата-бабамыз сан ғасыр бойы арман еткен Тәуелсіздіктің халқымыздың аса зор құндылығы екендігін үнемі айтып келеді. Ел Президенті атап өткендей, «Мемлекеттің тыныштығы мен елдің бірлігін сақтап, дамыту Президенті бастап, елі қостаған кезде ғана баянды болмақ».
Шынтуайтында, Тәуелсіздік алған жылдарда Қазақстанның Қарулы күштері еліміздің сенімді қалқанына айналды. Президент - Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, оның шекарасының мызғымастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті Қарулы Күштерді түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті.
Тәуелсіздікке қол жеткен бүгінгі дәуірде іштегі, сырттағы ұлтымыздың рухы өрледі. Өз басым осы бірегей құжаттың баршамызды баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне бек сенімдімін.
Қайраддин БАЙМАХАНОВ,
«Ерлік» үйлестіру кеңесі» ҚБ төрағасы.