Әлемде халықаралық үлгідегі керемет автожолдар екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Еуропада көптеп салына бастады. Германия, Италия, Голландия, Франция секілді елдер бұл тұрғыда әлемдік көшбасшылар қатарына енді. Ал кешегі Кеңес Одағында, оның құрамына енген республикаларда автожол проблемасы жылдар бойы өткір проблемаға айналды. Бұл өзекті мәселе, шынтуайтына келгенде, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында Елбасының тікелей қамқорлығымен ғаламдық деңгейдегі құрылысқа айналған еді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің елі¬міз аумағы арқылы өтетін учаскесінің қашықтығы 2787 шақырымды құрап, 5 облыстың аумағын кесіп өтеді. Ал біздің облыс ау¬мағынан өтетін қашықтығы 812 шақырымды құрайды.
Алдағы уақытта Қызылорда қаласынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі ұзындығы 246 шақырымды құрайтын автомобиль жолы ақылы жолдардың санатына енетін болады. Аталған жолда спутниктік өлшем құралдары орнатылып, жолдағы кез келген көлік құралдарының жүру жылдамдығы мен жүк салмағының мөлшерлерін қадағалап отыру мүмкіндіктері жасалады. Бұл жолдағы жүргізушілердің жауапкершілігі мен жол қозғалысының ережелерін сақтаудағы міндеттерін арттырады. Аталған жұмыстар Халықаралық қайта құру және даму банкі өкілдерімен де жиі тексерілуде.
Жобаның 85 пайызы Бүкілдүниежүзілік банк есебінен, 15 пайызы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Жолдың өн бойында демалатын орындар, сервистік қызмет көрсету ғимараттары орналасатын болады. Жолды қайта жаңғырту жұмыстары 2010 жылы басталды. Жобаға қазақстандық бас мердігер компания мен 12 қосымша мердігер компания қатысты. Олардың қатарында «Салини» АҚ, «Аккорд Окан», «Евраскон», «Импреза», «Тодини» сияқты компаниялар бар.
Жол жұмыстарының сапасын бақылауға Кореядан, Англиядан және Қазақстаннан бірқатар компаниялар тартылып отыр. Жалпы, Қызылорда өңірінен өтетін жол учаскелерін салу үшін тиімді технологияларды пайдалану маңызды талап ретінде қарастырылуда. Себебі, Қызылорда облысының егіншілігі суармалы, жол бойының жиегінде күріш алқаптары орналасқан. Сондықтан егістік алқаптары жақын орналасқан жол учаскелерінің табанына ылғалға төзімді материалдар төселеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін 3 мыңға жуық техника, 5400-ден астам адам күші тартылды. Жұмыс күшінің 65 пайызы жергілікті жердің адамдары болып табылады. Қалғандары Қазақстанның басқа аймақтарынан, шетелдерден келген мамандар.
Жол құрылысының басталуы жергілікті құрылыс индустриясының дамуына ерекше серпін берді. Жаңақорған, Шиелі аудандарында қиыршық тас зауыттар, Қызылорда қаласында битум зауыты пайдалануға берілді. Жергілікті «Дорстрой», «УАД» секілді жол ұйымдары жемісті жұмыс істеді. Олар үшін «Техмаман» оқу орталығы мамандар даярлады. Мердігерлер жергілікті тауар өндірушілердің жанармайын, азық-түлігін пайдаланды. Жол құрылысы аяқталысымен оның бойында халықаралық стандарт талаптарына жауап беретін қонақүй-кемпингтер, тамақтану, техникалық қызмет көрсету орындары салынып, іске қосылуда.
Ж.ӘЛМАХАН.